Accessibility links

Әнші Батырхан Шүкенов дүние салды


Батырхан Шүкеновтің Алматының орталық демалыс паркінде ән салып тұрған сәті. 12 қыркүйек 2014.

Батырхан Шүкеновтің Алматының орталық демалыс паркінде ән салып тұрған сәті. 12 қыркүйек 2014.

Бүгін түнде Мәскеу қаласында белгілі әнші Батырхан Шүкенов қайтыс болды. Ол 53 жасқа сәл ғана толмай өмірден кетті. Ол туған елі мен Ресейде танымал әнші болған.

Жұрт оның әндерін сүйіп тыңдайтын. Концерттеріне толы залдар жиналатын. Композитор, әнші, музыкант Батырхан Шүкеновтың кеше ғана шығармашылық жоспарлары көп сияқты көрінген...

Қазіргі сәтте Батырхан Шүкеновтің сәуірдің 29-ына қараған түні Мәскеу қаласындағы пәтерінде қайтыс болғаны ғана белгілі. Алдын ала болжам бойынша, ажалға жүрек талмасы себеп болған. БАҚ мәліметінше, әншінің сүйегін Алматыға әкелу үшін Мәскеуге бауыры Бауыржан Шүкенов ұшып кеткен. Әншіні қайда және қашан жерлейтіні әзірше белгісіз.

Азаттық тілшісі Батырхан Шүкеновтың достарының бірі - қаралы хабарды түнде естіген әнші-композитор Еркеш Шәкеевпен хабарласты. Ол «Ұлы әнші әрі тамаша адам өмірден кетті. Біздің ұрпақ орны толмас қайғыға душар болды» дейді.

Батырхан Шүкеновтың ресми сайты форумында көңіл айтқан ондаған хабарламалар жарияланған. Түрлі елдерде тұратын жандар «әнші бейнесі жүрегімізде мәңгі қалады» деп жазған. Композиторды жақын танитын әріптестері әлеуметтік желілердегі аккаунттарында «Батырхан Шүкеновтың қазасы – мәдениет үшін орны толмас қаза» деп жазған.

Батырхан Шүкенов өзін ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы ізгі ниет елшісі етіп тағайындаған құжатын көрсетіп тұр. Қараша, 2009 жыл.

Батырхан Шүкенов өзін ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы ізгі ниет елшісі етіп тағайындаған құжатын көрсетіп тұр. Қараша, 2009 жыл.

Қазір Германияда саяси эмиграцияда жүрген театр режиссері Болат Атабаев Facebook желісінде «Сенбеймін! Таңертең «әй, қалжыңбастар-ай! Мен тірімін! деп жымиып шыға келсе ғой! Батырхан!.... Батыр... Сағым дүние!» деп жазады.

Алматылық жазушы Юрий Серебрянский «Батырхан Шукенов қайтыс болды, онымен бірге Алматы да өлді. Иманды болсын. Ауыр хабар. Үйден шықтық. Өмір артымыздан есігін жапты» деп жазады.

Батырхан Шүкенов Қызылорда қаласында орта мектеп оқып жүрген 12 жасында музыкамен әуестене бастаған. Кейін Ленинград мәдениет институтында, Алматы консерваториясында оқыған. Кейін атауы «А’Студио» деп өзгерген «Арай» тобына 1982 жылы қабылданған. Шығармашылығының 13 жылы осы топпен байланысты. Бұл кезеңнің бес жылын Мәскеудегі Алла Пугачеваның ән театрында топпен бірге жұмыс істеген. Көбінесе соның арқасында, және «Рождестволық кездесу» телешоуына қатысудың арқасында «А’Студио» тобы мен Батырхан Шүкенов бүкіл Совет одағына танылды.

«А’Студио» тобында Батырхан Шүкенов жетекші әнші болды. Ол кездегі топтың хит әндерінің көбін жұрт оның дауысы арқылы тыңдады. Сондықтан кейін ол «А’Студио» тобынан кеткен кезде топ тарап кете жаздаған. Батырхан Шүкенов жеке шығармашылықпен айналысу үшін «А’Студио» тобынан 2000 жылы кеткен.

Биыл жыл басынан бері Ресейдің «Один в один» телешоуына қатысып, көрерменге жаңа қырынан таныла бастаған. Жаңа әндер жазуын жалғастырған. «Мне поможет весна», «Письмо души», «Я любил тебя другой» деген әндер - соңғы екі жылдың премьералары. Батырхан Шүкенов хит әндеріне жаңа клиптер түсірген.

Әнші Батырхан Шүкеновті 2009 жылы БҰҰ балалар қоры ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы тұңғыш ізгі ниет елшісі етіп те тағайындаған болатын.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG