Accessibility links

Қазақстандағы тоқырау диссиденттерді қалай қолдан жасады. Кәрішал Асановтың басынан кешкендері


Диссидент Кәрішал Асанов өз үйінде. Алматы, наурыз, 2009 жыл.

Диссидент Кәрішал Асанов өз үйінде. Алматы, наурыз, 2009 жыл.

Біз диссидент Кәрішал Асанов туралы әңгімемізді әрі қарай жалғастырамыз. Бірінші бөлімде оның әкесі, студенттік жылдары, үлкен адамдармен алғашқы қақтығысы, Заманбек Нұрқаділовпен арасындағы күрделі қарым-қатынас туралы әңгімелегенбіз.

2-бөлім

АСТАНА ОБЛЫСЫН ТАРАТЫП ЖІБЕРГЕН СОҢ, ОЛ АЛМАТЫНЫҢ ӨЗІН БАСЫП АЛМАҚШЫ БОЛДЫ

Тағдыр Кәрішал Асановтың комсомол-партиялық қызметкер болғанын қаламаса керек. Өйткені ол 1959 жылы енді ғана жаңа жұмысқа жанын сала кірісе бергені сол еді, жарты жыл өтпей жатып Талдықорған облысын, онымен қоса барлық облыстық құрылымдарды таратып жіберді. Осылайша Кәрішал жұмыссыз қалды.

Кәрішал Асанов ол уақытты рушылдық-жершілдік сарқыншақтарымен алғаш ұшырасқан күндерім деп біледі. Кәрішалға интернаттан жұмыс ұсынылды. Бірақ ол қайта айналып мұғалім болуды өзіне ар санады. Кезінде оқу ісінің меңгерушісі болған, комсомол обкомында нұсқаушы болып, мектеп, интернат, техникумдардың комсомолдық ұйымдарын қадағалаған адам бұлайша әп-сәтте «төмендеуге» көне алмады.

"Жоқ" деді өзіне өзі Кәрішал, егер Алматы оның облысы Талдықорғанды таратып жіберсе, онда ол астанаға барып, оны жаулап алуға тиіс.

Кәрішал Асанов мектеп, кейіннен студенттік жылдары да әдебиетпен, поэзиямен әуестенді. Ара-тұра көңіл қошы келгенде өлең, мақала жазып жүрді. Бірнеше өлеңі «Лениншіл жас» газетінде жарияланды. Жиналып қалған қаламақыға қатқан қара кәстөм сатып алған күні де болды. Қызыға қараған күлімкөздердің көңілі Кәрішалға сенім ұялатып, өзінің табиғаттың сыйынан ада жан емес екенін ұқты.

Алматыда Кәрішал Асанов жас дарындарды іздеген «Қазақфильмнің» сценарлық курсына жұмысқа тұрды. Ол кезде «Қазақфильм» директоры танымал мәдениет қайраткері Ілияс Омаров еді. Соның бастамасы мен қажыр-қайратының арқасында мемлекет ақшасы дарынды жастарды табуға жұмсалатын. Іріктеуден өткендерге 500 сом мөлшерінде стипендия белгіленді, әрине бұл азғантай ғана ақша, студент стипендиясынан сәл асады, бірақ та бұл шығармашылық дарынды көрсетудің мүмкіндігі еді. Әрине, егер ондай дарын бойда бар болса.

Кәрішал Асанов аз уақыт ішінде «Адам — өз тағдырының қожайыны» атты киносценарий жазып шықты. Қайран, аңғалдық-ай! Кеңестік өмірде өз тағдырыңа қожалық жасау мүмкін емес екенін жас жігіт қайдан білсін. Өзге де миллиондаған адамдар секілді ол да өзінің кеңестік даурықпа насихаттың құрбаны болғанын тым кеш түсінді.
Бастапқыда жұмысқа кіріскенде істің қай қырынан келу керектігін білмеген. Бірақ шығармашылық қабілеті мен биік мақсаттары бар ол тістеніп тұрып, жұдырығын түйіп, өзіне өзі: «Адамның істегенін адам істейді, өзгелер істей алған болса, мен де істей аламын», - деген-тін.

Басшылықтан ескі сценариді сұрап алып, мұқият зерделеген Кәрішал Асанов жұмысқа мықтап кірісті. Сөйткен Асанов біржарым сағаттық көркем фильм сценариін межелі мерзімде жазып шықты. Жазуын жазды-ау, бірақ оны әрі қарай жылжыту одан да қиын шаруа боп шықты. Іс жазып шығумен ғана аяқталмай, енді сценариді орыс тіліне аудару керек екен. Және аудармаға өз қалтасынан төлеуге тиіс. Сосын ол аударманың бір көшірмесін «Қазақфильм» басшылығына, екіншісін Мәскеуге жөнелтеді екен. Сұмдығы да сол, бар төзімді бойға жиып, тек күту қажет. Ал, Мәскеудегі сценарий қарайтын комиссияның оны қарауға қашан кірісетіні бір Құдайға ғана мәлім, онда да ол сценариді қарауға тиіспіз деп тапса.

Сол күндерде Кәрішалды қарекетсіз күтумен,(яғни оның сценариін Мәскеу бекіткенше) аштан аш отыра беруге болмайтыны мазалай берді. Ескі ақшаменен сүмірейген 500 сом пәтерақы мен нанның өзіне әрең жететін.

БОЛАШАҚҚА ЖОЛ САЛУҒА ОЙЛАМАҒАН ЖЕРДЕН АБАЙ СЕБЕП БОЛДЫ

Бірде ол Қазақ теледидарында тілшілік бос орынға байқау жарияланғанын естіді. Жас Кәрішал тағы бір рет бақ сынап көрмек болды. Тілші қызметін иеленуден үміттілер үш бірдей жас жігіт еді. Оларды сынап көрмекке редактор тапсырма берді. Бірін Алматының түбіндегі ауылдық жерге, екіншісін «АЗТМ» зауытына, ал Асановты бала бақшаға жіберді. Оларға материалды кешке қарай тапсыру міндеттелді. Кәрішал болса ішінен ең қызықты тапсырма маған бұйырды деп ойлады.

Кәрішал күні бойы бала бақша жұмысының қыр-сырын танумен болды, бірақ танып-білгенін материалда қалай жеткізу керектігін білмеді. Мәтінді жазуын жазғанымен әлі де бір нәрсенің жетіспей тұрғанын түйсігі сезді, жетіспей тұрғаны әдемі қорытынды еді. Ал, оны қалай жасау керек? Редакцияны бетке алып, қалың ойдың құшағында автобуспен келе жатқан ол Абай даңғылымен өтеді, дәл осы сәтте оның санасында сәуле пайда болады. Абайдың білім және балалар туралы екі шумақ өлеңі есіне түседі. Міне, мақаланы дәл осы өлеңдермен аяқтау керек деп шешкен ол тура сол автобус үстінде соңғы жолдарды қағазға қарындашпен түсіреді.

Күні бүгінге дейін Кәрішал Асанов оның тағдыры шешілген сол күн туралы айтқанда осы қазір басынан өткізіп отырғандай қобалжиды:
«Кешке редактор біздің жұмыстарымызды қабылдады. Біз — дәлізде күткен үш үміткер қобалжығанымыздан бір орында тыныш тұра алмай әрі-бері жүрумен болдық. Сонымен, сын минуттары да келіп жетті. Редактор өзіне үшеумізді бірдей шақырып алып, менің бақталастарыма еңбектенгендері үшін алғыс білдірді де маған жақындап келіп: «Кәрішал, мен сені жұмысқа аламын, сен тапсырманы тамаша орындадың», - деп қолымды алды».

Кәрішал бұрын да Абайға тәнті еді, ал мына оқиғадан кейін ақынның болмысы мен шығармашылығына тіпті айрықша сүйіспеншілікпен қарайтын болды.

Кәрішал Қазақ теледидарында екі жылдай жұмыс істеді. Оның шығармашылығының қалыптасқан жері де осы болды. Көптеген дарынды жас журналистермен, бірнеше ғажап әндер шығарса да іс басындағылар мойындағысы келмеген композитор Шәмші Қалдаяқовпен сол жерде танысты. Теледидарда жүргенде Кәрішал көптеген қызықты репортаж бен хабарлар жасап, өзі де танымал бола бастады.

