Accessibility links

Мүгедек жастар «Мобильдік студенттер клубын» құрды


Mobility club жобасының үйлестірушісі Меруерт Тілепалды. Алматы, 27 наурыз 2013 жыл.

Mobility club жобасының үйлестірушісі Меруерт Тілепалды. Алматы, 27 наурыз 2013 жыл.

Мүмкіндігі шектеулі алматылық екі бойжеткен мүгедек студенттерді қолдау грантын жеңіп алды. Олардың «Мобильдік студенттер клубы» үздік жобалардың бірі деп танылды.

Семей қаласында туып-өскен 26 жастағы Меруерт Тілепалды бала кезінен церебральды сал (ДЦП) дертіне шалдыққан. Бойжеткен 2012 жылы Қазақстан менеджмент, экономика және болжам институтын (ҚМЭБИ) бітірді. Меруерттің ата-анасы осыдан екі жыл бұрын Алматыға көшіп келіпті.

ГРАНТ АЛҒАН ЖОБА

– Қайырымдылық шараларына бала кезімнен қатысатынмын. Балалар үйіне жиі барып, БҰҰ-ның мини-конференцияларын ұйымдастыруға қатыстым. Мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектесетінмін. Семей қаласындағы қарапайым гимназиялардың бірін бітіріп, ҚМЭБИ-ге түстім. Әке-шешем мені мүгедектерге арналған мекемеге өткізбей, шамалары келгенше өмірден өз орнымды табуыма көмектесті, – дейді Меруерт Тілепалды Азаттық тілшісіне.

Жоғары оқу орнын бітірген Меруерт «Аржан» қоғамдық қорының директоры
Жоба аясында мүгедек студенттерге арналған екі айлық кәсіби бағдарлау курсы қарастырылған. Жоба лекция және экскурсия өткізу кезеңдерінен тұрады.

Қасиет Омаровамен танысып, екеуі «Мобильді студенттер клубы» (Mobility club) жобасын құру туралы ойға келіпті. Бойжеткендер «Бота» қоғамдық қорының «Әлеуметтік қызметтерді қолдау» бағдарламасы бойынша өткен конкурсқа қатысуға өтініш беріп, үш жарым миллион теңге (23 мың долларға жуық) грантты жеңіп алған.

– Біз мүмкіндігі шектеулі студенттердің көңілі қалайтын мамандығын меңгеруіне көмектесуді ұйғардық. Сөйтіп, біздің бастамамызды қолдайтын жандарды іздей бастадық, – дейді жоба үйлестірушісі Меруерт Тілепалды.

Мүгедек студенттерге білім алу да, жұмыс табу қиын екенін түсіндірген Меруерт:

– Өз жобамызды жоғары оқу орнының басшылығына ұсынып едік, ол кісілер бізді қолдап, лекция өткізетін ғимарат берді. Жоба аясында мүгедек студенттерге арналған екі айлық кәсіби бағдарлау курсы қарастырылған. Жоба лекция және экскурсия өткізу кезеңдерінен тұрады, – деді.

Лекция оқуға түрлі сала мамандары – басқарушылар, кәсіпкерлер, маркетологтар, инженер-технологтар, дизайнерлер, программистер, журналистер, экскурсоводтар шақырылады. Дәріс тыңдаушылар сабақтан соң берілетін арнайы тапсырмаларды орындайды. Олардың көрсеткіштеріне қарай компаниялар үздік студенттерді практикадан өтуге шақыруы мүмкін.

– Үш студенттік топты қамтитын жобаның жұмысы туралы ақпарат бір жыл бойы yvision.kz блог-платформасында жарияланып тұрады. Жоба аясында жоспарланған шаралар 2013 жылдың сәуір – мамыр, шілде – тамыз, қазан – қараша айларында өтеді. Жобаға 16-24 жас аралығындағы студенттер қатысады. Студенттер Дүниежүзілік банк, «Қазақфильм» студиясы, ипподром, Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік мұражайда, қаладағы ірі компанияларда болып, олар үшін қала сыртына экскурсиялар ұйымдастырылады, – дейді Меруерт Тілепалды.

– Өзім де сал ауруына шалдыққандықтан, мен сияқты жастар үшін білім алудың қаншалықты маңызды екенін, жұмысқа тұрудың қиын екенін түсінемін. Бұл істі бар жан-тәніммен қолға алдым, менде пайда таба қояйын деген ой жоқ. Студенттер ақша төлемейді, бұл – тегін жоба. Бірақ қазіргі заманда тегін бірдеңе болады дегенге көп адам сенбейді, – дейді Меруерт Тілепалды.

Алматыда мүмкіндігі шектеулі ондаған жас жігіттер мен қыздар бар. Қазіргі кезде ҚМЭБИ-де – 15, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де – 60-қа жуық, Абылайхан атындағы Қазақ мемлекеттік халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде – 5, Халықаралық бизнес академиясында 5 мүгедек студент оқиды.

ВОЛОНТЕРЛЕР

Меруерт Тілепалды мен Қасиет Омарованың бұл құлшынысын таныстары қолдап, жобаға волонтер жастар қатысуға тілек білдірді. Олардың бірі – 26 жастағы кәсіпкер Сергей Сек.

– Меруерт Тілепалды мен Қасиет Омарованың бұл идеясы – өте жақсы бастама. Одан нақты нәтиже шығару үшін қолдау керек екенін түсініп, көмекті өзім ұсындым, – дейді бизнес-кеңесші Сергей Сек.

Оның айтуынша, жобаны жүзеге асыруға тегін көмектеспек. Сергей Сек сабақ жоспарын құруға жәрдемдесіп, лекторлар ұсынып, студенттерді практикадан өткізетін компанияларды тауыпты.
Mobility club жобасының бизнес-кеңесшісі, кәсіпкер Сергей Сек. Алматы, 27 наурыз 2013 жыл.

Mobility club жобасының бизнес-кеңесшісі, кәсіпкер Сергей Сек. Алматы, 27 наурыз 2013 жыл.


– Жобаның жұмысын қыздардың өздері ұйымдастырады. Басқалардың ынтасын ояту үшін студенттер жоба күнделігін жүргізеді. Осы блогта біз студенттерден қызықты хабарлар күтеміз. Нәтижесінде мүмкіндігі шектеулі студенттер белгілі бір мамандықты игеріп, ақша табу тәсілін меңгеретін болады, – дейді Сергей Сек.

Сергейдің айтуынша, компаниялар бастапқыда қаржы мәселесі қалай шешілетіні туралы сұрапты. Алайда жобаға мүгедек жастар қатысатынын естігенде ақша туралы сұрақтар тыйылыпты.

– Лекциялар мен экскурсиялар үш-төрт сағатқа созылады. Жоба жұмысына қатысуға ауыз су шығаратын «Әсем-ай», тамақ пісірумен айналысатын «Компот-студия» сияқты компаниялар, Progressor.kz сайты ынта білдірді, ал Қастеев мұражайында студенттерге сурет салуды үйретеді. Жобаға барлығы сегіз компания қатыспақ, – дейді Сергей Сек.

Бизнес-кеңесші «Мүгедек студент өзін кемтар санамай, қол-аяғы сау студенттермен қатар жұртпен араласуы тиіс» деп біледі.

– Қазір 15 адамнан тұратын бірінші топты жасақтап болдық. Сабақ сәуірдің 4-і күні басталады. Алғашқы топтан кейін қатысушылардың саны көбейеді деп ойлаймыз, – дейді Сергей Сек.

ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ

«Бота» қоғамдық ұйымы әлеуметтік қызметті қолдау департаментінің өкілі Жанар Жақсылықованың айтуынша, қорда үш департамент жұмыс істейді. Бірі – білім гранттарын қолдау жөніндегі департамент, екіншісі – әлеуметтік қызметтерді қолдау департаменті, үшіншісі - қаржылай көмек бағдарламасы департаменті.
"Бота" қорының эмблемасы. (Көрнекі сурет)

"Бота" қорының эмблемасы. (Көрнекі сурет)


– «Аржан» қоғамдық ұйымы «Әлеуметтік қызметтерді қолдау» бағдарламасы бойынша өткен конкурсқа қатысуға өтініш берді. Конкурс қорытындысы бойынша Mobility club жобасы жеңімпаз деп танылды, – дейді Жанар Жақсылықова.

«Бота» қорын Қазақстан, АҚШ және Швейцария үкіметтері 2007 жылы Дүниежүзілік банктің қолдауымен бұрын Швейцария банктеріндегі шоттарда жатқан 84 миллион долларды игеру үшін құрған. Бұл ақша «Қазақгейт» деген атышулы іс жария болғанда табылған.
  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG