Accessibility links

Девальвацияға қарсы жаңа акцияға дайындық


Наразылар митингісі. Алматы, 15 ақпан 2014 жыл.

Наразылар митингісі. Алматы, 15 ақпан 2014 жыл.

Құқық қорғаушылар Алматыда сенбі күні өткен жиынға қатысушыларды жаппай қамап, айыппұл салу заңсыз дейді. Белсенділер келесі наразылық акциясын өткізу үшін биліктен рұқсат алмақ.

Қазақстан адам құқықтары бюросының өкілі Сергей Дувановтың пікірінше, ақпанның 15-і күні теңгенің күрт құнсыздануына наразы жүзден аса адам қатысқан жиын қарусыз, бейбіт сипатта өткен. Ақпанның 18-і күні Алматыда өткен баспасөз жиынында ол «ұсталған ондаған адамға заңсыз айыппұл салып, шерушілердің бірін 10 тәулікке заңсыз қамады» деп мәлімдеді

«Биліктің мұндай әрекеті біздің ел мойындаған халықаралық келісім, конвенция стандарттарына қайшы. Халықаралық конвенцияларға сәйкес, айналаға қауіп төндірмейтін, яғни бейбіт сипаттағы жиын, флешмоб, шеру сияқты кез келген жария акция өткізуге биліктің кедергі келтіруге құқығы жоқ» дейді Дуванов.

Қазақстан адам құқықтары бюросының мәлімдемесінде «биліктің іс-әрекетімен келіспейтінін жария түрде білдіргісі келген бейбіт азаматтарға қарсы зорлық-зомбылық шараларын қолдану арқылы билік Қазақстандағы адам құқығына қатысты көзқарасын мүлде өзгерткісі келмейтінін көрсетіп отыр» деп жазылған.

Ақпанның 15-і күні Республика алаңына келген Алматы қаласы Бостандық ауданының прокуроры Бауыржан Жұмаханов «қала билігі жиын өткізуге рұқсат берген жоқ» деп жариялаған соң, жиынға қатысушыларды жаппай ұстау басталған.
Митингіге қатысушыларды тұтқындаған сәт. Алматы, 15 ақпан 2014 жыл

Митингіге қатысушыларды тұтқындаған сәт. Алматы, 15 ақпан 2014 жыл


Өткен сенбі күні басқалармен бірге ұсталған азаматтық белсенділер Қанағат Тәкеева мен Дильнар Инсенова наурыздың 1-і күні жиын өткізу үшін өтініш бергендерін мәлімдеді.

«Биліктің көздегені – халықтың бағаның қымбаттауына «бой үйреткені». Бірақ қазір заман басқа, мұны кеше әкімдікте де түсіндірдім. 2009 жылы жиынға шыққан кезде үйімізде әлдебір қорымыз, материалдық ресурстарымыз болды, адамдардың жағдайы да тәуірлеу еді. Қазір ол ресурс бітті. Яғни, қорымыз түгесілді, жұмыс жоқ, шикізатқа тәуелді өндірістің түрі анау. Билік сыртқы қарызды өсіргеннен басқа ештеңе істемейді. Сондықтан біз бейбіт жиын өткізу туралы өтініш бердік» дейді Қанағат Тәкеева.

Алматы қаласы әкімдігі ішкі саясат басқарамасының бас маманы Дәурен Қопабаев жиын өткізу туралы өтініш түскенін растады. Өтінішке ресми жауап жиын өткізу жоспарланған күннен бес күн бұрын беріледі деген уәде етілді.

Көптеген құқық қорғаушылар мен Қазақстан адам құқықтары бюросы қызметкерлері «бейбіт жиындар өткізу тәртібі туралы заң Қазақстан Республикасы азаматтары бейбіт, қарусыз жиналып, жиналыс, жиын және шерулер мен пикеттер өткізуге құқылы деп жазылған Қазақстан конституциясының талаптарына қайшы» деп мәлімдейді.

ВИДЕО: Сенбілік жиынға қатысушы Жанар Секербаева

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG