Accessibility links

Тұтқындалған шенеуніктер қатарына қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Маерманов қосылды


Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Қажымұрат Маерманов.(сурет министрліктің сайтынан алынды)
Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Қажымұрат Маерманов.(сурет министрліктің сайтынан алынды)

Астанада жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа қатысы бар деп, вице-министрлер деңгейінде тағы бір шенеунік құрықталды. Бұл жолы ол елді жаудан қорғайтын Қорғаныс министрлігінен шықты. Алайда генерал-лейтенант Қажымұрат Маермановты министрліктегілер артиллерия құрылымын артық білетін кәсіби маман еді деп сипаттайды.

Заманауи жабдықтың орнына көнерген дүние алынған

Ұлттық қауіпсіздік комитеті баспасөз қызметінің жетекшісі Кенжеболат Бекназаровтың айтуынша, сәуір айының 10-ы күні Ақмола әскери гарнизон соты Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Қажымұрат Маермановты қамауға алған. Оған 82 миллион АҚШ доллары көлеміндегі республикалық бюджет қаржысын тиімсіз жұмсаған деген айып тағылып отыр.

Арнаулы комитеттің мәліметінше, аталмыш қаржы «Найза» дүркіндете ататын реактивтерін сатып алуға және «Семсер» мен «Айбат» артиллерия жүйесін қайта жаңғыртуға бөлінген. Ал Қорғаныс министрінің орынбасары Қажымұрат Маерманов осыны жүзеге асыру барысында израилдік компаниямен келісімшарт жасасқан. Алайда, жоспарланған заманауи жабдықтардың орнына көнерген дүниелер алынған екен.

- Тергеу ісі барысында жоғарыда аталған келісімшарттардың қорғаныс министрінің орынбасары генарал-лейтенант Қажымұрат Маермановтың басшылығымен жасалғаны анықталды. Ол 2006 жылдан бастап аталған фирмалардың мүддесін қорғап келген. Реактивті жүйелерді алу үшін 190 миллион доллардан артық қаржы жұмсалған. Бірақ ол жабдықтарды пайдаланбай жатып, 80 пайызы істен шыққан, - дейді Ұлттық қауіпсіздік комитеті баспасөз қызметінің жетекшісі Кенжеболат Бекназаров.

Ұлттық қауіпсіздік комиетті бұл іске Қажымұрат Маермановтан өзге де Қорғаныс министрлігінің қызметкерлері қатысы бар екенін жасырмайды. Алайда, олардың аттары әзірге аталмады.

- 10 сәуір күні ҰҚК тергеу департаменті қорғаныс министрінің орынбасарына қылмыстық кодекстің 308-бабы бойынша айып тақты. Яғни ол қызмет бабын асыра пайдаланып, соынң салдарынан ауыр зардаптарға әкеп соқтырды деп табылады, - дейді Кенжеболат Бекназаров.

Сондай-ақ Кенжеболат Бекназаров, Израил тарапынан келіссөздер жасаған «ІМІ» және «Soltam Systems» компанияларының ресми өкілі, жақында ғана қамауға алынған израилдік Борис Шейнкман деген азамат екенін растады. Алайда, Маермановтың бұл іске қатысы жоқ дегенді айтады. Оның сөзіне қарағанда, Израиль азаматы бөлек қылмыстық іс бойынша тергелуде. Қалай болғанда да Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұл - Қорғаныс министрлігіне қатысты қылмыстық істің соңы емес екендігін жоққа шығармайды. Себебі, Есеп комитеті бұдан басқа да келісімшарттардың заңсыз жасалғанын әшкерелеген.


Қорғаныс министрлігінде артиллерия құрылымын Маермановтан артық білетін адам жоқ

Ал Қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы Серік Шалов Азаттық радиосына Ақмола әскери гарнизон соты істің мән-жайын толық анықтағанға дейін Қажымұрат Маермановты қамауға алу туралы ақпаратты алғандықтарын айтты.

- Қажымұрат Маермановқа қарсы қылмыстық істің қозғалуына байланысты қорғаныс министрі Даниял Ахметовтің бұйрығымен қызмет міндеттерін атқарудан уақытша шеттетілді. Ал жоғарыдағы жағдайға келетін болсақ, бұл мәселе 2006 жылы Қазақстан мен Израил мемлекеттері арасындағы әскери техникалық қарым-қатынас шеңберінде өрбіген бірқатар келісімдерге қатысты болып отыр, - дейді Серік Шалов.

Оның айтуынша, Қорғаныс саласының мамандары қару-жарақтың сапасын айқындау мақсатында айтарлықтай ауқымды жұмыс атқарған. «Мысалы, 2008 жылдың желтоқсан айында өздігінен жүретін «Семсер» мен «Айбат» артиллерия жүйесін қабылдау барысында бірқатар кемшіліктерді анықтаған болатын. Ол жерде Қазақстан жағынан да, Израил жағынан да кемшіліктер анықталған», - дейді Серік Шалов Азаттық радиосына.

Қорғаныс министрлігінің өкілі Қажымұрат Маермановтың кәсіби біліктілігіне шүбә келтірмейді.
- Ол лейтенант шенінен, генерал шеніне дейін осы артиллерия құрылымында жүріп қызмет атқарған. Осы кісіден артық бұл саланы ұңғыл- шұңғылына дейін, кәсби деңгейде білетін адам жоқ деп айтсам асыра айтпаған болармын. Әскер қатарына шақырылған күннен бастап, артиллерия бөлімінде қызмет атқарды, - дейді Серік Шалов.


Шортандар әлі қармаққа түскен жоқ

Соңғы кездері жең ұшынан жалғасқан жемқорлықпен байланысы бар деп жаппай вице-министрлердің тұтқынға алына бастауына қатысты, Қазақстандағы «Ақ жол» партиясының төрағасы Әлихан Бәйменов «артында мықты тірегі жоқтар ғана ұсталып жатыр» деген пікірін білдіреді.

- Шын мәнінде сыбайласқан жемқорлардың түп-тамырын іздейтін болсақ, алысқа барып керегі жоқ, Астананың сол жағалауындағы жаңа көпірден бастауға болады. Сонан соң, барлық ірі лауазым иелері өздерінің табыс декларациясын ашық жарияласа. Сонымен қатар ірі кәсіпорындарға жеңілдік берген шенеуніктер әшкереленсе, сонда ғана жемқорлықты жоюға болады. Ал әзірше мен орта деңгейдегі оларды шабақ деуге де болмайды, ірі ақбалықтың маңайындағылар ұсталып жатыр деп айтар едім. Бірақ олар шортандар емес, - дейді Әлихан Бәйменов Азаттық радиосына.
XS
SM
MD
LG