Accessibility links

Шымкенттік мүгедектер жүріп-тұруларына жағдай жасалмағанын айтады


1-топтағы мүмкіндігі шектеулі азамат Нұрлан Әуелбеков. Шымкент, 13сәуір 2016 жыл.
1-топтағы мүмкіндігі шектеулі азамат Нұрлан Әуелбеков. Шымкент, 13сәуір 2016 жыл.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтар «Шымкентте мүгедек адамның жүріп-тұруына жағдай жасалмағандықтан, қиналатындарын» айтады. Бұл қиындықты шенеуніктер де растайды.

1-топтағы мүгедек, 48 жастағы Нұрлан Әуелбековтің екі аяғынан айырылғанына үш жыл болған. Ол қазір протез киіп, балдаққа сүйеніп, абайлап әрең жүреді. Баспалдақтардан өз бетінше шыға алмайды. Құрылыста дәнекерлеуші болып жұмыс істеген ол «Аяғымды кесіп алдым. Дәрігерлер ота жасап, тобықтарыма дейін алып тастады» дейді.

- Отадан кейін екі аяғымды көргенде өмірден түңіліп кеттім. «Кімге керекпін?» деген ой келді. 5-қабатта жатыр едік. Өмір сүргім келмей, сүйретіліп терезеге асылдым. Қорқыныш болған жоқ. Бірақ қандай күш екенін білмеймін, ұстап қалды, - дейді Нұрлан Әуелбеков.

«ПАНДУСТАР ТАЛАПҚА САЙ ЕМЕС»

Ол «Ешкімді көргісі келмегенін, адамдардың тесіле қарағаны жанына қатты батқанын, тек мүгедектерді оңалту орталығына келіп, тағдырластарын көргенде ғана өзіне-өзі келе бастағанын» айтады.

- Оңалту орталығында екі аяғы, бір қолы жоқ жігітті көрдім. Оның ешкімнің көмегінсіз тіршілік жасап жүргені жігерлендірді. Туа біткен мүгедекті көрдім. Екі қолы істемейді, телефонды аяғымен ұстап сөйлесті, - дейді ол.

Нұрлан Әуелбеков мүгедек болғалы көп қиындық көргенін айтады. «Бізде мүгедектерге жағдай жасалмаған. Кез келген мекемеге барсаң, жүріп-тұру, кіріп-шығу қиын» дейді ол.

- Мүгедектер баратын мемлекеттік мекемелердің өзінің көбінде пандустары талапқа сай емес. Биік, тар, арбамен шығу мұң. Көбінде баспалдақтың екі жағындағы таяныштары жоқ. Кірсең, лифт істемейді. Мысалы, мені 80-дегі шешем сүйреп жүрді, қатты қиын болды, -дейді мүмкіндігі шектеулі азамат.

Мүгедектердің жүріп-тұру қиындығы
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:15 0:00

Нұрлан Әуелбеков «екінші мәселе - қоғамдық көлікке мініп-түсу» екенін айтады. «Пәтер жалдап тұрамыз. Қала орталығына келетін қоғамдық көлікке міну мүмкін емес. Амалсыз такси жалдаймыз – сағаты 300 теңге. Күнде такси жалдауға қалта көтермейді. Мемлекет айына беретін 44 мың теңгесін пәтерге не таксиге жұмсаймын ба, ас-суыма жеткіземін бе?» дейді ол.

«ЖЕКЕМЕНШІК НЫСАНДАРДЫ БЕЙІМДЕУ ҚИЫН»

Нұрлан Әуелбековтің «мүгедектер жүріп-тұруына жағдай жасалмағандықтан қиналады» деген сөзін Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысы Әсия Темірбаева растайды.

Шенеуніктің сөзінше, «Облыста 4083 мемлекеттік және жекеменшік нысан бар. Оның 3300-і мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жүріп-тұруына бейімдеуді талап етеді».

Тым биік пандус. Қазақстан. (Көрнекі сурет)
Тым биік пандус. Қазақстан. (Көрнекі сурет)

- 2013 жылдан бері 1800-ден аса нысан бейімдеуден өтті. Бірақ жұмсалған қаражаттың бәрі мақсатқа жетті деу қиын. Мысалы, орнатылған пандустар мен табалдырықтардың кемшіліктері көп, - дейді басқарма басшысы.

Басқарма басшысы «жекеменшік нысандар үлкен проблема туындататынын» айтады. «Өйткені оларды бюджет есебінен бейімдеу мүмкін емес».

ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРДІҢ ТӘЖІРИБЕСІ

Өз бетінше жүріп-тұра алмайтын алты мүгедек азаматқа қарап жүрген Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің әлеуметтік қызметкері Азия Мұратбекованың сөзінше, қарауындағы азаматтардың әрқайсысына аптаның екі күнінде екі сағаттан уақыт бөліп, олардың түрлі өтініштері бойынша жұмыс істейді. Өйткені, бұл адамдардың қалада жүріп-тұруы қиын.

- Көбіне үйлерін жинап, кірлерін жуамын. Коммуналдық төлемдерін төлеп келуді, азық-түлік, дәрі-дәрмектерін алып келуді, кейбірі түрлі мекемелерге барып, құжаттарын реттеп беруді сұрайды, - дейді әлеуметтік қызметкер.

Тұрғындар пандусты көлікпен жауып кеткендіктен өте алмай тұрған мүмкіндігі шектеулі азамат. Қазақстан. (Көрнекі сурет)
Тұрғындар пандусты көлікпен жауып кеткендіктен өте алмай тұрған мүмкіндігі шектеулі азамат. Қазақстан. (Көрнекі сурет)

Азия Мұратбекованың сөзінше, мүмкіндігі шектеулі азаматтар «қайда барса да таксимен жүруге мәжбүр». Оның сөзіне қарағанда, «Қалада арнайы такси жұмыс істейді. Бірақ ол такси қызметі бос болмаса, таксиді өздері ұстайды. Ал қоғамдық көліктерге міну қиын». Ал бүгінде екі аяғына протез киіп, балдаққа сүйеніп жүретін Нұрлан Әуелбеков:

- Мейлі ғой, күніміз амалдаумен өтіп жатыр. Ең болмағанда, дәрі-дәрмек, арба, балдақ, протез сынды мүгедектерге өте қажет заттарды уақтылы беріп отырса, көңіліміз бұлай құлазымайтын ба еді, кім білсін? – дейді.

Оңтүстік Қазақстан облысында 112 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат өмір сүреді. Тірек-қимыл аппараттары бұзылған 26,7 мың азаматтың 8,5 мыңы қоларбамен қозғалады. Ал 16,4 мың азаматтың көру және есту қабілеті төмен.

XS
SM
MD
LG