Accessibility links

Тағдырластарына жұмыс тапқан мүгедек кәсіпкер


Оралдық мүмкіндігі шектеулі кәсіпкер Біржан Қожақов (оң жақта) жаңа қызметкерлеріне жұмыс жайын таныстырып отыр. Орал, 9 қыркүйек 2014 жыл.

Оралдық мүмкіндігі шектеулі кәсіпкер Біржан Қожақов (оң жақта) жаңа қызметкерлеріне жұмыс жайын таныстырып отыр. Орал, 9 қыркүйек 2014 жыл.

Оралдық мүгедек кәсіпкер жиһаз цехын ашып, өзі сияқты мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтып отыр. Ол мемлекет қолдауына көп үміт артпайтынын айтады.

43 жастағы мүгедек кәсіпкер Біржан Қожақов 12 жыл бұрын жол полициясында жұмыс істеп жүріп жазатайым оқиғаға ұшырап, екі аяғынан айырылады. Ауруханадан арбамен шыққан жігіт еріксіз өзінің бұрынғы хоббиін – қолдан жиһаз жасау машығын есіне түсіреді. Әуелі әртүрлі ескі жиһаз жабдықтарынан құрастырып телевизор тұғырын жасай бастайды. Кейін бұйымдарын жақсы бағамен сатып алушылар көбейгесін жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, 2010 жылы шағын кәсіпорын ашады.

Қазір ол басқаратын үй және кеңсе жиһазын жасаушы цех Ақтөбе мен Атырауда филиал ашқан. Оның кәсіпорнын өзге бәсекелестерінен ерекше етіп тұрған бір жайт бар – Біржан өз компаниясына жұмысшы етіп көбіне-көп мүмкіндігі шектеулі жандарды алуға тырысады.

«АЛМАТЫДАН ФИЛИАЛ АШСАМ»

Мүгедек жанның кіріптар хәлін өз басындағы жағдайдан түсінген Біржан Қожақов өз кәсіпорнында істейтін мүгедектердің ең әуелі біліктілігін арттыруға мән беретінін айтады.

«Олардың ағаш шебері болуын талап етпеймін, екі-үш ай тәжірибе жинақтауға мүмкіндік беремін. Үйреніп кетсе, істейді. Қазір болашақта жұмысқа орналассақ деген мүгедектер кезекте тұр. Өткенде екеуін жұмысқа алдым. Екеуі де арбаға таңылған адамдар» дейді ол.

Біржан Қожақов жаңа қызметкерлеріне жұмыс жайын таныстырып жатыр. Орал, 9 қыркүйек 2014 жыл.

Біржан Қожақов жаңа қызметкерлеріне жұмыс жайын таныстырып жатыр. Орал, 9 қыркүйек 2014 жыл.

Қазір Біржанның «Ғибадат» атты компаниясында 25-ке жуық жұмысшы бар, олардың 17-сі – мүгедек жандар. Кәсіпкер шамасы келсе, мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмысқа барынша көп алғысы келетінін айтады.

«Ғибадатта» менеджер болып жұмыс істейтін Ерлан есімді азамат – демікпе дертіне шалдыққан екінші топтағы мүгедек.

«Ауыр жұмысқа жарамаймын. Мамандығым - компьютер саласы. Бұған дейін жұмыс таппай әр жерде жүрген едім. Қазір мұнда фирмаға тапсырыстар қабылдаумен шұғылданам» дейді ол.

Біржан Қожақов кәсіпкер мүгедектерді қолдауға арналған түрлі мемлекеттік бағдарламалардан нақты көмек болса, кәсібін кеңейте түсуге ықыласты.

«Енді бір филиал Алматыдан да ашып, мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтамасыз еткім келеді. Тек қаражат тапшы болып тұр» дейді ол.

Бірақ дәл қазіргі жағдайда кәсіпкердің тауарын батыс Қазақстаннан сырт аймаққа шығарып сатуы күмәнді. Өйткені ол Оралдағы негізгі кәсіпорнына жиһаз жасауға қажетті станоктар алу үшін ғана анасының екі бөлмелі үйі мен інісінің көлігін сатып жіберуге мәжбүр болғанын айтады. Ал мүмкіндігі шектеулі жұмысшыларына кіріп-шығуға ыңғайлы жеке ғимарат салу үшін жер участогын алу туралы өтінішін жергілікті әкімдіктің қарастырып жатқанына бірнеше жыл болған. Әзірше цехы орналасқан икемсіз ғимаратты жалға алуға мәжбүр.

ЖЕР АЛУ ҚИЫНДЫҒЫ

«Әкімдіктен еш көмек жоқ. «Жер береміз» деді, берген жоқ. Кредит ала алмадым. «2020 бағдарламасы» («Бизнестің жол картасы-2020» - ред.) мүгедектерге жеңілдікпен несие бермейді. Оралдағы «БТА», «Халық банкі» филиалдары келісім бергенімен, Алматыдағы кеңселері өтінішімді қайтарып жібереді» дейді ол.

«Ғибадат» компаниясында сандықтың есігін жасап отырған мүмкіндігі шектеулі жұмысшы. Орал, 9 қыркүйек 2014 жыл.

«Ғибадат» компаниясында сандықтың есігін жасап отырған мүмкіндігі шектеулі жұмысшы. Орал, 9 қыркүйек 2014 жыл.

Біржан сияқты мүгедек іскерлерге қандай қолдау көрсетілетінін білу мақсатында Азаттық тілшісі Орал қаласы әкімдігінің кәсіпкерлік бөліміне хабарласқан еді.

Бөлім басшысы Ринат Шәуенов кәсіпкердің жер участогын алу үшін өтініш бергенінен хабардар болып шықты.

«Оның құжаттарын жер бөліміне тапсырғанын көргем. Өзіне ыңғайлы жерді бізге көрсетуі керек. Бос жер болса, ол кісіге беріледі» деді Ринат Шәуенов.

Бірақ Біржан Қожақовтың әкімдіктен «мүгедектер кәсіпорын аша алатындай» ыңғайлы участок бөлдіре алмай жүргеніне төрт жыл болған. Азаттық тілшісі оның 2012 жылы мамырда премьер-министр Кәрім Мәсімовтің блог-тұғырына хат жазып, жеңілдікпен несие мен жер алуға көмектесуін сұрағанын көрді. Бірақ ресми жауапта оның жер туралы өтініші ұмыт қалып, «кепілдікке жылжымайтын мүлік немесе жер учаскесін қойып, несие алуға мүмкіндігі бар екені» ғана айтылады.

Біржан Қожақов әкімдіктің бұған дейін бір рет ұсынған жер участогын жаратпай тастаған.

«Қала орталығынан 15 километр қашық участок екен. Асфальт пен электр желісі тартылмаған, автобус тоқтамайды. Батпақ кешіп, коляскамен қалай жетем, арбаға таңылған, кейбірі протезбен жүретін жұмысшыларым қалай жетеді? Инфрақұрылымы жоқ, айдаладағы жерді кепілге қоям десең, банк мың теңге де несие бермейді. Әкімдіктегілер оны түсініп отыр, «басқа амалын қарастырамыз» деді, күтемін» дейді кәсіпкер.

Азаттық тілшісі мүгедек кәсіпкерлерге көмектесетін «Даму-көмек» қорының өкілдерінен мәлімет алу әрекеті нәтижесіз аяқталды. Алайда қордың вебсайтында бұл мекеменің де мүгедектерге қаржылай көмек көрсетпейтіні, оларды бизнес жасауға оқытатыны, мүгедек кәсіпкерлер мен демеушілер арасындағы байланыстырушы қызметін ғана атқаратыны жазылған.

«Даму-көмек» қорының сайтындағы ақпарат бойынша, «Қазақстанда 410 мыңнан астам мүгедек тұрады, олар - Қазақстан халқының үш пайызы. Оның ішінде жұмыс тапқан мүгедектердің саны 9 мыңнан асады. Бұл – мүмкіндігі шектеулі жандардың жалпы санының үш пайызы».

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG