Accessibility links

Cарапшылар: Ресейдің "әскери сыйы" тексерілсін


С-300 зымыран кешенінің жанында тұрған беларусь солдаттары. Беларусь, 24 қыркүйек 2009 жыл.

С-300 зымыран кешенінің жанында тұрған беларусь солдаттары. Беларусь, 24 қыркүйек 2009 жыл.

Ресей бес С-300 дивизионын Қазақстанға тегін бермек. Екі елдің біріккен әуе қорғанысы жүйесі келісімін Астана әлі бекіткен жоқ. Кейбір қазақстандық сарапшылар «үкімет жабдықты тексеріп алуы тиіс» дейді.

Ресей мен Қазақстан қорғаныс министрлерінің Астанадағы кездесуінен кейін, қаңтардың 31-і күні Ресей қорғаныс министрінің орынбасары Анатолий Антонов «Ресей биыл Қазақстанға бес С-300 зенит зымыран кешенін тегін береді» деп мәлімдеді.

Бұл дивизиондар бұрын Ресей армиясында әскери кезекшілікте тұрған деген хабар тарады. Ресей қорғаныс министрінің орынбасары Анатолий Антоновтың айтуынша, енді екі елдің әскери мамандары оларды әскери әзірлік жағдайына келтіру мәселесін қарастыруы тиіс.

Қазақстандағы кейбір әскери сарапшылар бұрын пайдаланылған техниканы алудың тиімділігіне де, Қазақстан мен Ресейдің біріккен әуе қорғанысы жүйесін құру туралы келісіміне де сенбейді. Бұл келісімге осыдан бір жыл бұрын Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгудың Астанаға сапары кезінде қол қойылған. Ресей оны 2013 жылдың соңында ратификациялағанымен, Қазақстан құжатты бекітуге асықпай отыр.

РАТИФИКАЦИЯЛАНБАҒАН ҚҰЖАТ

Қазақстанның қорғаныс министрлігі қызметкерлерінің айтуынша, «бес С-300 дивизионын беру мен әуе шабуылынан қорғанудың (ӘШҚ) аймақтық жүйесін құру туралы келісімнің бір-біріне қатысы жоқ».

Министрліктің аты-жөнін атағысы келмеген қызметкерінің айтуынша, бес С-300 дивизионы Қазақстанға келісімді бекіткенге дейін әкелінуі мүмкін.

Келісім-шартқа сәйкес, әуе қорғанысы аймақтық жүйесін екі елдің қорғаныс министрлерінің ұсынуымен Қазақстан мен Ресей президенттері тағайындаған қолбасшы басқарады. Келісімдегі «екі елдің әуе кеңістігінде пайда болған әуе нысаналары арнайы саяси шешім қабылдамай, қолбасшының бұйрығымен жойылады» деген тармақ Қазақстандағы кейбір әскери сарапшыларды алаңдатады. Бұл туралы Азаттық бұрын да жазған еді.

C-300 зымыраны. Ресей, Астрахань облысы, 11 сәуір 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

C-300 зымыраны. Ресей, Астрахань облысы, 11 сәуір 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстанның бұрынғы генералдарының бірінің (аты-жөнін атамауды өтінді) пікірінше, «қағаз жүзінде ғана тең құқығы бар әріптес, ал іс жүзінде «тәуелді» болып қала беретін Қазақстан басшылығын бәрінен бұрын осы жайт алаңдатады».

Қазақстан әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы, генерал-майор Нұрлан Орманбетов жуырда Азаттық тілшісіне берген сұхбатында «екі елдің біріккен әуе қорғанысы жүйесі туралы келісімнен Қазақстан ұтылмайды, бұл келісім елдің әуе кеңістігін берік қорғауды қамтамасыз ете алады, ұлттық егемендікке қауіп төндірмейді» деген еді.

АСТАНА АСПАНЫ

Әскери сарапшылардың айтуынша, қазір Қазақстанның әуе шабуылына қарсы күштері негізінен ескірген зенит-зымыран техникасымен жабдықталған. Ал астана қаласы әуе кеңістігін қазіргі заманға сай ӘШҚ жүйесінен жалғыз С-300 дивизионы ғана қорғайды.

Қазақстан қорғаныс министрлігінің есімін атамауды өтінген жоғары шенді қызметкерінің Азаттық тілшісіне айтуынша, Ресей уәде еткен С-300 дивизионының әрқайсысы екі бөліктен – радиотехникалық және жауынгерлік батареядан тұрады. Оның айтуынша, жауынгерлік батарея - зымыран атқыш үш қондырғы. Әр қондырғыда - төрт, ал бір дивизионда 12 зымыранға дейін болуы мүмкін.

«Қазақстан генералдары кеңесі» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Махмұт Телеқұсовтың айтуынша, Қазақстан мен Ресей біріккен әуе қорғанысы жүйесін құрса, Қазақстанның әуе қауіпсіздігі Ресейге тәуелді болады. Ол «бүгін дос ел болып отырған Ресейге толық сенуге болмайды» дейді.

"Ресей Грузия және Украинамен қанша ғасыр бауырлас ел болды? Ал қазір ше?" дейді генерал Телеқұсов.

Махмұт Телеқұсовтың айтуынша, Қазақстан Ресейдің «әуе қорғанысы қалпағының» астына тығылатын болса, өзінің әуе шабуылынан қорғану жүйесін дамыта алмайды. Оның үстіне өз техникасының құпиясын шетелдіктерге ашпайтын Ресейдің әскери мамандары С-300 жүйесін техникалық жағынан өздері қадағалап отыратын болады.

Әскери академияда оқып жатқан ресейлік қыздар. Ресей, Мәскеу, 22 сәуір 2009 жыл. (Көрнекі сурет)

Әскери академияда оқып жатқан ресейлік қыздар. Ресей, Мәскеу, 22 сәуір 2009 жыл. (Көрнекі сурет)

"Ресей академияларында оқитын шетелдіктерге олар құпия техниканың қыр-сырын үйретпейді" дейді генерал Махмұт Телеқұсов.

Оның айтуынша, Ресей Қазақстанға өзі ұстаған ескі С-300 жүйесін бермек. Ол келген техниканы толық жөндеуден өткізіп, бүкіл құрал-жабдықтарын тексеріп алу қажет деп есептейді.

"Бірде Украинаның "толық жөндеуден өтті" деген жүйесін алғанбыз. Сөйтсек, оның шассиі ғана күрделі жөндеуден өткен екен. Сынақ алаңына шығарғанда бір зымыран мүлде басқа жаққа ұшып кеткен" дейді генерал Телеқұсов.

Ресей мен Қазақстан 1995 жылы ТМД елдерінің әуе шабуылынан қорғану жүйесі туралы келісімге де қол қойған. Оған тоғыз ел - Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан және Украина мүше.

Ал Ресей мен Беларусь біріккен әуе қорғанысы жүйесін құрып алған. Енді Ресей осындай тағы бір келісімді іске асыру үшін Қазақстанды асықтырып жатыр, ал Қазақстан оны бекіту мәселесін созбақтап отыр. Соңғы үш ай ішінде Ресей мен Қазақстан қорғаныс министрлерінің кем дегенде үш кездесуі өтті.

Министрліктегі дереккөздің айтуынша, Ресей ратификациялаған әуе шабуылынан бірге қорғанудың аймақтық жүйесін құру туралы келісім әлі Қазақстанға келген жоқ. Құжат түскен бойда бірден парламент талқысына ұсынылады.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG