Accessibility links

Студенттер девальвациядан кейін стипендия өскенін күтеді


Алматылық студенттер.

Алматылық студенттер.

Өткен аптадағы теңге девальвациясы үйлі-баранды студенттерге қалай әсер етті? Бұл сауалға жауап іздеп, Алматы қаласындағы кейбір студенттік жатақханаларды аралаған Азаттық тілшісі күзет орнаған жатақханаларға кіре алмады.

Күзетшілер Алматыдағы студенттік жатақханаларда жаңадан орнаған тосын тәртіпке қатысты «егер үгіт жүргізу үшін біреу-міреу келсе, қауіпсіздік мақсатында ешкімді ішке кіргізбеңдер деген бұйрық бар» деп түсіндірді

ҮЙЛІ-БАРАНДЫ СТУДЕНТТІҢ МАШАҚАТЫ

Абай атындағы Алматы мемлекетттік университетінде оқитын Ержан Тілепбергенов үйленген, бір баласы бар.

– Келіншегім басқа университеттің коммерциялық бөлімде оқиды. Өзім грантқа түскенмін, 15 мың теңге шәкіртақы аламын. Желілік маркетинг саласында қосымша жұмыс істеймін. Бірақ ол жерде ақша бірде бар, бірде жоқ, – дейді Ержан Тілепбергенов Азаттық тілшісіне.

Жас жігіт жатақханада тұрады. Оның қиындықпен әрең алған бөлмесіне тілшіні кіргізбеді. Әжесі қарап отырған баласын жатақханаға демалыс күндері ғана әкеледі екен.

– Стипендиям памперс, дәрі-дәрмекке, әйелімнің жол ақысына кетеді. Студент Ержан Тілепбергенов. Алматы, 16 ақпан 2014 жыл.

Студент Ержан Тілепбергенов. Алматы, 16 ақпан 2014 жыл.

Келіншегімнің оқуының ақшасын әке-шешесі төлеп отыр. Азық-түлік жағынан да әке-шешеміз қарасады. Девальвация қалтамызды жұқартып кетті. Кейде «несіне ерте үйлендім екен» деп өкінемін, – дейді Ержан Тілепбергенов.

Ержанның үйлі-баранды курстастарының көбі университет жатақханасынан бөлме тимей, пәтер жалдап тұрады. Ержан «Билік уәдесін орындап, сәуірдің 1-інен бастап студенттердің шәкіртақысын 14 пайызға өсіреді деп үміттенемін. Бірақ теңге 19 пайызға құнсызданды ғой» дейді.

– Қазақстан президенті биыл зейнетақы, жәрдемақыны, бюджеттік қызметкерлердің жалақысы мен студенттердің шәкіртақысын өсіреміз деді. Бірақ оны инфляция тез жеп қояды ғой, – дейді саясаттанушы Досым Сәтпаев Азаттық тілшісіне.

Оның пікірінше, ел билігі әлдебір тұйыққа тірелгендей. Девальвациядан кейін бүкіл Қазақстанда баға қымбаттады. Шеттен келетін импорт қана емес, Қазақстанда шығатын тауарлардың да бағасы өсіп жатыр.

– Девальвация монополистерге, бюджет мекемелерінде істейтін қызметкерлерге және студенттерге де ауыр тиеді. Пәтер жалдап тұратын студенттер коммуналдық қызмет ақысын төлейді. Ал Алматыда коммуналдық тарифтер қымбат. Демек, мына девальвация бағаны тағы шарықтатады, – дейді Досым Сәтпаев.

СТУДЕНТ ЖӘНЕ ЖАҢА БАҒА

Алматы қаласындағы сәулет-құрылыс академиясының оқытушысы Владлена (аты-жөнін толық көрсетпеуді өтінді) «билік бұқара халықтың жағдайын ескермейді» дейді.

– Девальвацияны басқа елдердегі сияқты баяу жүргізу керек еді. Әрине, әуелі студенттердің жағдайы қиындайды. Онсыз да жарытып тамақ ішпейтін олардың Жатақханадағы студенттің тамақтанып отырған сәті. Алматы, 8 қыркүйек 2013 жыл.

Жатақханадағы студенттің тамақтанып отырған сәті. Алматы, 8 қыркүйек 2013 жыл.

денсаулығы нашарлайды. Бізде қазірдің өзінде жұрттың көбінің көңіл-күйі түсіңкі. Жастар бағыт-бағдарынан айырылып қалды, қайда бет аларын білмейді. Өйткені оқытушылары да дағдарып қалды, – дейді академия оқытушысы.

Оның пікірінше, стипендия өскенімен, студент оған жарытып күн көре алмайды. Оның үстіне, студенттердің көбі шәкіртақы алмайды.

– Ата-аналар енді баласының оқуының ақшасын қалай төлейді? Мысалы, менің отбасымда екі студент оқиды. Екеуінің оқуына күйеуімнің де, менің де жалақымыз жетпейді. Басқа елдерде болса, бір демде девальвация жасаған үкіметті отставкаға жіберер еді, – дейді оқытушы.

Zertteu Researrch Institute қоғамдық қоры директоры Жәнібек Хасанның пікірінше, девальвация баласын оқуы, тамағы мен киіміне және басқа керек-жарағының негізгі шығынын көтеретін студенттердің ата-аналарына ауыр тиеді.

– Бұл шығындардың негізгі бөлігі теңгелік эквивалентте өзгеруі мүмкін. Қалаларда негізгі тұтынушылардың бірі студенттер екенін ұмытуға болмайды. Әрине, үкімет пен әкімдіктер қолданып жатқан іс-шараларға байланысты, студенттер мен ата-аналардың негізгі шығыны артуы мүмкін, – дейді Жәнібек Хасан.

Сарапшының айтуынша, баласын шетелде оқытып жатқан отбасыларға тіпті қиын тиеді. Теңгенің басқа валюталармен салыстырғанда құнсыздануына байланысты студенттердің оқуы, тұратын орны, оқу құралдары сияқты қажеттіліктеріне жұмсалатын шығын да өседі.
  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG