Accessibility links

Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіру: 10 жыл толастамаған дау


Алтынбек Сәрсенбайұлы оппозициялық саясаткер Заманбек Нұрқаділовті жерлеу рәсімінде журналистерге сұхбат беріп тұр. Алматы, 15 қараша 2005 жыл.
Алтынбек Сәрсенбайұлы оппозициялық саясаткер Заманбек Нұрқаділовті жерлеу рәсімінде журналистерге сұхбат беріп тұр. Алматы, 15 қараша 2005 жыл.

Оппозиция жетекшісі Алтынбек Сәрсенбайұлын қастандықпен өлтіргеннен бері 10 жыл өтті. Бірақ «Қастандыққа тапсырыс беруші кім? Қандай елге айналдық?» деген дау әлі толастаған жоқ.

Оппозиция жетекшісі Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі көмекшісі Василий Журавлев пен Бауыржан Байбосынды 2006 жылы ақпанның 11-і күні ұрлап әкеткен.Оққа ұшқан үшеуінің мәйіті екі күннен кейін, яғни ақпанның 13-і күні Алматы іргесіндегі тау бөктерінен табылған болатын.

Халықаралық резонанс тудырған қылмысқа қатысты жүргізілген тергеу амалдары мен сот процесін қоғам жіті бақылады. Қастандықты «кек алу мақсатымен» ұйымдастырушы деп танылып, сотталған сенат аппаратының бұрынғы басшысы Ержан Өтембаев пен ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) бұрынғы офицерлерінің кейбірі жазасын өтеп, еркіндікке шықты. Бірақ қоғамның, әсіресе Алтынбек Сәрсенбайұлы жақтастарының көкейіндегі «нағыз қылмыскерлер сотталды ма?» деген күдік 10 жылдан бері сейілмей келеді.

ЖАҢА ЗАМАН ТАРИХЫНЫҢ ЖҰМБАҒЫ

Азаттық тілшісімен әңгімелескен жәбірленуші тарап өкілі әрі оппозиция белсендісі Маржан Аспандиярованың айтуынша, «Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге тапсырыс берген кім?» деген ең басты сұрақтың жауабы әлі жоқ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ: Алтынбек Сәрсенбайұлының өмірі мен өлімі

2006 жылы жабық режимде өткен сот процесінде Ержан Өтембаевтың президент Нұрсұлтан Назарбаевқа жолдаған «мойындау хаты» тексерілген. Аспандиярованың айтуынша, ол кезде тергеу органдары әлгі хатты «қастандыққа Ержан Өтембаев тапсырыс берген» деген болжамға сендіру үшін пайдалануға тырысқан. Әлгі болжамға сәйкес, Сәрсенбайұлы сұхбаттарының бірінде Өтембаевты жамандаған, сондықтан Өтембаев кек алу мақсатында, яғни «Сәрсенбайұлының сазайын дұрыстап беру үшін» арнайы қызметтің бір топ офицерін жалдаған.

2006 жылы наурыздың 2-сі күні сенат отырысында сөйлеген сөзінде Назарбаев Ержан Өтембаев «қылмысын мойындаған хат» жазды деп мәлімдеген болатын. Назарбаевтың айтуынша, Өтембаев әлгі хатында кінәсін толық мойындап, «бұл қылмысқа марқұм намысыма тигендіктен әрі еш қысымсыз бардым» деп жазған.

Бірақ кейін Ержан Өтембаев «полицияның бұрынғы офицері Рустам Ибрагимовке Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіру жайлы тапсырыс берген жоқпын, тек ұрып-соғуды ғана сұрадым» деп мәлімдей бастады. Ибрагимов қастандықты ұйымдастырудағы Өтембаевтың рөліне қатысты қайшы түсініктер бергеннен кейін жағдай тіпті шатасты. Ал Өтембаев қастандықты ұйымдастырушы ретінде 2006 жылы 20 жылға сотталған болатын.

2014 жылы сот Өтембаевтың «қастандыққа тапсырыс беруші» статусын «қылмысқа айдап салушы» деп өзгерткеннен кейін «Тапсырыс беруші кім?» деген сұрақтың жауабын анықтау тіпті қиындады. Маржан Аспандиярованың айтуынша, судья жәбірленуші тараптың қылмысқа түрткі болған нағыз себептерді анықтауға тырысқан әрекетін «іске қатысы жоқ» деген уәжбен тойтарып тастаған.

Аспандиярова «Сәрсенбайұлы мен оның көмекшілерін қастандықпен өлтіруге қатысты туындаған сұрақтар уақыт өткен сайын тіпті көбейіп барады» дейді. Жәбірленушілер мен олардың өкілдері қастандыққа «нақты тапсырыс берушіні» табуды талап етіп, билікпен әлі дауласып келеді. Жәбірленуші тараптың мәлімдеуінше, 2006 жылы тергеушілер президенттің сол кездегі күйеуабаласы Рахат Әлиевтің есімін атаудан қашқақтаған. Енді олар «Сәрсенбаевты өлтіруге тапсырыс беруші ретінде 2013 жылы Рахат Әлиевті көрсете бастаған тергеушілер мен прокуратураның бұрынғы және қазіргі позициясы арасында қайшылық бар» деп мәлімдейді.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеубаласы Рахат Әлиев.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеубаласы Рахат Әлиев.

Рахат Әлиев жұртты дүрліктірген «Өкіл қайыната» кітабында Алтынбек Сәрсенбайұлын қастандықпен өлтіруге тапсырыс берген адамдарды елдің жоғарғы басшылығы арасынан іздеу керек деп жазған болатын. Өзге қылмыстық іс бойынша сот процесін күтіп отырған Әлиев 2015 жылдың ақпанында Австрия түрмесінде қайтыс болды. Австрия билігі Рахат Әлиев «өзіне қол салған» деп мәлімдеді.

Оппозициялық саясаткер Әміржан Қосанов Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның көмекшілерін қастандықпен өлтіруге қатысты шындықты ашуға кланаралық тартыстың себі тиіп қалуы мүмкін деп санайды. Қосановтың болжамынша, Сәрсенбайұлын өлтіру туралы шешімді күштік құрылымдарға пәрмені жүретін ықпалды күштер мен адамдар қабылдаған. Оппозициялық саясаткер «әлгі адамдар билікте (немесе билік маңында) отырған кезде бұл қылмыс жайлы шындық ашылмайды» деп санайды.

- Бірақ ерте ме, кеш пе, әділдік бәрібір салтанат құруы тиіс. Оның үстіне, Назарбаевтан кейінгі кезең қарсаңында күшейіп бара жатқан кланаралық тартыстар үздіксіз ақпараттық шайқастың кезекті кезеңіне қозғау салып, қастандық жайлы шындықты тараптардың бірі жариялап қоюы мүмкін, - деп үміттенеді Әміржан Қосанов.

ҮМІТТЕР СЕЙІЛГЕН КЕЗЕҢ

Алматылық журналист Гүлжан Ерғалиеваның пікірінше, Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі көмекшісіне, ал одан үш ай бұрын оппозициялық саясаткер Заманбек Нұрқаділовке жасалған қастандық (оны қастандықпен өлтіргеніне Ерғалиева шәк келтірмейді) Қазақстанның қазіргі заман тарихын екі кезеңге - екі қастандыққа дейінгі және олардан кейінгі кезеңге бөлді. Ол бірінші кезеңді «үміттер кезеңі» деп атайды. Оның айтуынша, бұл кезеңде экономикада нарықтық қатынастарға бетбұрыс басталып, кәсіпкерлік еркін дамыған, қоғамда саяси партиялар пайда болып, сайлау кезінде аз да бәсеке байқалған.

Журналист Гүлжан Ерғалиева. Алматы, 7 қазан 2015 жыл.
Журналист Гүлжан Ерғалиева. Алматы, 7 қазан 2015 жыл.

- Сайлау кезінде дискриминация болғанымен, бәсекелестік процесінің нышаны бар еді. Ол кезде парламент пен мәслихат депутаттығына ұсынылған кандидаттар қиындықсыз тіркеліп, тәуелсіз БАҚ жұмыс істеді, үгіт-насихат жүргізу мен жиын өткізу мүмкіндігі болды, - дейді Ерғалиева.

Ерғалиеваның болжамынша, Заманбек Нұрқаділов пен Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның көмекшілерінің қазасынан кейінгі үш-төрт жыл ішінде демократиялық процестер баяулап, тоқырауға ұласты. Оның болжамынша, егер жағдай бұлай жалғаса берсе, мемлекет банкротқа ұшырап, елде тұрақсыздық орнауы, азамат соғысы және өзге де экономикалық және саяси апаттар болуы мүмкін.

Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасынан кейін елде қалыптасқан жағдайды жалпыұлттық социал-демократиялық партия жетекшісі Жармахан Тұяқбай да түңілген сарында бағалайды.

ЖСДП партиясының жетекшісі Жармахан Тұяқбай(алдыңғы қатарда, сол жақта) мен Алтынбек Сәрсенбайұлы (оң жақта).
ЖСДП партиясының жетекшісі Жармахан Тұяқбай(алдыңғы қатарда, сол жақта) мен Алтынбек Сәрсенбайұлы (оң жақта).

- Біржақты ғана дамып, шикізат ресурстарына тәуелді болғандықтан, ел экономикасындағы жағдай нашарлап барады. Бұрыннан шешілмей келе жатқан әлеуметтік проблемалар тіпті тереңдей түсті. Ал демократиялық процестер мен саяси реформаларға келсек, басқарудың демократиялық формаларына елдің астан-кестенін шығармай, жайлы жолдармен өтудің орнына, ел орнықты әрі өркениетті бағытта дамуы үшін тиісті саяси реформаларды тіпті Назарбаевтан кейінгі заманның өзінде күйзеліссіз жүргізу мүмкіндігінен айыратын автократия тартпасы бізді барған сайын өз иіріміне батырып барады, - дейді Жармахан Тұяқбай.

Билікшіл коммунистік халықтық партия (КХП) жетекшісі Владислав Косарев оппозициялық саясаткерлердің қазіргі кезең мен келешекке қатысты көзқарасымен келіспейді. Оның айтуынша, КХП-дан өзге қазақстандық оппозиция либерал-буржуазиялық идеологияны басшылыққа алады. Оның пікірінше, бұл - «Алға» (кезінде сот шешімімен тыйым салынған), Алтынбек Сәрсенбайұлы биліктен кеткеннен кейін құрамына кірген «Нағыз Ақ жол» және ЖСДП партияларының бәріне ортақ кемшілік.

Бірақ Косарев «буржуазиялық идеология елді тығырыққа тірейтінін билік өздігінен әрі КХП ықпалымен түсініп, халыққа бет бұрды» дейді. Косаревтің айтуынша, қазір дағдарыс ел мен билікті емес, биліктен де, халықтан да қол үзіп қалған Қазақстанның либерал оппозициясын жайлап тұр.

ЭПИЛОГ ОРНЫНА

Үш кісінің қазасына себеп болған қастандыққа қатысты іс бойынша 2006 жылдың тамызында 10 адам сотталды. Ержан Өтембаев 20 жылға бас бостандығынан айырылды, бірақ оның жартысына жетер-жетпес мерзімін өтеп, еркіндікке шықты. Істі қайта қараған сот оның жаза мерзімін 13 жылға дейін қысқартып, Өтембаев мерзімінен бұрын шартты жазамен босау мүмкіндігін алды. Түрме басшылығы «кілең мақтау алды, тәртібі түзеле бастады, көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысты» деген уәжбен оған «жағымды» мінездеме берді.

Алтынбек Сәрсенбаевты өлтірді деп айыпталған Рустам Ибрагимов сот залында отыр (фото монитордан түсірілген). 27 қаңтар 2014 жыл.
Алтынбек Сәрсенбаевты өлтірді деп айыпталған Рустам Ибрагимов сот залында отыр (фото монитордан түсірілген). 27 қаңтар 2014 жыл.

Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның көмекшілерін өлтірді де айыпталған Рустам Ибрагимов ату жазасына кесілді. Бірақ елде өлім жазасына мораторий жарияланғандықтан, Ибрагимовтың үкімі өмір бойы түрмеге қамауға ауыстырылды.

Қалған айыпталушылар ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты «Арыстан» арнайы бөлімшесі офицерлері болып шықты. Олар әртүрлі мерзімге сотталды. Іске қатысты өзге айыпталушыларға қару-жарақ берген оперативтік кезекші подполковник Ерғали Қасымов ең аз мерзімге – үш жылға сотталды. Оның бостандыққа шыққанына талай уақыт болды.

«Арыстан» арнайы бөлімшесінің 11 жылға сотталған тағы бір бұрынғы қызметкері Ерлан Ералиевті былтыр тамызда мерзімінен бұрын шартты жазамен босатқан.

Алтынбек Сәрсенбайұлына жасалған қастандықтан кейін араға бірер ай салып оның әпкесі Бақытгүл, анасы Күлихан және әкесі Сәрсенбай өмірден озды.

Алтынбек Сәрсенбайұлының жұбайы Салтанат Атушева ерінің бейіті басында отыр. Алматы, 11 ақпан 2012 жыл.
Алтынбек Сәрсенбайұлының жұбайы Салтанат Атушева ерінің бейіті басында отыр. Алматы, 11 ақпан 2012 жыл.

Василий Журавлевтің жесірі Ольга ерінің қазасын көтере алмай бір жылдан кейін қайтыс болды. Екеуінің артында жалғыз қалған қыздары Татьянаның денсаулығы нашар.

Ал Бауыржан Байбосын бойдақ болатын. Оның әкесі қазір өзінің әкесі, яғни Бауыржанның қарт атасына күтім жасап, Ташкентте тұрады.

Ержан Өтембаевтың әйелі Людмила Тен ері түрмеде отырған кезде - 2014 жылдың сәуірінде дауасыз дерттен қайтыс болды. Азаттық тілшісінің есінде ол кісі ерінің қамын ойлап, оны беймаза журналистер мен өзгелерден қызғыштай қорыған қайратты әйел ретінде қалды.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG