Accessibility links

Мүмкіндігі шектеулі жандарға киіз басуды үйретеді


Көзі нашар көретін және мүлде көрмейтін зағип жандар қолөнер курсында отыр. Теміртау, 11 шілде 2016 жыл.
Көзі нашар көретін және мүлде көрмейтін зағип жандар қолөнер курсында отыр. Теміртау, 11 шілде 2016 жыл.

Қарағанды облысы Теміртау қаласында мүгедектерге арнап киіз басу курсы ұйымдастырылған. Қазақстанда қой жүнін сатып алу қиын екені осы кезде анықталды.

Материал тілімдері мен дайын өнімдер қойылған үстелдер, сабынды су құйылған ыдыс, жұмыс істеп отырған жандардың қолында таяқ бар – шағын ғимаратта мүмкіндігі шектеулі жандарға арналып киіз басу курсы өтіп жатыр. Негізінен бұнда мүмкіндіктері шектеулі екендеріне қарамастан жұмыс істеуге келетіндер – көзі көрмейтін зағип жандар.

БОЛАТ ҚОРЫТУШЫНЫҢ ҚОЛЫНДАҒЫ КИІЗ

Көзіне зақым келіп 1-топтағы мүгедек атанған 47 жастағы Андрей Лялин бұрын киіз басамын деп ойламағанын айтады. Ол металлургиялық комбинатта қызмет еткен. Жұмыста көзіне темірдің қағы түсіп, көруі нашарлап, солайша жұмысынан айырылған.

Жыл сайын оның көзі нашарлап, ауырып жүр. Қазір ол адамның немесе заттың бұлдыраған бейнесін ғана көреді. Өз бетімен жүруге тырысады, бірақ біреудің көмегін керек етеді. Бойында өзін-өзі қомсыну, кемістігінен ұялу пайда болғанын айтады.

Андрей Лялин. Теміртау, 11 шілде 2016 жыл.
Андрей Лялин. Теміртау, 11 шілде 2016 жыл.

Бірақ ол мұндай қиындыққа қарамастан отбасы мен балаларын асырау үшін қосымша табыс табуға тырысады. Қазір күзетші болып істейді және киіз басу курсына келіп жүр.

– Курста ұялу сезімінен арыласың. Жалғыз өзің ғана осындай емес екеніңді және басқалармен бірге әлдене жасай алатыныңды білген өте жақсы. Мүгедек адам жасаған өнімді жұрт алады деп ойлаймын. Қазақстанға көптеген туристер келеді, олар осындай өнімді сатып алады. Өз еңбегіңмен ақша табу – маңызды фактор. Бұл туралы айтуға бәрі ұялады. Бірақ оны адал еңбекпен таптың ғой, дүкенге барып қайыр сұраған жоқсың. Қараңыз, қалада ондайлар көп. Адамды оқытуға, тірлігіне керек қаражатын табуға көмектесуге болады, қайыршыларды көбейтудің керегі не? – деді Азаттыққа Андрей Лялин.

Теміртау қаласында маусымның ортасында ашылған осындай курстың арқасында Андрейдің бойында ынта пайда болды. Жігіт өзінің еңбегін қайда жұмсауды ойлайды.

– Моншақ жасай аламын. Оған дене күші керек, бірақ оны тек көзі көретін адам жинай алады. Қазір қағаз ақшаға арналған әмиян жасап жатырмын. Сабын қыстыратын жөке мен жең жасадым. Массаж жасайтын кілемшелер әзірлеуге болады. Цехта жұмыс істей алмасам да, үйден істей беремін. Не маған материал әкеліп, тапсырыс береді, не өзім базарда сатамын немесе бір бөлімге өткіземін. Табыс нан-шайдан да асып қалса дейсің, – дейді Андрей Лялин.

Андрей мен киіз басу курсында оқитындардың айтуынша, Теміртау қаласында мүгедектер жұмыс істейтін арнайы кәсіпорын ашу керек, онда мүмкіндігі шектеулі адамдар жұмыс істеп, біреуі электр тоғын ажыратқыш, енді бірі арнайы киім әзірлеуші еді. Мысалы, Андрей Лялин 1990 жылдары осындай өндірістік кәсіпорындардың бірінде еңбек еткен, кейін ол жабылып қалды.

Олег Мацедонның көзі мүлде көрмей қалған. Оның әйелі Надежданың да мүмкіндігі шектеулі, бірақ сырқаты басқа. Олар қазір отбасылық шағын кәсіп ашуды ойластырып жүр. Екеуі бірігіп киізден дайын өнім шығара алады. Тек дағды мен тәжірибе жинақтау қалды.

Олег Мацедон жұбайы Надеждамен бірге отыр. Теміртау, 11 шілде 2016 жыл.
Олег Мацедон жұбайы Надеждамен бірге отыр. Теміртау, 11 шілде 2016 жыл.

– Мен киізді жаямын, күйеуім оларды басады, оған дене күші керек. Осында келгелі өміріміз өзгерді. Төрт қабырғаға қамалып отырмаймыз. Іспен айналысып, пікірлес жандармен әңгімелесеміз. Оның үстіне ақша төлесе, тіпті жақсы, – дейді Надежда Азаттыққа.

Ол –күйеуінің жеке көмекшісі, сол үшін айына мемлекеттен 20 мың теңгедей ақша алады. Сондықтан екеуі де жаңа өнер үйреніп, жұмысқа тұру мүмкіндігі туғанына қуанып жүр.

ҚОЛӨНЕРШІЛЕРГЕ СҰРАНЫС

Қолөнер шеберлігіне арналған төрт айлық курсқа тоғыз адам қабылданған. Мұнда әр адамды жеке оқытады. «Шебер» сәндік-қолданбалы өнер шеберлерін қолдау орталығы» қоғамдық ұйымы жетекшісі Наталья Вшивцева басында «бәрі жақсы болатынына» сенбегенін айтады.

– Бірақ қазір нәтижесіне қарап отырып, көзі нашар көретін адамдар Қарағандыдағы басқа оқушыларыма қарағанда жақсы нәтиже шығарғанын көріп жүрмін. Жұмыстың сапасына, олардың әр өнімге қанша күш жұмсайтынына қараймын. Бұл топ – жұмыс ұсынуға болатын дайын бригада. Қазір бұл адамдар жұмыс істейтін қолөнер орталығын орналастыруға болатын орын іздеп жатырмыз. Олардың жұмыстары кез келген көрмеге керек болады деп ойлаймын, – деді Азаттыққа Наталья Вшивцева.

Теміртау қаласында Наталья Воротынская да қолөнерден сабақ береді. Ол – киіз басу шебері. Бұрын моншақ өруге қызыққан, кейін киіз басуға көшті. Арнайы курстар мен шеберлік кластарынан өтті. Ермегі жұмысқа айналды. Өз өнімдерімен де жәрмеңкеге шығатын Наталья Воротынская:

Киіз басу шебері Наталья Воротынская. Теміртау, 11 шілде 2016 жыл.
Киіз басу шебері Наталья Воротынская. Теміртау, 11 шілде 2016 жыл.

– Дайын шеберлер шығаруымыз керек. Бірақ адамдардың мүмкіндігі шектеулі екенін ескеріп, оқу бағдарламасын түзетіп, дәл осы адамдардың қолынан келетін жағын алуға тиіс болдық. Мен үнемі жәрмеңкеде боламын, қандай заттарға сұраныс бар екенін білемін. Сондықтан жақсы өтетін және олардың шамасы жететін өнімге мән бердік. Қазір жүн өнімдері сәнге еніп келеді. Одан әртүрлі бұйымдар, сумка, аксессуарлар мен декор жасауға болады. Адамдар бұл материалдың сапасын бағалай бастады, – дейді.

Мүмкіндігі шектеулі жандар әзірге моншақ, қолғап және қабы бар әмиян басуды үйреніп жатыр. Жақында үй ішінде киетін шәркей басуға көшеді. Наталья Воротынскаяның айтуынша, қойдың да, жүн басушылардың да көптігіне қарамастан Қазақстанда жүн табу қиын екен.

– Оқуды бітіргендердің үш мүмкіндігі бар: бізбен шарт арқылы жұмыс істеп, үйінен жұмыс жасайды; біздің шеберханада қалады, себебі бізге көптеген жұмысшы керек немесе жеке бизнесін ашады, біз олардың ары қарай дамуына көмектесеміз. Қазір бәрі ЭКСПО-ға (2017 жылы Астанада өтетін халықаралық көрме) дайындалып жатыр, ал Қазақстанда туризм дамып келеді. Туристер бар жерде кәдесый өнімдері де қажет. Қазір отандық өнім аз. Бұл нарық әлі игерілмеген, – дейді Наталья Воротынская.

Курстың соңында кәсіпкерлер палатасының мамандары келіп, мүгедек жандарға жеке кәсіпкер болуды үйретуі керек.

МҮГЕДЕКТЕРГЕ ЖҰМЫС ТАБУ ҚИЫН

Қолөнер шеберлігі бойынша мүмкіндігі шектеулі жандарды оқытып, кейін жұмысқа тұрғызуды билік сынақ жоба ретінде атайды. Оқыту «Жұмыспен қамтамасыз етудің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында өтіп жатыр.

Теміртау қаласының жұмыспен қамту орталығының директоры Әсел Нәбиева:

– Оларға нарықта жұмыс табу қиын. Қазір құрылысқа қатысты мамандықтар сұранысқа ие. Бірақ мүгедектердің бәрі бірдей оған бара алмайды ғой. Сондықтан сынақ жоба бастауды қолға алдық. Топ құралды, бірақ алтыдан сегіз адамға дейін топ құрап, тағы оқыта аламыз. Бұл курстар республикалық бюджет есебінен ұйымдастырылған, ай сайын стипендия төленеді. Оқыту мерзімі – төрт ай, кейін жұмысқа тұруға көмектесеміз, – дейді.

Киізден басылған моншақтар. Теміртау, 11 шілде 2016 жыл.
Киізден басылған моншақтар. Теміртау, 11 шілде 2016 жыл.

16 мың теңгеден астам стипендия беріледі, бұл сомадан зейнетақы төлемі алынады. Тоғыз мүгедек жанды оқытып, оларды жұмысқа орналастырамыз деп мәлімдеген «Шебер» қоғамдық ұйымы мемлекеттен әр мүгедек адамды оқытқаны үшін 45 мың теңге көлемінде төлем алады.

2016 жылдың шілде айына дейін Теміртау қаласының жұмыспен қамтамасыз ету орталығы 42 мүгедекті жұмысқа орналастырды. Жиыны 79 мүмкіндігі шектеулі адам жұмысқа орналастыру туралы өтініш білдірген. Теміртауда шамамен 5 мыңға жуық мүгедек адам ресми тіркелген.

Мақаланы орыс тілінен Динара Әлімжан аударды.

XS
SM
MD
LG