Accessibility links

Ақмола облысындағы түрме қызметкерлеріне қатысты бірнеше айға созылған сот процесі аяқталып, үкім шықты. Сот прокурор сұраған мерзімнен артық жаза кесті. Айыпталушы жақ «сот үкімі әділ емес» деп отыр.


Сот үкімі кеше Көкшетау қаласындағы ЕЦ-166/23 түзету мекемесіндегі тергеу изоляторында оқылды. Осы үкімге сәйкес, Ақмола облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің бұрынғы жеті офицерінің алды бес жылға дейін бас бостандығынан айрылды.

СОТ ҮКІМІ

Сотталған офицерлер – облыстық қылмыстық атқару жүйесі департамент бастығының орынбасары Сейілхан Тұрмағамбетов (5 жылға сотталды), департаменттің өзге де қызметкерлері Жасұлан Нығметжанов (5 жыл), Мейірболат Нұрғалиев (3 жыл 6 ай), Асхат Сұлтанов (3 жыл 8 ай), Жанболат Қайреденов (3 жыл 7 ай), Қуанышбек Шаяхметов (4 жыл), Қайрат Қалиев (3 жыл 9 ай).

Сот процесіне айыпталушы және жәбірленуші жақтың туыстарына қоса айыпталған офицерлердің әріптестері де түгел келген екен. Бірақ сот залы шағын болғандықтан барлығы сыймай, изолятор маңында үкімді тосып тұрды.

«ҚЫЛМЫС» ПЕН «ЖАЗА»

Өткен жылы жаз айында Державинскідегі (Ақмола облысы) қатаң тәртіптегі колонияда бір топ сотталушы түрме ішіндегі азаптауларға қарсылық танытып, қарындарын ұстарамен тіліп, денелерін жарақаттаған болатын. Тұтқындардың қансыраған кейпіндегі суреттері телефон арқылы тарап, ақпарат құралдарында жарияланып, қоғам наразылығын тудырған еді.

Сотталушылардың айтуынша, бұл наразылыққа қылмыстық атқару жүйесі комитетінен келген арнайы комиссияның әрекеті түрткі болған. Түрмедегі қысым фактілерін анықтау үшін келген комиссия мүшелері керісінше тұтқындарды адам төзгісіз әрекеттер жасауға итермелеп, ұрып-соққан, азаптаған.

2010 жылдың қараша айында ЕЦ-166/26 қатаң режимдегі колониясы қызметкерлеріне қатысты «азаптау» және «қызметі бабын асыра пайдалану» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, наурыз айында сот басталған еді. Жәбірленуші 24 адамның туыстарының айтуынша, сотта куәлік бергізбеу үшін жақындарына сот аяқталғанша қысым көрсетілген.

ҚЫСЫМ КӨРГЕНДЕР ДЕРЖАВИНСКІГЕ ОРАЛМАУЫ КЕРЕК

Бұл сот процесін басынан аяғына дейін бақылаған құқық қорғаушы Ардақ Жанәбілова сот үкіміне көңілі толғанын айтады.

– Айыпталушыларды бас бостандығынан айыру жазасы кесілгендіктен үкім бізді қанағаттандырады. Айталық, «өлім эскадронын» (тұтқындарды азаптауға бағытталған «операция») ұйымдастырған екі адам бес-бес
Алматы және Алматы облысы бойынша түзету мекемелеріндегі адам құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия төрайымы Ардақ Жанәбілова. Алматы, 23 маусым 2011.

жылдан алды. Олар қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша сотталды. Бұл баптар – қысым бойынша 141-баптың 2-бөлімі және «өз қызметін асыра» пайдалану бойынша 308-баптың 4-бөлімі, – деді Ардақ Жанәбілова маусымның 29-ы күні Азаттық тілшісіне.

Құқық қорғаушының пікірінше, Державинск түрмесінде қысымға ұшыраған сотталушылар Ақмола облысынан тұрғылықты мекендеріндегі мекемелерге жіберілуі тиіс.

– Себебі олар – қысым құрбандары. Мұндай жағдай қайталанбас үшін оларды басқа облыстарға жіберу керек, – дейді құқық қорғаушы Ардақ Жанәбілова.

ҚАУІП

Сотқа жәбірленуші ретінде қатысқан сотталушылардың туыстарының бірі Арман есімді азамат (аты-жөнін толық атаудан бас тартты) үкіммен келісетінін айтады. Оның сөзіне қарағанда, туысының түрмеден босап шығуына он ай қалған. Ол да бауырын тұрғылықты жердегі мекемеге ауыстырса деген үміті барын айтады.

«Бірақ қайсысын қай жаққа жіберетіні әлі белгісіз, сондықтан оларды тағы да ұрып-соқпайтынына ешкім кепілдік бере алмайды» дейді Арман. Ол
Бұл процесті жеңіп шыққанмен, оларға 361-бапты ілмек

кейбір жәбірленушілерге жаңадан жаза қосылып кете ме деп қорқатынын да айтты.

– Бұл процесті жеңіп шыққанмен, оларға 361-бапты ілмек, – деді Арман Азаттық тілшісімен сұхбатта.

«ӘДІЛЕТСІЗ ҮКІМ»

Ал айыпталушы офицерлердің бірі Жасұлан Нығметжановтың адвокаты Дариға Асанова өзі қорғап отырған азаматтың кінәсі сотта дәлелденбегенін айтады.

– Сотта көрсетілген дәлелдердің барлығы негізсіз болып шықты. Степнойдағы мекеме жұмысшылары сотта жауап беруден бас тартты. Олар прокуратураның қысым көрсеткенін айтты. Оларды кінәлі деп
Прокурордың өзі Тұрмағамбетов пен Нығметжановқа төрт жылдан сұрап еді, сот оларға бес жылдан берді

тапқан мұндай үкімнің шыққанына да тіпті сене алар емеспін. Прокурордың өзі Тұрмағамбетов пен Нығметжановқа төрт жылдан сұрап еді, сот оларға бес жылдан берді, – деді Дариға Асанова маусымның 29-ы күні Азаттық тілшісіне.

Ол сот үкімін аппеляцияға беретінін айтып, бірақ оның өзгеретініне күмән келтірді. Адвокат «үкімге әлдекімдер әсер етуі мүмкін» деген күдігін де айтты.

– Бүгін сот үкімін таңертең сағат 10-да оқуы тиіс болатын. Біз тергеу изоляторына келген кезде ондағылар судья көлігінің облыстық сотта тұрғанын айтты. Оны 11 жарымға дейін күттік. Пристав келіп, судьяның талқылау бөлмесінде екенін айтты. Кеше судьяға хабарласқан кезде ол «таңертең келе беріңдер» деген болатын. Бірақ, неге екені белгісіз, сағат 3-ке шегерілді. Менің ойымша, шешімге қандай да бір күштер әсер еткен сияқты. Егер үкім дайын болса, оны үшке дейін созудың не қажеті бар. Үкімнің әділ болатынын күткен едік, – дейді Дариға Асанова.

Бұл – түрме қызметкерлеріне қатысты шыққан биылғы екінші сот үкімі. Наурыз айында Алматы облысы Қапшағай қаласында қатаң режимдегі колонияның тоғыз қызметкері «тұтқындарды азаптады» деген айыппен 5-6 жылға бас бостандықтарынан айырылған.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG