Accessibility links

Жергілікті өзін-өзі басқарудың "аздаған" үлгісі ұсынылды


Ауыл көшесіндегі балалар. (Көрнекі сурет)

Ауыл көшесіндегі балалар. (Көрнекі сурет)

Жергілікті өзін-өзі басқару туралы заңдарды өзгерту жобасының авторлары ауыл әкімі жергілікті өзін-өзі басқару органы міндетін де атқарып, мемлекеттік билік өкілі де болатынын айтады. Депутат ауылда "басқарып, кіріс әкелетіндей" нәрсенің барына күман келтірді.

Жергілікті өзін-өзін басқаруды дамыту мәселелері жөніндегі заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу ауылдың өз бюджеті мен жергілікті өзін- өзі басқаратын коммуналдық меншігін енгізуді көздейді. Елде мұндай екі жарым мыңдай әкімшілік территория бар.

Қыркүйектің 13-інде парламентте заң жобасын таныстырған ұлттық экономика министрі Қуандық Бішімбаев «Ауылдық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ деңгейіндегі жергілікті өзін-өзі басқару бюджеті мемлекеттік бюджеттің төртінші деңгейі ретінде екі мыңнан көп халық тұратын әкімшілік елдімекендерде 2018 жылдан бастап, ал 2020 жылдан бастап жаппай енгізіледі. Жергілікті өзін-өзі басқару бюджетінің кіріс көздері салық түсімдері (алты түрлі), салық емес түсімдер (айыппұлдар, коммуналдық меншіктен түсетін кіріс және өзгелер), коммуналдық меншікті сатудан түскен кіріс, аудандық бюджеттен бөлінген трансферттен құралады» деп мәлімдеді.

Жергілікті өзін-өзі басқару бюджеті жергілікті халық жиналыста талқылағаннан кейін аудандық мәслихатта бекітіледі деп жоспарланған, ал оны орындау міндеті ауыл әкімі аппаратына жүктелмек. Ал мемлекеттік басқару академиясы мен аймақтық мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау орталықтары курстары әкімдер мен аппарат қызметкерлеріне бюджетті жоспарлау мен орындау, коммуналдық мүлікті басқару жолдарын үйретеді деп жоспарланған.

Министр Бішімбаевтың өзі мойындағандай, ауыл әкімі мемлекеттік биліктің өкілі бола тұра енді "аздап" болса да жергілікті өзін-өзі басқарудың да үлгісін көрсетпек екен.

ЖИНАЛЫСТАР МЕН ШЫҒЫНДАР

Қарағанды облысы әкімінің бұрынғы орынбасары, саясаттанушы Берік Әбдіғалиұлы жобада жергілікті тұрғындардың жиналысының мәртебесі анықталмаған деп санайды. Оның пікірінше, әлдебір мәселені талқылау үшін халықты жинау қиын. Мысалы, ауылда үш мың адам тұрса, оның жиналысқа келген 10 пайызының көбі әкімнің достары мен туыстары болып шығуы мүмкін.

- Аудандарда «кеңес» өтіп, әкімді тағайындауы тиіс. Осы мәселені көтеру керек. Бес жыл бойы шеше алмай келеміз. Бірақ келешекте әкім қызметі жойылып, ауылдық кеңес құрылады, ауылдық кеңес төрағасы жергілікті өзін-өзі басқару органы басшысы болады деген стратегиялық жоспар болуы тиіс. Ол есеп беріп, оның жұмысы қадағаланады, бірақ халық өзі жинап, өзі бөліп, жауапкершілікті өз мойнына алады, ал жоғарғы органдар қадағалап, көмектеседі, - дейді Берік Әбдіғалиұлы.

Оппозиция өкілдері жергілікті өзін-өзі басқару заң жобасын талқылайтын жұмыс топтарына кіруге ниетті. Бірақ жобаны таныстыру кезінде олардың кейбірі ғана бірдеңе айтуды ұйғарды.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның Астана филиалының жетекшісі Асхат Рахымжанов Азаттыққа «мұндай жиынға 10 жылда алғаш рет шақырды» дейді. Ол биліктің жергілікті өзін-өзін басқару органдарын құру бастамасын құптағанымен, техникалық кемшіліктері жайлы да айтады.

- Егер мына заңды қабылдап, ал «Сайлау туралы» өзге заңдарды реттемесе, мұның соңы әлеуметтік толқуларға ұласуы мүмкін. Ауыл халқының қандай екенін, олардың онсыз да ақшасы мардымсыз екенін біле тұра, ауылға жұмсалатын шығындар жоспарын өздерінің құруына беріп отырған кезде мәслихаттың бүкіл депутаты – "нұротандықтар" болып шықса және ауылдық округ әкімі "Нұр Отан" филиалының басшысы болып шықса, ауыл халқының жігері құм болады ғой,- дейді Асхат Рахымжанов.

«АУЫЛДА БАСҚАРАТЫН НЕ ҚАЛДЫ?»

Депутат әрі парламенттегі халықтық коммунистер фракциясының жетекшісі Владислав Косарев әзірше мына заң жобасын қабылдаудың мүлде қажеті жоқ, өйткені ауылда басқаратындай, табыс әкелетіндей ештеңе қалған деп санайды.

- Коммуналдық меншікті жергілікті өзін-өзі басқару органдарына беру керек деп жазбақпыз. Ал қазір ауылда жергілікті өзін-өзі басқару органына беретіндей не қалды? Тоз-тозы шығып, қирап біткен оларды аудан алғысы келмейді. Сонда жергілікті өзін-өзі басқару органы құрылып, әлгі тозығы жеткен дүниелерді пайдаланып, әлдебір кіріс көреді деп күтеміз бе? - дейді Владислав Косарев.

Ал «Қазақстан азаматтық альянсы» президенті Нұрлан Ерімбетов тағы да адамдардың әлдебір жауапкершілігі, бұл жолы жергілікті бюджетті бөлу жайлы шешімді қабылдайтындардың жауапкершілігі жайлы айтты. Ол мұны «Қоғамдық кеңестер туралы» заң жобасы талқыланған кезде де ұсынған.

- Ертеңгі күні шешім қабылдайтын адамдардың саяси жауапкершілігін қазір қаншалықты айқындап алдық? Бюджетке қатысты шешімдер аймақты, ауылды дамыту үшін маңызды. Қазір билік кей байбалам салғыштар мен өмірде жолы болмаған бейбақтарды әлдебір кеңестерге тықпалап, жалбақтайды. Әлгі адамдардың жауапкершілігі, әлгі адамдарды сайлау жүйесі қаншалықты айқын? Кейде билік өзінің жанынан әлдебір қоғамдық бірлестік пен кеңестер ашып, оларға кейбір жергілікті жолы болмағандарды кіргізіп, жалбақтайтынын көргенде қатты қынжыласың. Ал адамдар ол жерге байбалам салып, «ақырып-бақыру» үшін келетініне ашуым келеді. Бұлай істеуге болмайды, қатал болу керек, - дейді Нұрлан Ерімбетов.

Бұл репликаға ұлттық экономика министрі Қуандық Бішімбаев «ауыл тұрғындары өз құқығы мен өкілеттігін зерттеп, түсінеді» деп жауап берді. Ол заң қабылданғаннан кейін халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүрігізуге уәде етті.

Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент және ауылдық округ деңгейінде жергілікті өзін-өзі басқару органының өз бюджетін құруды Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Бес институционалдық реформаны іске асырудың нақты 100 қадамы» бағдарламасында тапсырған.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG