Accessibility links

Кәсіби дипломат әрі белгілі саясаткер Болатхан Тайжан атындағы қор ашылды


Болатхан Тайжан (1941-2007 жж.), дипломат, қоғам қайраткері (жеке мұрағатындағы сурет).
Болатхан Тайжан (1941-2007 жж.), дипломат, қоғам қайраткері (жеке мұрағатындағы сурет).

Алматыда, наурыздың 4 інде қоғам қайраткері, кәсіби дипломат әрі белгілі саясаткер Болатхан Тайжанның атындағы қор құрылғандығы жөнінде оның ұлы Мұхтар Тайжан мен жесірі Айсұлу Абдоллақызы БАҚ арқылы көпшілікке жария етті.

Қордың құрылтайшысы Мұхтар Тайжан қорды өз есебінен қаржыландыратынын айта келіп, аталмыш қордың алдына қойған негізгі жұмысы әлеуметтік және мәдени жобаларды жасап іске асырумен қатар, қайырымдылық шараларымен шұғылдану екенін атап өтті. Оның айтуынша, қор ресми ашылуына дейін дарынды оқушылар мен студенттерге арнайы стипендия тағайындапты.

Дәл қазір мұндай стипендияны Болатхан Тайжанның өзі білім алған Павлодардағы Абай атындағы №10 дарынды балаларға арналған лицейдің ең үздік оқушылары алып отырған көрінеді. Сондай-ақ, қордың болашақта атқаратын істерінің санатында Б.Тайжанның көзі тірісінде қоғамдық-саяси дәрежеде жиі көтерген қазақ тілі мәселесі де бар екен.

Көзі тірісінде ұлт жанашыры ретінде жұрттың жадында қалған әрі Мәскеудегі халықаралық қатынастар институтын тәмәмдаған кәсіби елшілердің бірі болған Болатхан Құлжанұлы 1941 жылы 8 наурызда Павлодар облысында дүниеге келген. Өз ғұмырында мемлекеттік әрі елшілік қызметтер атқарған ол студент кезінен бастап-ақ, өз ұлтына қызмет еткен тұлғалардың бірі.

Бұл сөзіміздің бұлтартпас дәлелі, оның 1963 жылы Мәскеуде білім алып жүрген бірнеше қазақ жігіттерінің бастамасымен құрылған «Жас тұлпар» ұлттық ұйымындағы белсенді қызметі.

Аталған ұйымның негізін қалаушылардың бірі Мұрат Әуезов Болатхан Тайжанның «Жас тұлпарға» жаңа серпін бергенін былайша еске алады:

— Басында «Жас тұлпар» ұйымы ұлттың мәдениетін дәріптеу, жаңғырту бағытында жұмыс істеген еді. Қатарымызға Болатхан келгеннен кейін ұйым саяси бағытта да жұмыс істей бастады. Жұмыс жүргізу барысында біз өте көп ізденетін едік. Әртүрлі кітаптардан оқығанымызды бір-бірімізге айтып, содан ұлтқа қажет-ау деген дүниелермен жұмыс істейтінбіз.

Болатханның жары Айсұлу Тайжан, Алматы, 4 наурыз 2009 ж.
Дәл осы іздену жағына келгенде Болатханның білімі мен саяси сауаттылығы, оның Орта Азия тарихын, саяси-экономикалық жағдайын жақсы меңгергендігі бізге үлкен көмек болды. Болатхан «Жас тұлпар» ұлттық ұйымын жаңа сапаға көтерді. Кейін елге келген кезде де біздің ісімізге Асқар Сүлейменов, Сәкен Жүнісов сынды ағаларымыз үлкен баға берді. Қазақстанға келген соң да біз «Жас тұлпардың» жұмысын тоқтатқан жоқпыз. Қарап тұрсаңыз, Болатханның өмірінің соңына дейінгі ұлтқа еткен қызметі «Жас тұлпардан» бастау алған істердің жалғасы.

Тәуелсіздік алған жылдары Болатхан өзінің кәсіби елші екенін барлық қырынан көрсетті. Мемлекеттік қызметте жүріп те қазаққа қалтқысыз қызмет етті. Ол алғашқы болып елшілік қызметтегі іс-қағаздардың барлығын тек қана қазақша жүргізді. Осы үшін жоғарыдан сын да естіді, қысым да көрді. Бірақ ол өз ісін жалғастыра берді. Өкінішке қарай, Болатханды Қазақстанның ресми билігі бағаламады. Қадіріне жетпеді, – деді Мұрат Әуезов Азаттық радиосына берген сұхбатында.

Болатхан Тайжан Азаттық радиосы хабарларының белсенді ауторы, өзекті тақырыптарға үнемі өзіндік үнін қосып, пікір талқысына салып отыратын сарапшы болды.

Өмірінің соңғы жылдары Болатхан Тайжан қазақ қоғамындағы өзекті мәселелердің басы-қасында жүрді. Ұлтқа қатысты іс-шараның бел ортасынан табылатын. Кез - келген мәселеге қатысты басылым беттерінде өзінің ой-пікірін, көзқарасын үнемі білдіріп отырды.

«Ұлт тағдыры» қозғалысының жетекшісі Дос Көшім де қазақ қоғамында Болатхан Тайжанның алар орны ерекше екендігін айтады. Ол тәуелсіз Қазақстанның қоғамдық ой-санасы мен саяси көзқарасының қалыптасуына ықпал еткен ұлт патриоттарының бірі болды.

Жоғарыдағы қор осыған дейін Болатхан Тайжанның «Аталы сөздер» деп аталатын мақалалар жинағы мен оның қатысуымен өткен телебағдарламалар топтастырылған 2 DVD дискі шығарған.

Ал, 2008 жылдың 26 наурызында Алматы қаласынан Болатхан Тайжанның атына көше берілген.

Қоғам қайраткері әрі кәсіби елші Болатхан Тайжанның өмірден озғанына 2009 жылдың 20 ақпанында екі жыл толды.
XS
SM
MD
LG