Accessibility links

Банк пен билікке сенбейтіндер әлі кезекте тұр


Банктен ақшаларын алу үшін кезекке тұрған адамдар. Алматы, 20 қаңтар 2014 жыл.

Банктен ақшаларын алу үшін кезекке тұрған адамдар. Алматы, 20 қаңтар 2014 жыл.

«Банктердің банкротқа ұшырауы» жөнінде тараған жалған SMS-тің мазмұнын банк өкілдері жоққа шығарғанына қарамастан халық салымдарын қайтарып жатыр.

Теңге девальвациясы болған ақпанның 11-інен бері Қазақстан тұрғындары арасында «Альянс банк», Kaspi Bank және «ЦентрКредит банкінің» «банкротқа ұшырағаны» жайлы жалған SMS таралып, жұрт дүрліккен еді. Көптеген салымшылар банктердегі депозиттерін жаппай қайтара бастаған.

Сейсенбі күні аты аталған банк басшылары ақпаратты жоққа шығарып, арандатуға сенбеуге үгіттеген. Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов те арнайы брифинг өткізіп, халықты сабырға шақырған.

Бірақ соған қарамастан екінші деңгейлі банктердегі депозитін қайтарып алғысы келген азаматтардың ұзын-сонар кезегі үшінші күн де қысқарар емес.

ТАҢҒЫ АЛТЫ ЖАРЫМНАН БАСТАЛҒАН КЕЗЕК

Азаттық тілшісі ақпанның 20-ы күні түстен кейін Kaspi bank-тің ЦУМ маңындағы бөлімшесіне барған кезде банк алдында тұрған он шақты адамды көрді. Депозиттерін қайтарғысы келген азаматтарды банк күзетшілері тек бір-бірлеп есіктен кіргізіп тұр.

Кезекте тұрған салымшылардың айтуынша, мұнда таңертеңгі алты жарымнан бастап тізім жасалып, түстен кейін жазылғандар саны 160-қа таяған. Азаттық тілшісі жиналған жұртпен сөйлесіп тұрған кезде есіктен 100-адам кіріп жатты.

ВИДЕО: Банк алдындағы кезек

Есімін Айжан деп таныстырған Алматы тұрғыны банкке қатарынан үшінші күн келіп жүргенін айтады. Ол доллармен құйған салымын қайтарып алған, енді теңгелік салымын ала алмай жүр.

«Алдыңғы күні келген кезде «ақша жоқ, түстен кейін келіңдер» деді. Түстен кейін бара алмадым. Кеше таңертең келіп, кезекке тұрып едік, тағы да ақша бітіп қалды. Түстен кейін барған кезде «тек доллар алып келдік, теңге жоқ» деді. Бүгін сағат 9-да келіп, 61-адам болып жазылып кеттім. Тағы да теңге жоқ деп жатыр» деді Айжан.

Ол депозитін қайтарып алса, уақытша басқа банкке салуды жоспарлап қойыпты.

Банк алдында шай ішіп тұрған Елена есімді қыз «қазір шын мен өтірікті айырудан қалғанын» айтады. 1990 жылдары бар ақшасынан айырылған әке-шешесінің қателігін қайталығысы келмейді.

«Біздегі банк жүйесіне ешқандай үміт қалмады. Ақшамыз жоғалып кете ме деп қорқам. Девальвация да кенеттен болды емес пе. Сол сияқты банктердің де банкротқа ұшырамайтынына ешкім кепілдік бере алмайды. Содан кейін сол ақшаның өзін алу қиын болып қалады» дейді ол.

Елена билік пен банктерге, тіпті БАҚ-қа да сенімі жоғалғанын, «сондықтан мұндай жағдайда тек өзінің күшіне және сәттілікке иек артатынын» айтты.

«ДЕВАЛЬВАЦИЯДАН СОҢ СЕНІМ ЖОҒАЛДЫ»

Банктен не кете алмай, не кезекке тұра алмай екіойлы болып тұрған әйелді сұхбатқа тартқан Азаттық тілшісі оның да депозитін ала алмай жүргенін білді.

«Бүгін ғана өтініш берген едім. Оны тек ақпанның 24-і ғана орындайтынын айтты. Менің пікірімше, олар құқығымды бұзып отыр. Себебі депозитке ақшаны бірден Банк алдында кезекте тұрған жұрт. Алматы, 20 ақпан 2014 жыл.

Банк алдында кезекте тұрған жұрт. Алматы, 20 ақпан 2014 жыл.

қабылдайды да, ал қайтарғанда тек төрт күннен кейін ғана береді. Бұл жақсы нәрсе емес» деп кейіді есімін айтудан бас тартқан әйел.

Ол депозиттегі ақшаға ұлының көлік алғысы кеп жүргенін, енді теңге құнсызданғаннан кейін ол жоспарының орындалмай қалатынына қынжылды.

«Банктерге де, билікке де сенім жоғалды. Бізді алдап соқты» дейді ол.

Бейсенбі күні әлеуметтік желілерде де қолданушылар банктегі депозиттерін ала алмай жүргенін, банктер алдындағы кезектің тарамай тұрғанын жазып жатты.

Tengrinews агенттігінің жазуынша, бейсенбі күні арнайы брифинг өткізген Kaspi Bank басқарма төрағасы Михаил Ломтадзе ақпараттық шабуыл кесірінен банктің 10 пайыз депозитінен (40 миллиард теңге – М.Л.) айырылғанын мәлімдеген. Әу бастан-ақ арандатушыларды тапқандарға 100 миллион теңге көлемінде сыйақы тағайындаған банк бас прокуратураның күдікті «бірқатар азаматтарды анықтағанына» қарамастан сыйақы әлі берілмегенін айтты. Банк осыған орай мыңнан астам адамның хабарласқанын, бірақ банктің дәлел талап етіп отырғанын жеткізді.

Ал бас прокуратура бейсенбі күні ұсталған азаматтардың арасында алматылық заңгерлік компания өкілдері мен банк заңгері барын хабарлаған еді.

Ақпанның 18-і күні «банкрот» туралы қауесетке қатысты брифинг өткізген Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов банктерде жеке азаматтардың кез-келген валютада ашқан депозиттерін мемлекет кепілдендіретінін ескертіп, қазақстандықтарды «арандатушы ақпаратқа бой ұрмауға» шақырды.

Қазақстандағы тәуекелдерді азайту бойынша банктер мен қаржы ұйымдарының қызметін реттеу туралы заңға сәйкес салымшылар банк банкрот болған жағдайда өзі ақша салған әрбір банктен 5 миллион теңгеге дейінгі салымын қайтарып ала алады.

«Альянс банк», Kaspi Bank және «ЦентрКредит банк» – Қазақстандағы екінші дәрежелі банктердің арасында 2013 жылғы тамыз айына дейінгі көрсеткіштері бойынша актив көлемі бойынша алғашқы ондыққа кіреді.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG