Accessibility links

Болат Атабаевтың «Көшкін» спектаклі қойылды


"Көшкін" спектаклін ойнаған артистер. Алматы, 14 наурыз 2012 жыл.

"Көшкін" спектаклін ойнаған артистер. Алматы, 14 наурыз 2012 жыл.

Алматыда Әуезов театрының кіші залында Болат Атабаев сахналаған «Көшкін» спектаклі қойылды. Қойылым - қоғамдағы үрей туралы. Екі күн қатарынан көрсетілетін қойылымнан жиналған қаржы Жаңаөзендегі мұқтаж жандарға көмек ретінде жіберілмек.

«Түріктің Чеховы» атанып кеткен Төнжер Жүженоғлының «Көшкін» қойылымында апатты аймақтағы ауыл адамдарының өмірі суреттеледі. «Көшкін» қойылымы - жұртқа төнген апат туралы ғана емес, адам санасындағы үрейден арылу қажеттігін көрсететін пьеса.

Спектаклде "Ақсарай" театрының актерлері ойнайды.

ЖОҚ КӨШКІННІҢ БАР ҮРЕЙІ

Қойылымды наурыздың 14-і Алматының Мұхтар Әуезов атындағы драма театрының кіші залында қойған режиссер Болат Атабаев та «қазақ қоғамы үрейден арылуы тиіс» деген пікірде.
"Ақсарай" театрының артистері "Көшкін" қойылымында. Алматы, 14 наурыз 2012 жыл.

"Ақсарай" театрының артистері "Көшкін" қойылымында. Алматы, 14 наурыз 2012 жыл.


Қойылымда тау бөктерінде тұратын ауыл адамдарының үрейге толы өмірі суреттеледі. Жылына тоғыз ай бойы адамдар алапат қар көшкіні болып кетпеуі үшін сыбырлап сөйлесуге, тыныштық сақтауға мәжбүр. Тұрғындар тек жылдың үш айында ғана күнде арқа-жарқа күліп, той жасап, дабырласа алады. Әйтпесе кез-келген қатты дауыс шыға қалса бүкіл ауылды жайпап өтетін қар көшкіні жүруі мүмкін. Тек қауіпсіз үш айда ғана ауылға «жан бітеді».

Тіпті ауыл ақсақалдары жаңа үйленген жастардың балалы болатын уақыттарын есептеп, ауыл әйелдерінің босанатын мезгілін де қадағалайды. Нәресте дүниеге келгенде қатты дауыс шығарып, жылайтыны белгілі. Бала дүниеге шар етіп келген бетте қар көшкіні жүріп кетуі мүмкін. Сондықтан ауыл адамдары қауіпті кезеңде әйелдер босанып қалмауы үшін барлық амалдарды жасайды.

Алайда, сценарий бойынша, осы ауылда тұратын бір жас келіншектің толғағы мерзімінен бұрын келеді. Барлығы алдын ала есептелген, бірақ нәресте тоғыз айға толмай, шала туады. Қойылымдағы оқиға да толғақтың қарсаңында өрбиді.
Алдымен екі жас толғақтың ерте келгенін жұрттан жасырғысы келеді. Бірақ бұл туралы ауыл ақсақалдары біліп қалып, жас келіншекті тірідей табытқа салып, көміп тастауға үкім етеді.

"Көшкін" спектакліне барған көрермендер қол соғып тұр. Алматы, 14 наурыз 2012 жыл.

"Көшкін" спектакліне барған көрермендер қол соғып тұр. Алматы, 14 наурыз 2012 жыл.

Жары мен жарық дүниеге келмеген баласын қимаған жігіт үкімді өзгертуді сұрап, ақсақалдарға жалбарынады. Бірақ «бір әйел үшін барлық ауыл тұрғындарын құрбан етуге болмайды» деген ақсақалдар райынан қайтпайды. Амалы таусылған жігіт ашу үстінде қолына мылтық алып, аспанға атып жібереді. Бүкіл ауылды көшкін жайпап өтеді деген тұрғындар қатты шошиды. Бірақ жұрт күткен көшкін жоқ! Сәлден кейін елдің қауіптің мүлде жоқ екеніне көзі жетеді. Ауыл тұрғындары қаншама жылдар бойы жалған үреймен азапты өмір сүріп келгендерін түсінеді.

ҮРЕЙ – ХАЛЫҚТЫҢ САНАСЫН БИЛЕУШІ КҮШ

Қойылым режиссері Болат Атабаевтың ойынша, бүгінгі Қазақстан қоғамы «Көшкіндегідей» үрейден арылуы тиіс.

- Біздің өміріміздің барлығы - қорқыныш. Билік Алтынбек пен Заманбекті өлтіріп, Дуванов, Есіргеповтерді түрмеге отырғызып, Әбілев пен Қосановтарды қамауға алды. Енді, міне, қылмыстық істер қозғап жатыр. Мұның барлығы адамдарды қорқынышта, үрейде ұстау үшін жасалып жатыр. Ешқайсымыз «айқайлап», өз ойымызды айта алмас үшін жасалып жатыр, - деді режиссер.

Оның айтуынша, «үрей арқылы билік халықтың санасын билеп отыр».

"Көшкін" спектаклінің қоюшы режиссері Болат Атабаев. Алматы, 14 наурыз 2012 жыл.

"Көшкін" спектаклінің қоюшы режиссері Болат Атабаев. Алматы, 14 наурыз 2012 жыл.

- Бұл туындының трагедиясы неде? Адамдар «айқайлағысы» келеді. Өз ойын жеткізгісі келеді. Бірақ мұндағы үрей, қорқыныш халықтың санасын билеуші күш болып тұр. Олар содан өлердей қорқады. Бірақ шындап келгенде «көшкін» жоқ. Көрдіңіздер ғой, мылтық атылды - ал көшкін болған жоқ. Жалпы бұл біздің бүгінгі шынайы жағдайымыз: біз өз ойымызды ашық жеткізуден қорқамыз, - деді Болат Атабаев қойылымнан кейін.

Режиссер «үрейді жеңіп жатқандар бар, дегенмен олар әлі аз» дейді.

Атабаев қойылымнан түскен қаржы жаңаөзендіктерге көмек ретінде жіберілетінін айтты.

Мұхтар Әуезов атындағы драма театрының 250 адамға есептелген кіші залы бұл күні көрерменге толы болды. Қойылым бейсенбі, наурыздың 15-і тағы бір мәрте көрсетіледі. Билет құны - 1000 теңге.

"Көшкін" спектаклінің үзіндісін мына жерден көре аласыз:

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG