Accessibility links

Қазақстан конвенцияны ратификацияласа да, орындай алмай отыр


Блогер Алмаз Ержан.
Блогер Алмаз Ержан.

Парламент мүгедектер құқығы туралы конвенцияны бекітті. Жүздеген мың мүгедектер мен олардың отбасыларына қосымша жеңілдіктер қарастыруға әрі құқығы мен еркіндігін қорғауға уәде етілгенімен, мемлекеттің бұл міндеттемелерді орындауға әлі дайын еместігі ескертілді.

Блогер әрі мүмкіндігі шектеулі Алмас Ержан бірнеше айдан бері Астанадағы қарттар мен мүгедектер үйінің жалға берген бөлмесінде тұрып жатыр. Ол – мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын қорғаумен айналысатын азаматтық белсенді.

Алмас Ержан – мүгедектер арбасымен жүреді әрі бірінші топ мүгедегі. Оның айтуынша, Астанаға көшіп келгенге дейін Көкшетау қаласында үшінші қабатта пәтер жалдап тұрған. «Әлгі пәтерге күзде кіргеннен көктемде бір-ақ шығатынмын, таза ауамен форточкадан тыныстайтынмын» дейді ол.

– Ол жерде пандус болған жоқ, ал мен үшінші қабатта тұрдым. Таза ауа жұту үшін терезені ашатынмын. Ол кезде мүгедек жандардың проблемалары туралы Facebook желісінде көп жазатынмын, өйткені елде мен сияқты кемтар жандар көп, – дейді Алмас Ержан Азаттық тілшісіне.

Оның айтуынша, Астана қаласына қарағанда қарттар және мүгедектер үйінде «барлық жағдай бар».

–Былтыр жазда парламентке бардым. Ал ол жердегі пандустар жалпы талаптарға сай жасалмаған. Ол жерден мүгедек арбасындағы адам түгілі балалы келіншектер де арбасымен өте алмайды. Мекеме дұрыс пандустың қандай болатынын білмейді. Қазір пандустар, мүгедек жандардың құқығы туралы заңдар бар, бірақ олар жұмыс істемейді, – дейді Алмас Ержан.

БҚО әкімшілігінің шенеуніктері мүгедектер арбасына мініп, олардың жүріп-тұруына қалада жағдай бар-жоғын тексеріп жүр. 2014 жылдың мамыры. (Көрнекі сурет)
БҚО әкімшілігінің шенеуніктері мүгедектер арбасына мініп, олардың жүріп-тұруына қалада жағдай бар-жоғын тексеріп жүр. 2014 жылдың мамыры. (Көрнекі сурет)

Ол бүгін ратификацияланған мүгедектер құқығы туралы конвенция жарымжан жандарға өз құқығын халықаралық деңгейде қорғау, тұратын жерінде олардың орындалуын талап ету, сотқа жүгініп, әсіресе мүгедектердің жүріп-тұру құқығы құқығы көп шектелетінін айтуға мүмкіндік береді деп үміттенеді.

Қазақстан мүгедектер құқығы туралы конвенцияға 2008 жылы қол қойып, кемтар жандарды қоғамға бейімдеу жөнінде міндеттеме алған. Бірақ денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Светлана Жақыпованың айтуынша, бұл міндеттемелер әзірше толық орындалмаған.

Бүгін парламентте вице-министр әлеуметтік нысандар инфрақұрылымының 79 пайызы мүмкіндігі шектеулі жандардың жүріп-тұруына қолайсыз екенін, елде 20 мыңға жуық нысанды жүріп-тұруға ыңғайлы етіп жасау қажеттігін мойындады.

– Еліміз алты жылдан бері нысандарды мүгедек жандардың жүріп-тұруына ыңғайлы етуге, мемлекеттік қызметтерді оңтайлы қылуға, мүгедектерді конституциялық құқықтарымен толық таныстырып, оларды іске асыруға тырысып келеді. Бірақ дайын болмағандықтан, конвенция бүгін ғана ратификацияланды. Бүгін факультативтік хаттамаға қол қоя алмаймыз, өйткені әлі толық дайын емес. Жоспар 2012-2018 жылдарға арналған, – дейді Светлана Жақыпова.

Конвенцияның негізгі міндеттерінің бірі – мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүруі және қоғамға бейімделуі үшін тең жағдай жасау. Конвенция талаптары Қазақстандағы мүмкіндігі шектеулі 620 мың адамның мүддесін көздейді.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG