Accessibility links

Қазақстанға депортацияланған чешендер мен ингуштар бұрынғы Қызыл Армия күнін ешқашан тойлаған емес


Академик Сұлтан Оздаев отбасымен бірге Қазақстанға депортацияланғанда небәрі 4 жаста болған екен. Алматы, 25 ақпан, 2009 жыл.
Академик Сұлтан Оздаев отбасымен бірге Қазақстанға депортацияланғанда небәрі 4 жаста болған екен. Алматы, 25 ақпан, 2009 жыл.

Совет үкіметінің пәрменімен осыдан 65 жыл бұрын, ақпанның 23-і күні болған бір ғана «Чечевица» деген атпен белгілі операцияның нәтижесінде Қазақстанға 500 мың чешен мен ингуш күштеп көшірілді.

Советтік дәуірде жүргізілген күштеп көшіру науқанын көптеген халықтар: қарашай, балқар, татар, чешен, болғар т.б бастан кешірді.

Бұрынғы совет халықтарына ортақ мереке «Қызыл Армия күнін» ингуш пен чешен халқы тойламайды. Өйткені, 1944 жылы талайларды туған жерінен айырып, талайлардың өліміне себеп болған, күштеп қоныстандыру шарасы дәл осы күні басталды. Оның нәтижесінде 1944 жылдың көктеміне таман 500 мыңға жуық (оның ішінде 91 мыңы – ингуш, 387 мыңы - чешен) адам Қазақстанның солтүстігіне келіп қоныстанды. Академик Сұлтан Оздаев ол кезде небәрі 4 жаста екен. Қоныстану кезін еміс-еміс білем дейді ол:

- Отбасымызда алтау едік. Әке-шешем оған дейін қайтыс болып кеткен еді. Ақпанның 23-іне қараған түні таңғы сағат 3-4-тер шамасында НКВД-нің адамдары Ингушетияның барлық ауылдарын қоршап алды. Әрбір қиылыста әскери күзет тұрды. Үйді-үйдің барлығының есігін қағып, жиналуға 2 сағат уақыт берді. Менің әпкелерімнің айтуына қарағанда, көпшіліктің ұйымдасқан наразылығынан сескенгендіктен мұның барлығын олар жылдам атқаруға тырысыпты. «Егер вагон батыс жаққа жылжыса, онда христиандар арасына, егер шығысқа қарай жылжыса мұсылмандар арасына түсеміз» деп көпшілік болжап жатты. Пойыз шығысқа қарай бет алғанда барлығы да біраз жеңілдегендей болды.

Тарихи деректерге сүйенсек, 1944 жылы екі аптаның ішінде шығысқа қарай 873 мың адам күштеп көшірілсе, 1948 жылдың қазан айына қарай бұл көрсеткіш 2 млн 247 мыңға дейін жеткен.

Наурыздың 7-сі күні бұл «шараның» түсіндірмесіндей КСРО Жоғарғы Кеңесі президиумының Жарлығы шығады:

«Ұлы Отан соғысында әсіресе, неміс-фашистік әскерлерінің Кавказға шабуылы кезінде көптеген чешендер мен ингуштер Отанын сатып кетті, Қызыл Армияның тылына жіберілген немістердің қашқындары мен барлаушылар қатарына қосылды. Жасақталған бандалар немістердің бұйрығымен Советтік билікке күрестерін жалғастыра түсті. Адал еңбектен қолы бос олар көрші облыстың колхоздарына бандалық шабуылдар жасап, советтік адамдарды тонау-өлтірумен айналысты. КСРО-ның Жоғарғы Кеңесінің президиумы төмендегідей қаулы етеді:
Чешен-Ингуш АССР территориясындағы, сонымен бірге оған кіретін аудандардағы чешендер мен ингуштерді КСРО-ның өзге аумақтарына қоныс аударту керек. Ал Чешен-ингуштің АССР-ін жою керек...»

Алайда тарихшылар мұны аталмыш халықтардың тарихына әділетсіз күйе жағу деп есептейді. Олардың дерегінше, совет-герман соғысында 28,5 мың чешен мен ингуш соғысқан. 4 адам Совет Одағының батыры атағына ие болған көрінеді. Ал күштеп қоныс аударту Сталин мен оның айналасындағыларға тоталитарлық режимді нығайту үшін ғана керек болды дейді олар.

Көрген адамдардың айтуынша, депортация кезінде халыққа ешқандай жағдай жасалынбапты. Ішерге тамағы, киерге киімі жоқ халыққа тіптен медициналық қызмет те көрсетілмепті. Дерек бойынша, депортация кезінде 1172 адам көз жұмған.

- Өлген адамдарды көмуге мүмкіндік те берген жоқ. Кішкене оғаш қимыл жасағаның үшін оққа ұшуың мүмкін еді. Жолда адамдар мәйіттерді қармен көмгендей болды. Кейбіреулері келгеннен кейін рәсімдеп көмеміз деп, мәйітті вагонның ішіне тығуға тырысты, - дейді Сұлтан Оздаев.
«Өзге халықтың басындағы қасіретке түсіністікпен қараған қазақ халқының мейірбандығының арқасында осы жерге сіңіп кеттік. Дегенмен де күн көру оңай болған жоқ» дейді ол.

- Біз қоныстанған жер «Ключи к мельнику» деп аталды. Біраз уақыт өткен соң ағам бізді Ақмола облысына көшіріп әкелді. Қиындықтардың барлығы осы жерден басталды. Ақшасын төлей алмағандықтан, пәтерден-пәтерге қатарынан 9 рет көшкеніміз есімде. Аштықтан басым айналып, төсектен тұра алмағаным да есімде қалыпты.

1957 жылы қаңтардың 9-ы күні чешен мен ингуштерді күштеп қоныстандыруды тоқтатып, Ингуш-Чешен автономиясын қалпына келтіру туралы Жоғарғы президиумның Жарлығы шығады. Сөйтіп, 1957 жылдың көктем мен жаз айларында отанына 157 мың адам оралыпты.

Ингуш халқының тағдырына алаңдаулы академик Сұлтан Оздаев «бұл оқиға біткенмен, оның салдары әлі де жалғасын табуда. Ол Кавказдағы ингуш, чешен және осетин ұлттарының арасына жік салып отыр» дейді Ингушетия мен Шешенстан арасындағы әлі күнге дейін жалғасып келе жатқан территориялық таластарды меңзеп.

Қазіргі таңда Қазақстанда шамамен 65 мыңға жуық чешен мен ингуштер тұрады.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG