Accessibility links

Мәскеуде жол-көлік апаты салдарынан «А-Студио» тобының әншісі қаза тапты


Сәрсенбі күні Мәскеуде қазақстандық танымал «А-Студио» тобының әншісі Бағлан Сәдуақасов жол-көлік апаты салдарынан қаза тапты. Апат Мәскеу уақытымен сағат түскі екілердің шамасында, Звенигород тас жолында болған.

«Мицубиси» автокөлігінің рулінде отырған Бағлан Сәдуақасов КамАЗ жүк машинасына соғылған.

- Әнші сол оқиға орнында тіл тартпай көз жұмды, – деп хабарлады, бейсенбі күні «Азаттық» радиосына Мәскеуден телефон арқылы берген сұхбатында «А-Студио» тобының директоры Евгений Селезнев.

Апат болған жерде жұмыс істеген құтқару қызметі жасақшыларының айтуынша, соққыдан кейін Бағлан Сәдуақасовтың машинасы өртеніп кеткен. Алдын-ала болжамдарға қарағанда, «Мицубиси» жүргізушісі дер кезінде тежеуішті басып, машинаны тоқтатып үлгере алмай қалған.

«А-Студио тобының директоры Евгений Селезнев әзірге қандай да бір болжам жасауға ерте дейді.

- Мен ешқандай түсінік бермеймін, бұл ажал біздің досымыз, әріптесімізді арамыздан алып кетті. Барлығымыз қайғырулымыз, сондықтан әзірге айтарым, Бағлан Алматыда жерленеді. Тамыздың 5-інде сол жақта боламыз.

Қазақстандық сахна жұлдыздарының бірі, скрипкашы Лана Бағлан Сәдуақасовпен студенттік кезден жақсы араласқанын еске алады.

- Біз онымен музыкалық училищеде танысқан болатынбыз. Ол өте ашық, қажырлы әрі тік мінез болатын. «А-студиомен» 1980-жылдардың соңында жұмыс істей бастады. Сосын солармен Мәскеуге аттанып кеткен болатын. Досымыздың өмірден тым ерте озғанына қапалымын, - дейді Лана мұңайып.

Алматыдағы «Хит-ТВ» телеарнасының бас редакторы Ләйлә Сұлтанқызы:

- Мен Бағланмен етене араласқан жоқпын, бірақ оның шын талантты болғанын білетінмін. Сондықтан, Қазақстан эстрадасы үшін бұл үлкен қаза деп есептеймін, - дейді.

Негізі 1987 жылы Алматыда құрылған «А-Студио» тобын ұйымдастырушылар арасында - Батырхан Шүкенов, Байғали Серкебаев, Владимир Миклошич, Болат Сыздықов, Наджиб Вильданов болған. Көп ұзамай, топ құрамына Бағлан Садуақасов қосылды.

Шығармашылық жолының басында «А-Студио» тобы фьюжн, нью-уэйв мәнеріндегі тың материалдарды жазып, орындап жүрді. Отандық поп-музыкаға жаңа леп әкелген топ 1989 жылы танымал ресейлік әнші Алла Пугачеваның театрына Мәскеуге шақырылып, сонда 1993 жылға дейін істейді. Осы уақыт аралығында қазақстандық топ нағыз атақ пен жетістікке жетеді.

Кездейсоқ апат салдарынан қаза болған «А-Студио» тобының әншісі Бағлан Сәдуақасовтың денесі оның Отанында - Алматыда жерленеді.
XS
SM
MD
LG