Accessibility links

Оқушыларға берілетін ас сапасы қандай?


Мектеп асханасы. Алматы, 13 қыркүйек 2013 жыл.

Мектеп асханасы. Алматы, 13 қыркүйек 2013 жыл.

Алматының бастауыш сынып оқушыларына берілетін ыстық тамақ «белгіленген нормаға сай емес» дейді ата-аналар мен кәсіпкерлер. Ал білім басқармасы бұл пікірмен келіспейді.

Жас ана Карина Кимнің екі баласы бастауыш сынып оқушылары. Оның айтуынша, Алматының Бостандық ауданында орналасқан мектептің «білімі жақсы, дегенмен асханасындағы түскі тегін асы мүлдем нашар».

- Тамағы сұмдық! Кетчуп пен майонезі бар хот-дог пен пицца береді. Менің балаларыма ондайларды жеуге болмайды. Мектеп директорына бірнеше рет арыз жазып, өтініш айттық. Бәрібір сол қалпы, - дейді Карина.

Марина Джегуш. Алматы, 11 қыркүйек 2013 жыл.

Марина Джегуш. Алматы, 11 қыркүйек 2013 жыл.

Алматының тағы бір тұрғыны Марина Джегуштің ұлы биыл бірінші сыныпқа барды. Баласының аллергиясы бар екенін айтқан ол мектептің ас мәзіріне енген бірқатар тағамдардың ұлына зиян екені ескерілмеген деп санайды.

- Баламның консерванттар мен кей шөп түрлеріне аллергиясы бар. Сондықтан балама бал қосылған, я құрамында химиялық қосындылар мен концентраттары бар шырындар ішуге болмайды. Ыстық тамаққа арпа беріледі, жанындағы тефтелиде еттен гөрі күріші көп, - дейді Марина.

300 ТЕҢГЕЛІК АС

Алматы қаласында 2007 жылдан бері бастауыш сынып (1-4 сыныптар) оқушыларына күніне бір мәрте тегін ыстық тамақ беріледі. Алматы қаласының білім басқармасының жалпы орта білім беру бөлімінің бас маманы Тахиржан Салижанов оқушыларға Қазақ тағамтану академиясы бекіткен ас мәзіріне сай тамақ берілетіндігін айтады.

- Ас мәзірінде көкөніс салаты, ет және балық етінен жасалған тағам, сүзбеше, дәрумендер қосылған сүт, жеміс-жидектің үш түрі, шырын және бал кіреді. Бұл тағамдар бір балаға шаққанда 300 теңгеге шығады, - деді бас маман.

Мектеп оқушылары. Алматы 1 қыркүйек 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Мектеп оқушылары. Алматы 1 қыркүйек 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Оның сөзінше, «әр мектепте құрамына мектептің медициналық қызметкері, ата-аналар мен мектеп басшылығы кіретін сарапшылар (бракераж комиссиясы) тобы» жұмыс істейді. Білім басқармасының өкілі оқушыларға беріліп жатқан тамақтың сапасына күмән келтірудің қажеті жоқ деп ойлайды.

- Мектеп асханасында хот-дог пен пицца беру деген - абсурд! Ондай болуы мүмкін емес. Асханаларда ондай тағамдарға тыйым салынған. Ал ата-аналар шағымын бізге алып келсін, мамандармен мектепке барайық. Егер ондай факт анықталса, әкімшілік жаза қарастырылған, - дейді Тахиржан Салимжанов.

Оның сөзінше, соңғы бірнеше жылда оқушылардың тамағына қатысты «айтарлықтай шағым түспеген».

ТЕНДЕРДІҢ ӘСЕРІ

Орта мектептерге ыстық тамақ жеткізу ісімен айналысып келген алматылық шағын кәсіпкерлер астың сапасына әсер етуі мүмкін тағы бір факторға нұсқайды. Қызмет түрлері бойынша мемлекеттік сатып алу процедурасының шарттары бойынша жарияланған тендерде көп жағдайда ең арзан қызмет түрін ұсынған кәсіпкер, я компания жеңіп шығады. Кейбір кәсіпкерлер үкімет бекіткен оқушы басына шаққандағы 300 теңгелік ыстық тамақ та осы саясаттың кесірінен әрі арзандап, әрі нәрсіздене түседі деп қауіптенеді.

Олег Тышкевич, кәсіпкер. Алматы, 11 қыркүйек 2013 жыл.

Олег Тышкевич, кәсіпкер. Алматы, 11 қыркүйек 2013 жыл.

Олег Тышкевич - 8 жылдан бері Бостандық ауданына қарасты орта мектептерге қызмет көрсетіп келген кәсіпкер. Ол «әділетсіз өтетін тендерлер» ас мәзірінің сапасына теріс әсер етеді деп санайды. Оның сөзінше, мектептерді ыстық аспен қамтамасыз ету бойынша өтетін тендерлерде қызмет бағасын арзандатып, бір баланы белгіленген 300 теңге емес, 200, 180, тіпті кейде 160 теңгеге тамақтандырамыз дейтін кәсіпкерлер жеңіп шығып жатады.

- Кәсіпкер ретінде айтайын – белгіленген 300 теңгенің 20 пайызын мен өзіме аламын. Сол 20 пайыздан аспазшы мен басқа да қызметкерлеріме айлық төлеймін, мектепке жалға алған асхана үшін беремін, коммуналдық қызметтерге төлеймін. Қалған ақшаны баланың тамағына жұмсаймын. Ал 160 теңгеден 20 пайызды алып тастасақ оқушыға қандай тамақ беруге болады? Бюджеттен бөлінді ме 300 теңге, соны неге түгелімен тамаққа жұмсамасқа? – дейді кәсіпкер.

«БӘРІ ЖАҚСЫ»

Алматы қалалық білім басқармасы өткізген тендерге қатыса алмай қалған тағы бір кәсіпкер – Альмира Әбдірашит. Оның сөзінше, ыстық тамақпен қамтуға тілек білдірген кәсіпкер тендер шарты бойынша Қазақстанда, отандық өндіруші шығарған азық-түлік өнімін пайдалануы керек. Оны растайтын «CT-KZ» сертификаты болуы тиіс. Альмира Әбдірашиттің сөзінше, «тендерді ұтып алатындар «CT-KZ»-тегі көрсеткішті тым артық етіп көрсетеді».

Альмира Әбдірашит, кәсіпкер. Алматы, 11 қыркүйек 2013 жыл.

Альмира Әбдірашит, кәсіпкер. Алматы, 11 қыркүйек 2013 жыл.

- Оқушыға берілетін тегін тамақта отандық өнім 90 пайызға жуықтайды. Ал тендерді ұтып алғандар бұл көрсеткішті 97 пайыз деп көрсеткен. Ол мүмкін емес, мәселен банан Қазақстандық па? Әлде беріп жатқан тетрапакеттегі шырындары қазақстандық па? - деп сұрайды кәсіпкер.

Оның сөзінше, Алматының екі ауданы: Медеу ауданының мектеп оқушылары - 160 теңге, ал Алатау ауданының оқушылары 180 теңге тұратын ас ішуге мәжбүр екен.

Медеу ауданына қарасты №100 орта мектептің оқу ісі жөніндегі орынбасары Дина Хасенова мектептегі 229 бастауыш сынып оқушысы күніне 160 теңгеге тамақтанатынын растады. Ол астың жалпы құны тамақтың сапасына кері әсер етіп жатқан жоқ деп санайды.

- Мектебімізде өте дәмді тамақтандырады. Тамаққа қатысты ата-аналардан ешқандай шағым болған емес. Мәселен бүгін оқушыларымызға шырын, сүт, салат, котлет пен арпа, тәтті ірімшік берілді,- деді Дина Хасенова.

Кәсіпкерлердің шағымына қатысты Алматы қаласы білім басқармасының мемлекеттік сатып алу бөліміне хабарласқанымызда, бөлімнің бас маманы Мұса Досанов «бастық демалыста, ал мен ешқандай сұраққа жауап бере алмаймын» деп қысқа қайырды.

Ресми мәліметке сәйкес Алматы қаласында бастауыш сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтылған 183 орта білім беру мектептері бар.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG