Accessibility links

Қазақстанда шенеуніктің шын байлығын білу қиын


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен жоғары лауазымды шенеуніктер. Прага, 23 қазан 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен жоғары лауазымды шенеуніктер. Прага, 23 қазан 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстанда кей шенеуніктер кіріс және мүлік декларациясын жариялай бастады. Ал мамандар «шенеунік мүлкін анықтау мүмкін емес» дейді.

Маусымда Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Самат Ескендіров «Нұр Отан» партиясының «Өзіңнен баста!» науқаны аясында 2012 жылғы табысын жария етті. «Табысым – он жарым миллион теңге, үйім мен 5 сотық жерім бар» дейді ол, әкімдік баспасөз қызметінің дерегінше.

Азаттық тілшісі табыс және мүлік декларациясы шенеуніктің (яғни мемлекеттік қызметкердің) мүлкін қаншалықты дәл анықтайтынын зерттеп көрді.

«ДЕКЛАРАЦИЯМЕН ҰРЫ ҰСТАУ МҮМКІН ЕМЕС»

Қазақстанда мемлекеттік қызметкерге педагогикалық, ғылыми, шығармашылық жұмыстан басқа кәсіппен айналысуға тыйым салынған. Жемқорлықпен күрес туралы қазіргі заң бойынша олар жылына бір мәрте табыс және мүлік декларациясын тапсыруға тиіс. Бірақ оны БАҚ арқылы жариялауды міндеттейтін норма жоқ.

Бірқатар азаматтық белсенділер шенеуніктің шығынын да бақылайтын және жақын туыстарының кірістерін де ескеретін "табысты жаппай декларациялау" туралы заң қабылдауға шақырады. Салық комитеті мұндай заң жобасының әзірленіп жатқанын айтады. Ал әзірше "Нұр Отанның" кампаниясына сәйкес декларациясын БАҚ арқылы ашық жариялауды "өзінен бастап" жатқан шенеуніктердің бірі - 2012 жылғы табысын жариялаған білім және ғылым вице-министрі Мұрат Әбенов.

Қазақстан білім және ғылым вице-министрі Мұрат Әбенов.

Қазақстан білім және ғылым вице-министрі Мұрат Әбенов.

– [Декларациямды] төрт-бес рет жарияладым. Толтыру қиын емес. Жасыратын мүлкім жоқ. Жерді, пәтерді көрсеттім. Не көрсететінің Қазақстан салық кодексінде тұр, сол бойынша өткіздім, – деді ол.

Бірақ Азаттыққа пікір білдірген азаматтардың кейбірі қазір жарияланып жатқан табыс және мүлік декларациясының растығына күмән келтірді.

Вице-министр Әбеновтің өзі де декларациямен ұры ұстау мүмкін емес екенін, шенеуніктің мүлікті өз атына тіркемейтінін айтады.

Оппозициялық саясаткер Серікболсын Әбділдин де осындай пікірде.

– Декларация дегеннің өзі – Қазақстанда ойыншық. Мемлекеттік қызметкерлер, министрлердің банкі бар, басқасы бар, байлығын жамағайынына, жақын бір жолдасына тіркейді, – дейді ол.
Кіріс және мүлік декларациясы

​Декларация тапсыратын мемлекеттік қызметкерлер:
• банктегі қаражатын (есеп-шотын),
• құнды қағаздарын, акциялары мен жарғылық капиталдағы үлестерін, құрылтайшы мәртебесін,
• траст немесе ондағы бенефициар мәртебесін,
• қаржы немесе мүлікті басқару, одан түскен пайданы бөлісу туралы келісімдерін,
салық төлеуі тиіс жеке мүліктері мен басқа да табыстарын көрсетуге міндетті.

Декларация – мемлекеттік құпия. Салық органы оны арнайы сұратқан тиісті мекемеге ғана береді. Ал оны жариялау мәселесін шенеунік өзі шешеді.

Заңгер Жангелді Сүлеймановтың ойынша, декларацияға «қолданатын мүлік» деген ұғымды да енгізу керек.

– Шенеунік байлығын атына тіркемей, үшінші тұлғаға жазады. Ал өзі қымбат көліктер мен үйлер, басқа да байлықты пайдаланады. 10 жыл бұрын шенеунік шығыны да бақыланатын. Ірі сауда жасаса, ақша қайдан келгені сұралатын. Ол заңды жойды. Қазір шенеунік мүлкін анықтау мүмкін емес, – дейді ол.

Азаттық осы мәселе туралы салық комитетіне сұрау салған еді. Комитет жазбаша жауабында «Мемлекеттік қызметкердің декларациясы тіркеу мәліметтерімен салыстырылады. Мәлімет сәйкеспесе, әкімшілік жаза қолданылады. Өйткені ел тұрғындарының 5,2 пайызы ғана декларация тапсырады. Осыған орай табыс және мүлікті жаппай декларациялауға көшу туралы шешім қабылданды» дейді.

Мамандардың пікірінше, кейбір мемлекеттік қызметкерлердің қазіргі декларация тапсыру кезінде үшінші тұлғаның атына жазып жасырып қалатын кіріс көзі табыс және мүлікті жаппай декларациялау туралы заң қабылданған кезде мәлім болуы мүмкін.

Салық комитеті Қазақстанды кіріс пен мүлікті жаппай декларациялауға көшіру үшін заң жобасын әзірлеп жатқанын, жобаға шенеуніктің шығынын бақылау да енетінін жазған. Яғни мемлекеттік қызметкер қомақты ақшаға сауда жасаған жағдайда «қаражаттың қайдан шыққаны сұралады».


ЖАППАЙ ДЕКЛАРАЦИЯЛАУ

Саясаткер Серікболсын Әбділдин. Алматы, 22 тамыз 2012 жыл.

Саясаткер Серікболсын Әбділдин. Алматы, 22 тамыз 2012 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2010 жылы «жаппай декларациялауды» 2013 жылы енгізуді тапсырған еді. Бірақ бұл бастама бірнеше рет шегеріліп, кейінге қалды.

​Барлық азаматтарды кірісі мен мүлкін жаппай декларациялауға міндеттеу туралы үкімет тұжырымдамасы бойынша, 2013 жылдан бастап мемлекеттік қызметкерлер, 2017 жылдан бастап барлық жеке тұлғалар салық комитетіне декларация өткізеді.

Саясаткер Серікболсын Әбділдиннің ойынша, бұл шараның кешеуілдеп келген себебі шенеуніктерге байланысты.
Мемлекеттік қызметкерлер

• Лауазымды, мемлекеттік қызмет атқаратын тұлғалар (Президент, үкімет мүшелері, әкімдер, мемлекеттік мекеме қызметкерлері),
• Мемлекеттік қызметкерге теңестірілген тұлғалар – депутаттар, соттар, жергілікті өзін өзі басқару органдарына сайланған, жалақысын бюджеттен алатын және сайлауға кандидат ретінде тіркелген азаматтар,
• Мемлекет үлесі 50 пайыздан жоғары компаниялар мен кәсіпорындарда басшылық қызметте істейтін адамдар.

– "Шенеуніктердің байлығы қайдан келді?" деген сұрақ туады ғой. Сол сұрақ шықпас үшін жыл сайын бұл шаруаны кейінге қалдырып отыр, – дейді Серікболсын Әбділдин .

Ал салық комитеті мүлік пен кірісті жаппай декларациялау заң жобасының әлі жарияланбағанын, 2013 жылы қыркүйекте парламентке ұсынылатынын айтты.

Қазақстандағы лауазымды тұлғалардың байлығы туралы мәліметтердің ашық жарияланбауы Назарбаевтың мүлкі жайлы, басқа шенеуніктердің табысы туралы расталмаған ақпараттардың тарауына түрткі болып отыр.
  • 16x9 Image

    Рахат МАМЫРБЕК

    Рахат 2010 жылдан бері Азаттықтың Алматы бюросында редактор және жүргізуші болып қызмет атқарып келеді. ҚазҰПУ-ді саясаттанушы мамандығы бойынша бітірген. "Қазақстан", "31-арна", КТК және "Алматы" телеарналарында жүргізуші, редактор болып тәжірибе жинаған. Жергілікті телеаудиторияға кең танылған "Күлтөбе" телехабарының авторы әрі модераторы болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG