Accessibility links

Батыс баспасөзі Қытайдың Орталық Азиядағы ықпалы артып бара жатқанын айтады. Қытай бұл аймақты ең алдымен өзінің энергетикалық қауіпсіздігі, сауда-экономикалық экспансиясы, этникалық тұрақтылығы және әскери қорғанысы үшін маңызды аймақ деп біледі.


New York Times
(«Нью-Йорк Таймс») газеті ҚХР Төрағасы Ху Цзинтаоның қаңтардың 12-сі күні АҚШ-қа жасайтын ресми сапарының маңыздылығына тоқталады.

Қытайдың экономикасы қарқынды дамып, адами әлеуетінің артуы шикізат пен отын-энергетикалық ресурстардың жаңа көзін табуға итермелеп отыр. Бұл тұста Қытай үшін табиғи қазба байлықтары мол, халқы сирек қоныстанған Орталық Азия, әсіресе Қазақстан «күлшелі бала» болады. Бұл жайында New York Times Қытай Халықтық азат ету армиясының генералы Лю Яжоудың «Орталық Азия – құдайдың Қытайға берген үлкен
Бұл тұста Қытай үшін табиғи қазба байлықтары мол, халқы сирек қоныстанған Орталық Азия, әсіресе Қазақстан «күлшелі бала» болады.
сыйы» деген пікірін келтіреді.

New York Times Қытай билігі Орта Азия астаналарында қытай тілін оқытатын Конфуций орталығын ашқанын, қытай ұлттық компаниялары аймаққа мұнай-газ құбырлары, теміржолдар мен магистральдар салу сияқты ұзақ мерзімді экономикалық жобалармен дендеп кіріп жатқанын айтады. Бұл мақсатта Пекин Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) сияқты аймақтық ұйымды да пайдаланып отыр. Қытай оған қоса Орталық Азиядағы қазіргі басты ойыншыларды ығыстыру үшін аянып жатқан жоқ деп толықтырады New York Times.

Мәселен, WikiLeaks («Уикиликс») сайты АҚШ Мемлекеттік департаментінің құпия мәліметтеріне сілтеме жасап, Ақ үйдегі шенеуніктердің «Қытай Бішкектегі АҚШ әскери әуе базасын жаптыру үшін Қырғызстанға 3 млрд. доллар көлемінде пара берді» деп күдіктенетінін айтады. Сайт 2009 жылдың 13 ақпанында Қырғызстандағы елшілер Татиана Гфэллэр (АҚШ) мен Чжан Янынянның (Қытай) әңгімелерін мысалға келтіреді. АҚШ елшісі «Қырғызстандағы АҚШ-тың әскери әуе базасын жабу мақсатында Қытайдың Бішкекке 3 млрд. АҚШ доллары көлемінде пара ұсынғаны» жайлы сұраған екен. WikiLeaks сол сәтте тосылып қалған қытайлық елшінің орысша сөйлей алмай, артындағы көмекшісіне қытайша бірдеңелерді айтып, булығып қалған сәтін жариялаған.

Бірақ өткен жылдың қыркүйегінде Қазақстанның Жамбыл облысында ШЫҰ елдерінің жыл сайынғы өтетін әскери оқу-жаттығу ойындары кезінде, сондай-ақ осы ұйымға 10 млрд. АҚШ долларын бөлу арқылы Қытай өзінің шырмауын тағы бір орады дейді New York Times.

«ҚЫТАЙ ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫ ИГЕРУГЕ ЖАНТАЛАСА КІРІСТІ»

Басылым сонымен бірге генерал Лю Яжоудің өткен айда «Phoenix Weekly» журналында жарияланған пікірін де мысалға келтіріпті. «Қытайдың Орталық Азия мемлекеттерімен энергетикалық ынтымақтастығы 1990 жылдары басталған. Бірақ соңғы жылдары Қытай ұлттық қуатының артқанын пайдаланып, бұл аймақта Ресей мен АҚШ мүддесінің әлсірегенін өз пайдасына асыра алды. Қытай Орталық Азияны игеруге жанталаса кірісіп кетті» деген еді генерал.

Ал адам саны аз Қазақстан мен Қырғызстандағы жергілікті халық қытайдың мұндай ықпалы өз елдеріндегі экономикалық тепе-теңдікті бұзады деп қауіптенеді. Бұған дәлел – өткен жылы қаңтар айында Алматыда Қытайға жер беру мәселесіне байланысты қарсылық бұрқ ете түскен болатын. Қытаймен шекаралас Жаркент пен Алматы қалаларының арасында саудагерлерді таситын көлік жүргізушісі Әділхан Үмбетбаев: «Біз, қазақтар, қытайлардың елімізде қаптап кеткеніне алаңдаймыз. Инвестиция құйған соң, билік оларды еркін сауда жасауға елімізге шақырып, жер беріп жатса – біз не істей аламыз?» дейді.

БҰРЫНҒЫ КЕҢЕСШІ БЗЕЖИНСКИЙ НЕ ДЕЙДІ?

Орталық Азиядағы ғана емес, халықаралық саясатта да басты ойыншылар санатындағы ҚХР Төрағасы Ху Цзинтао қаңтардың 12-сінде АҚШ-қа ресми сапармен барады. Осыған орай кезінде президент Картер әкімшілігінің Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі болған белгілі саясаткер Збигнев Бзежинский New York Times газетінің дүйсенбі, қаңтардың 3-і күнгі жарияланымында алдағы сапардың маңызы мен ондағы еске алынуы тиіс түйткілдерді ортаға салады.

Саясаткер ҚХР Төрағасы Ху Цзинтаоның осы айдағы АҚШ-қа сапары бұдан 30 жыл бұрынғы Дэн Сяопин сапарынан кейінгі АҚШ пен Қытай басшыларының ең жоғарғы деңгейдегі кездесуі болады дегенді айтады.

Бірақ екіжақты өзара қарым-қатынастар, Қытайдың Азиядағы ұзақ мерзімді геосаяси мүдделері, тағы басқа басы ашылмаған мәселелер төрағаның сапарына көлеңкесін түсіруі мүмкін деп ескертеді Бзежинский. Бұған қоса екі жақ та бір-біріне сене бермейді.

«Үндістанның ядролық энергия жобасына көмек көрсетеміз» деген Вашингтонның шешіміне Қытай оң қараған жоқ. Пекин сондықтан Пәкістанның дербес ядролық энергия қуатына ие боламыз деген ниетін қолдады. Солтүстік Корея мен Оңтүстік Корея арасындағы қақтығысқа самарқау қараған Пекинді көрген Вашингтон Қытайдың Корей
АҚШ соңғы кездері біржақты саясат ұстанып, соның кесірінен мүдделес елдерді өзіне қарсы қойып алды. Қытай бұл түйткілді ескерте кетуі керек.
түбегіне қатысты қандай саясат ұстанатынын біле алмады. «АҚШ соңғы кездері біржақты саясат ұстанып, соның кесірінен мүдделес елдерді өзіне қарсы қойып алды. Қытай бұл түйткілді ескерте кетуі керек» дейді саясаткер.

Бзежинский Қытайдың бүгінгі даму барысына да тоқталады. «Қытай тасып-толған экономиканы қатаң саяси жүйемен реттеп, басқарып отырмақ. «Қытайдың ішкі қайта құрулары сәтті өтті, әлемдік саясаттағы рөлі артып келе жатыр» дейтін кейбір қытайлық сарапшылардың пікірі көп жағдайда асыра айтылады. Бзежинский марксистік классиктерді әлі күнге дейін басшылыққа алатын қытайлық жетекшілерге Сталиннің «Табыстан бас айналу» деп аталатын хатын қайта оқып шығуды ұсынады. 1930 жылы компартия кадрларына жазылған бұл хат «менменшілдік пен өзін-өзі дәріптеушіліктен» сақтануға шақырған.

Збигнев Бзежинскийдің ойынша, алдағы кездесу нәтижелі болуы үшін Барак Обама мен Ху Цзинтао ендігі жерде екі ел бірдей басшылыққа алатын, тар ұлттық мүддеден гөрі әлемдік ауқымды қамтитын, моральдық императивтерге негізделген ынтымақтастық орнату керек.
  • 16x9 Image

    Айбек БЕЙСЕБАЕВ

    Айбек – Азаттықтың қазақша вебсайтындағы ньюсрайтері. 1986 жылы туған. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ді тәмамдаған. Азаттықта 2010 жылдан бері жұмыс істеп келеді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG