Accessibility links

Беларусь атынан әлем чемпионы атанған Динара


Беларусь жастар құрамасының сапында биатлоннан жастар арасындағы әлем чемпионы Динара Әлімбекова. Беларусь, Раубичи. 22 ақпан 2015 жыл.
Беларусь жастар құрамасының сапында биатлоннан жастар арасындағы әлем чемпионы Динара Әлімбекова. Беларусь, Раубичи. 22 ақпан 2015 жыл.

Қазақстанда туған Динара Әлімбекова Беларусь жастар құрамасының сапында биатлоннан жастар арасындағы әлем чемпионатында алтын алды. Спортшы Азаттыққа Қазақстаннан қалай көшкенін және ендігі жоспарларын айтты.

Минскіден 20 шақырымдай жерде орналасқан Раубичи қалашығында өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Беларусь қыздар құрамасы 3х6 километрлік эстафетада алтын алды. Әлем чемпионы атанған Беларусь құрамасының сапында бұрынғы қазақстандық Динара Әлімбекова да болды.

Жарыстан кейін Беларусь жастар құрамасының жаттықтырушысы Василий Большаков «бұл – тарихи жеңіс» деп бағалады. Беларусь бұған дейін 2009 жылғы әлем чемпионатының эстафетасында - қола, 2010 жылы әлем біріншілігінде күміс алған еді.

«БОЛАШАҒЫ БАР ІЗБАСАР»

Биатлоннан Беларусьтің негізгі олимпиадалық құрамасын бес жылдан астам уақыт жаттықтырып келе жатқан бапкер Андриан Цибульский Динара Әлімбекованы «болашағы бар әрі ұлттық құрамадағы биатлоншылардың ізбасары» деп бағалады.

19 жастағы Динара Әлімбекова Қазақстанның Абай қаласында туған. Үш жасында отбасымен Беларуське көшіп кеткен. Ол Қазақстанға жеті жасында атасымен бір рет келген. Одан кейін бұл елге жолы түспепті.

«Әкем – қазақ, анам – орыс. Үш-төрт жасымда ата-анам Беларусьтен жұмыс тауып, сол жаққа көшкен. Қазір Чаусы қаласында оқимын әрі жаттығамын. Анам бір мекемеде есепші болып жұмыс істейді. Әкеммен бірге тұрмаймыз» деді ол.

Музыкадан бірден спортқа ауыса алмадым. Екеуін қатар ұстауға тырысып, жарысқа ноталарымды ала кететінмін. Қазір де пианино ойнаймын, нота ұмытқан жоқпын.

Динара спортқа келмес бұрын музыка мектебінде пианино класында оқыған. 2007 жылы 11 жасқа толғанда дене шынықтыру мұғалімінің ұсынысымен шаңғы спортымен айналыса бастапты. 2008 жылы Чаусыдағы спорт мектептерінің біріне түсіп, шаңғы тебумен қатар винтовкадан атуға машықтанады.

«Музыкадан бірден спортқа ауыса алмадым. Екеуін қатар ұстауға тырысып, жарысқа ноталарымды ала кететінмін. Қазір де пианино ойнаймын, нота ұмытқан жоқпын» дейді ол.

2011 жылы Динара Беларусь жасөпірімдер құрамасына шақырту алады. Кейін бірнеше еуропалық және халықаралық жарыстарға қатысқан. Биыл жастар арасындағы Беларусь чемпионатында жекелей жарыста - күміс, із қуып жарысу мен спринтте қола алған. Ал Раубичидегі жастар арасындағы әлем чемпионатында алғаш рет халықаралық деңгейдегі алтын медалін иеленді.

«Раубичиде ату кезінде біраз қателік жібердім. Бірақ шаңғымен жүгіруде жылдам болдым. Командаласыма эстафетаны үшінші болып тапсырдым. Бірақ бірінші және екінші орындағы қарсыластарымнан тек екі-үш секундқа қалдым» дейді спортшы Азаттық тілшісіне.

«ҚАЗАҚСТАННАН ҰСЫНЫС ТҮСКЕН ЖОҚ»

Динара Әлімбекова Беларусь жастар құрамасының толық мүшесі ретінде мемлекеттен қаржылай көмек те алатынын айтады. Ол тарихи отанына оралуы жағын әлі ойланбағанын, болашақта Беларусь құрамасының сапында жарыстарға қатысуды жоспарлайтынын жеткізді.

Беларусь жастар құрамасының сапында биатлоннан жастар арасындағы әлем чемпионы Динара Әлімбекова. Раубичи. 22 ақпан 2015 жыл.
Беларусь жастар құрамасының сапында биатлоннан жастар арасындағы әлем чемпионы Динара Әлімбекова. Раубичи. 22 ақпан 2015 жыл.

«Еш мемлекеттен ұсыныс түскен жоқ. Қазақстан да шақырмады. Шақырмаған соң бұл туралы ойламаппын. Беларусьте биатлонмен айналысуға мүмкіндік мол. Спортшы ретінде президенттік стипендия да аламын. Беларусьте барлық жағдай бар, сондықтан басқа елге кету жайын ойламаппын» деді биатлоншы.

Динараның сөзінше, Қазақстанда да мықты биатлоншылар бар. Ол қазақстандық Галина Вишневскаяның (жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы, жасөспірімдер олимпиадасының күміс жүлдегері – ред.) жетістіктерін жоғары бағалап, оны бас қарсыласы ретінде санайтынын да айтты.

Беларусь жанкүйерлері әлеуметтік желілерде Динара Әлімбекованы болашақта Сочи олимпиадасының үш дүркін чемпионы, әлем чемпионатында екі алтын, әлем кубогында 27 алтын алған «Беларусь қаһарманы» Дарья Домрачеваның ізін басады дегенге ұқсас мақтау білдіре бастады.

«Жанкүйерлер сенімі әрқашан жігер береді. Жастар арасындағы жарыстарға әлі бір жыл қатысамын. Кейін ересектер турниріне өтуге болады. Ересектер арасында бәсеке күшейеді. Сондықтан жаттығу уақытын арттыра түсу керек» дейді жас спортшы.

Жастар арасындағы әлем чемпионатының алтынын алған Динара Әлімбекова наурыздың соңында Австриядағы «Альпі кубогына» қатысып, биылғы маусымды аяқтайды.

XS
SM
MD
LG