Жұртқа таныла бастаған ол жақсы айлық, үлкен қаламақы алып, шырттай киініп дегендей, өз-өзіне келген соң отбасын құрудың, әке мен ата-бабаның рухы тыныш болу үшін перзент сүйіп, ұрпақ жалғастырудың уақыты келгенін түсінді.

Бір күні ол кездейсоқ өзінің болашақ қалыңдығы Нұрила сұлумен танысты. Ол қыз Қазақ педагогикалық институтының студенті еді. Қызды көрген бетте өзінің тағдыры екені Кәрішалға анық болды. Бұл нағыз тамаша, пәк махаббат еді. Қыз өзінің соңына түскен жігіттің жан жылуына шыдас бермеді, оның да жүрегінде сезім пайда болды.

16 жасынан жалғыз келе жатқан Кәрішал тұрмысқа пысық еді. Өмірдің өзі пысытқан. Сондықтан қанша жақсы көрсе де болашақ жарына суық ақылмен қарауды да ұмытпады. Қаланың қызын алған достарының өміріндегі қала мен ауылдың қақтығысын аңғарып жүрген еді Кәрішал. Достарының негізінен орысша сөйлейтін жас әйелдері күйеуінің ауылдағы туыстарымен араласқысы келмейтін. Ал, Нұрила ондай қыздардың санатына жатпайтын. Керісінше, ұлттық салт-дәстүрге берік таза қазақтың қызы еді. Осындайлығымен де Кәрішалды қызықтырған.

«Менің ауылда туысқандарым бар ғой. Не деген масқара, егер оларды әйелім табалдырығымнан аттатпайтын болса», – дейді Кәрішал.
Алғашқы жарты жылда жас жұбайлар баспана жалдап тұрды, кейіннен Кәрішал бір бөлмелі пәтерге ие болды. Бұл күн — олардың өміріндегі ұмытылмас сәт. Үй ішінде бір диван мен ас бөлмесіндегі жиһазсымақтардан басқа түк жоқ еді деп еске алады Асановтар жұбы. Бірақ бұл жұтаңдық өздерін дүниедегі ең бақытты жандар сезінуге кедергі болмады.

Көп ұзамай екі балалы болып, үй іші сәбидің дауысымен көмкерілді. Тек 13 жылдан кейін ғана үш бөлмелі пәтер алып, күні бүгінге дейін сонда тұрып келеді.

НИКИТА ХРУЩЕВ КӘРІШАЛДЫҢ ҮМІТІН АҚТАМАДЫ


Жазушы Мұхтар Әуезов қайтыс болғаннан кейін Алматыда Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты құрылды. 1962 жылы Кәрішал Асанов сол жаққа кіші ғылыми қызметкер болып ауысады.

Шамамен біржарым жылдан кейін партиялық жиналыста ет-сүт өнімдеріне бағаның көтерілуі талқыланды. Бұл 1963 жыл. Мінберге көтерілген барлық профессорлар мен ғылым кандидаттары үкімет шешімін қызу қолдап жатты. Ет, сүт, майдың қымбат болғаны дұрыс, бұл керемет дегендей. Әрбір тілмардың сөзінен кейін коммунистер дүрліге қол шапалақтап отырды.

Кәрішал Асанов сол түсініксіз жиналыстағы әріптестерінің түсініксіз сөздерін еске алады: «Мен, жас қызметкермін, шиеттей екі балам бар, әйелім бар-жоғы 75 сом алады, менің айлығым сәл көбірек, 100 сом. Онсыз да бір айлықты бір айлыққа әрең жалғап жүргенде негізгі азық-түліктің бағасын екі есеге көтереді. Сөйлегендерді тыңдап отырып түкке түсінбедім, олар ақымақ па, әлде мен ақымақпын ба?»

Кәрішал жиналыс хаттамасын жазып отырды. Ақылға сыймайтын бос сөзді тіркеген сайын наразылығы күшейе берді. Бір мезетте жаны төзбей кеткен Кәрішал сөз сұрады. Оған рұқсат берді. Төрағалық етуші жас коммунистің партия шешіміне қызу қолдау білдіретініне сенімді болды. Ол Кәрішалға қарап, кәнекей, жігітім, қорықпа дегендей күмілжіген кейіпте басын изеді.

Мінберге көтерілген Кәрішал өзінің табиғи салмақты мәнерімен жиналғандарға қарап сөйледі: «Жолдастар! Өткен жылы ғана Совет Одағы Коммунистік партиясы Орталық комитетінің бас хатшысы Никита Хрущев жолдас біз 20 жылда коммунизм орнатамыз деген болатын. Ал, енді жауап беріңіздерші, елдің азық-түлік алатын ақшасы жоқ болса, қалай біз мұндай жолмен коммунизмге бара аламыз?»
Түсінікті болу үшін ол ғалым-әріптестерінің алдында өзінің отбасылық бюджетін жайып салды. Сосын оған мына сөздерді қосты: «Сіздерге айту оңай, 300 - 500 сомдай аласыздар, ал біз не істейміз? Отбасымның ашығатынын біле тұра мен үкімет шешімін қолдай алмаймын».

Кәрішалдың бұл сөздері жиылғандардың, әсіресе төрағалық етушінің төбесінен жай түсіргендей болды. Жиналысты жылдам аяқтауға тура келді.
Сол сәттен бастап Кәрішал толық оқшауланды. Адамдар онымен сөйлесуге қорықты. Тіпті, бір кабинетте бірге отыратын қызметкерлер сөйлесуді доғарды. Сол бір сұрқия жиналыстан кейін тура бір ай өткенде Кәрішал Асанов штаттың қысқаруына ілікті. Бұл о заманда өзгеше ойлайтындарды жазалаудың кеңінен қолданылатын әдісі еді.

ПАРТИЯЛЫҚ КАРЬЕРА ЖАСАУ АРМАНЫ ОРЫНДАЛМАДЫ

Жұмыстан босағаннан кейін Кәрішал Асанов жұмыссыз үш ай отырады. Тура сол кезде Қазақстанда Кинематография комитеті құрылады. Комитет төрағасына журналистік қабілеті бар екі тілге де жүйрік көмекші керек болады. Бұл қызмет дәл Кәрішалға арналғандай еді.

Екі рет қуылып, өмірден ащы сабақ алған Кәрішал Кинематография комитетінде бес жылға жуық айтарлықтай тыныш жұмыс істеді. Мұнда ол қабілетті әрі артық сөзі жоқ қызметкер ретінде (бұл жер оның өткенін білмейтін) партиялық басшылықтың көзіне түседі де, Алматы партия обкомына үгіт-насихат бөлімінің нұсқаушысы қызметіне шақырылады.Бұл кезде балалар бастауыш мектепке іліккен болатын, ал Кәрішалдың өзі 35 жасқа келген еді.

Мұнда Кәрішал Асанов жас мансапқорлардың дертіне шалдығып, обкомның әрбір нұсқаушысы ұқсап, жоғарырақ қызметке қол жеткізуді армандады. Қолдан жіберіп алған мүмкіндіктердің өтеуін қайтарғысы келді. Кәрішал білімділік деңгейі жағынан, екі тілде де баяндаманы сауатты жазудан өзінің өзге әріптестерден әлдеқайда артық екеніне баяғыда көзі жеткен. Не дегенмен, ол журналист болып та, әдебиетші қызметінде де, кинематографияда да, комсомол жүйесінде де, әдебиет институтында да жұмыс істеген ғой. Бірақ, оның қызметтен өсуіне қатты кедергі болған да осы артықшылығы болды. Қабілеті кемшіндеу әріптестер оны іштей көре алмады.

Бір сөзбен айтқанда, Кәрішал партиялық карьера жасаудың уақыты жетті деп шешті. Бірде басшылық КОКП ОК жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясына оқуға түсуді ұсынды. Ол Мәскеуде орналасқан еді. Бұл академияның дипломы партиялық сатылармен қызмет қууға кең жол ашатын. Сондықтан ол ойланбастан келісті. «Көгілдір арманымның көкжиегінде өзімді аймақтық ауқымдағы партиялық жетекші қызметінде елестеткем», – дейді жолы болмаған партиялық карьерист Асанов.

Бірақ, шамасы тағдыр коммунистік оралымсыздықпен күресетін туабітті күрескерден тағы бір марксистік-лениндік идеологияның сарбазы мен жыршысын жасағысы келмеді-ау деймін. Аяқасты оның алдынан кедергі шыға келді. Іштей көре алмайтын әлдекімдер оның үстінен домалақ арыз түсірген. Арыз бойынша оның академияға жолдаған рефераты көшірме, плагиаттық жұмыс екен-міс.
Жазықсыздан жазықсыз жалалы болып, бірақ сол күйі жалақордың кім екенін анықтай алмаған Кәрішал мәдениет министрлігіне болмашы қызметке ауысты.

Сонымен ол қайтадан шығармашыл ортаға оралды. Мәдениет министрлігінде жұмыс партия обкомындағыдай соншалықты көп емес еді, уақытты пайдалы өткізу үшін ол драматургиядан бағын сынап көруге бел буды. Жарты жылда пьеса жазып шықты. Пьеса сәтті шықты, бірақ оны айналдыру, драмтеатрда қою үшін үлкен шенділермен тіл табысу керек еді. Ал, мұны Кәрішал сол қалпы үйрене алмаған – оған дейін де, одан кейін де. Жалпы алғанда, бұл өнерді меңгерген мәдениет қайраткерлері бұрын да болған, қазір де бар.

МӘДЕНИЕТ МИНИСТРІМЕН АЙҚАСУ


Дей тұрғанмен пьеса Оңтүстік-Қазақстан облыстық театрында және Қазақстанның өзге де кішгірім театрларында қойылды. Кәрішал Асановтың пьесасын бірінші болып жоғары бағалаған жазушылар Ғабит Мүсірепов пен Серік Қирабаев болды. Ал, драматург Шахмет Хусаинов Кәрішалмен кездескенде мына сөздерді айтқан болатын: «Сенің комедиялық пьесаң Қазақ драмалық театрда қойылуына рұқсат берілу үшін тым семіз. Бұған өзге ешкім емес, бірінші болып Қалтай іспеттес «комедиографтар» қарсы шығады».

Бірақ, іс жүзінде пьесаның алға жылжуына мәдениет министрі Мүслім Базарбаевтың өзі басты кедергі болды. Ол Кәрішал Асановты Әдебиет және өнер институтында бірге жұмыс істеген кезінде-ақ жақтырмай қалған еді. Мүслім Базарбаев институт директоры болатын, ал Асанов, әлі есімізде, бар-жоғы кіші ғылыми қызметкер боп жүріп, хрущевтік қымбатшылыққа, азық-түлік бағасының өсуіне қарсы сөйлеген болатын. Сонысымен де ол директордың карьерасын үзе жаздаған.

Жағдайдың екіұштылығын шешу үшін Кәрішал Асанов министр Мүслім Базарбаевтың өзіне барып, тікелей мәлімдеді: «Мүслім аға, сізден өтінерім, менің пьесамның жолын ашыңыз, маған қаламақы төлеңіз, сонда жұмыстан «өз еркіммен» кетемін. Министрдің оған берген жауабы мынау: «Ешқашан! Ал, екіншіден, маған бұйрық беретіндей сен кім едің?»

Министрге қараған мәселенің жақсылықпен шешілмейтініне көзі жеткен Кәрішал басқаша қимылдады. Бірде Асанов өзімен бірге куәгер ретінде екі әріптесін ертіп, Қазақстан Компартиясы ОК мәдениет бөлімінің меңгерушісі Михаил Есенәлиевтің қабылдауына барды. Бірақ оның Есенәлиевпен әңгімесі жараспады. Есенәлиев Асановты тыңдап жатпады, оның орнына айғайға басты.

– Неге келдің мұнда? – деп Михаил Есенәлиев шаңқ ете қалды, – сен мәдениет министрлігінде жұмыс істемейсің ғой!

– Өте өкінішті, Михаил Иванович, – деді Асанов барынша салмақты кейіпте. – Сіз секілді жоғары шенді партия басшысының өзіне сеніп тапсырылған мекемеде не боп жатқанын білмейтіні мені қатты таңғалдырады. Маған сенбесеңіз, әріптестерімнен сұраңыз, Асанов мәдениет министрлігінің қызметкері боп санала ма деп?

Кәрішал Асановтың айтуынша бірнеше аптадан кейін одан Михаил Есенәлиев кешірім сұраған.
«Мен жақсы түсіндім, Михаил Есенәлиевтің неге министр Базарбаевты кеудесін тосып қорғағанын, – деп еске алады өткен күндерді Асанов. – Себебі Базарбаев Асқар Қонаевтың, Қазақстан Компартиясы бірінші хатшысының бауырының жақын досы әрі бөтелкелесі еді. Михаил Есенәлиев өз орынтағынан айырылып қалудан қорықты».

Шындыққа қол жеткізе алмайтынын түсінген Кәрішал Асанов Дінмұхамед Қонаевтың өзімен сөйлесуге талпынды. Ол үш мәрте Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысына ашық хат жолдады, бірақ бір де бір рет қабылдауында бола алмады.

Сонда қажымас мінезді Кәрішал бірнеше ұйқысыз түндерден кейін Дінмұхамед Қонаевтың өзіне қарсы шығуға бел буады. Ол КОКП ОК бас хатшысы Леонид Брежневтің атына хат жазды. Бұл кезде Дінмұхамед Қонаев Саяси бюроға мүше болып, алғаш рет Социалистік Еңбек Ері медалін алған шағы. Бұл 1972 жыл еді, тоқыраудың белорта тұсы.

Мәскеуден жауап күте-күте жүйкеге түскен салмақтан Кәрішалдың екі қолы бірдей бөртіп кетті (30 жылдан кейін оған кардиолог дәрігерлер сол бір елең-алаң күндерде инфаркт алғанын айтты). Ол кезеңде дәрігерге көріну Кәрішал Асановтың ойына да келмеген, өйткені оның бүкіл өмірі мен отбасының болашағы қыл үстінде тұрды. Егер өзі әлдеқалай боп кетсе, бір Құдай біледі, балаларына не күн туатынын. Оның сырқаттануға да, босаңсуға да хақысы жоқ еді.

Кәрішал Асанов құдырет иелерімен қақтығысы жайында былай дейді: «Қазақстанның жоғары партиялық шенділері мені сындырып, тізе бүктіргісі келді. Олар үшін Кәрішал Асанов деген кім? Ешкім емес, дойбының тасы ғана. Осылай ойлаған олар қатты қателесті. Мен оларға қарсы көтерілдім, императрицаға қарсы көтерілген Емельян Пугачев секілді».

Ол хат көшірмелерін Одақ деңгейіндегі партияның жоғары шенділерінің бәріне жолдады. «Өйткені Брежневке мен сенбедім, себебі ол Қонаевтың досы еді ғой», – дейді Асанов.

Ол Мәскеуден жауап күтіп жүрген кезде мәдениет министрі Мүсілім Базарбаев Кәрішалды алты рет жұмыстан шығарды, алтауында да сот оны сол орнына қайта орналастырды. Сот жұмыстан шығаруға себеп таппады. Өйткені Кәрішал еңбек тәртібін бұзған жоқ, маскүнем емес, жанжалқойлығы үшін жауапқа тартылмаған. Ал, ең маңыздысы — қанша итермелеу көрсе де, бір де бір әріптесі Кәрішал Асановқа қарсы айғақ берген жоқ. Алтыншы сот талқысынан кейін жанжал туралы хабар Қазақстан Коммунистік партиясының Орталық комитетіне жетеді. Мәдениет министріне сөгіс жарияланады.

Бүгіндері Кәрішал ол кезеңнің бүге-шігесін түгелдей еске түсіре алмас, шамасы мәдениет министрі Мәскеуден Алматыға жөнелтілген Кәрішал хатынан кейін таяқ жеген болса керек.

Сөйтіп жүріп, бір күні Кәрішал Асанов Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Имашевтың қабылдауына шақырылады. Бұл — хаттың нәтижесі екенін Кәрішал бірден түсінді. Имашев Асановты өте сыпайы қабылдады, дауыс көтерген жоқ, үнемі оны жұмсартуға тырысып отырды. Шамасы, ол Бірінші адамнан «бәлеқордың» мәселесін қалайда бейбіт жолмен шеш деген нақты тапсырма алса керек.

Асанов шудың шығуына негіз болған жағдайды қысқаша суреттеп берді де ары қарай мәдениет министрлігінде жұмыс істегісі келмейтінін айтып, Имашевтан Ғылым академиясына ауысуға көмектесуін сұрады.

ДАУЫЛ АЛДЫНДАҒЫ АЗ-МАЗ ТЫНЫШТЫҚ


Имашев оған оң көзқарас танытып, Министрлер кеңесіне қарайтын Ғылым академиясы жанындағы “Қазақ энциклопедиясына” орналасуға көмектесті. Жаңа орында небәрі жарты жыл жұмыс істеген Кәрішал Асановқа бір күні Ғылым академиясының бірнеше қызметкері келіп, академия жанынан бірлескен кәсіподақ комитеті құрылып жатқанын, соның басына төраға қажет екенін айтады.

Белгілі болғаны — кәсіподақ комитетінің төрағасы лауазымына үміткерлердің саны 11 адам боп шықты. Құйтырқы ойындар басталып та кеткен. Ғылым академиясы басшылығы мен партиялық органдардың бұл қызметке алдын ала даярланған өз адамдары бар. Бірақ Ғылым академиясының қатардағы қызметкерлері кісілігі мен ішкі ұстанымына берік адам деп көп естігендіктен ол қызметке Кәрішал Асановты сайлағысы келді. Ол заманда бұл таңғажайып оқиға болып көрінсе де, оларға басым дауыспен өз кандидаттарын сайлаудың сәті түсті.

Асановтың жаңа қызметке келгеніне жарты жыл өте бергенде Ғылым академиясының президенті болып Қазақстан басшысының бауыры Асқар Қонаев сайланды. Бұған дейін Асановты беделді қызметтен кетірудің амалын таппай жүрген жасырын және ашық жаулары Асқар Қонаевтың келуімен мұның шешімі табылады деп ойлады. Асқар Қонаев сыбырлағыштарға сеніп, Ғылыми кеңес мүшелеріне Асановты үнемі өзінің жанынан көргісі келмейтінін және маңызды құжаттардан оның қолын көргісі келмейтінін білдірді. Бірақ та бұл іске құйтырқылардың әлі келмейтін боп шықты. Кәрішал Асанов екі жылға сайланды және тек осы мерзім өткенде ғана есеп беру-сайлау жиналысында оны қызметінен босатуға болатын еді.

Екі жыл мерзім өткенде Ғылым академиясы кәсіподақтарының кезекті есеп беру-сайлау жиналысы өтті. Басшылықтың атынан жиналысты Қазақ КСР Ғылым академиясы президиумының академик-хатшысы Салық Зиманов жүргізді.

Асановтың конференциядағы баяндамасын аққудың әуезіндей қабылдаған Салық Зиманов екі есептік кезеңдегі оның қызметін бәрібір кемсітті. Мұның артында жоғарғы жақтың тапсырмасы тұрғаны айқын көрініп тұрды.

Төрағалық етуші даярлыққа арнап жиырма минуттық үзіліс жариялады. Бірақ, қызық болғанда конференция делегаттарының арасынан Кәрішал Асановтың жұмысын сынағысы келген бір де бір адам табылмады. Сөз алғандар не оның жұмысын мақтап жатты, не оның атына еш сын айтпастан жалпылай сөйлеп жатты. Сосын дауысқа салу басталды. Сол кезде алдын ала ролі белгіленген Казсовпроф өкілдерінің бірі келесідей мәлімдеме жасады: «Кәреке, тәжірбиелік негізде жақсы еңбектендіңіз, енді ғылыми жұмысқа ден қойсаңыз. Ғылым кандидаты болатын күніңіз де алыс емес шығар».

Осы сөз айтылып болар-болмастан Салык Зиманов іле-шала: «Асанов ешқашан ғылым кандидаты болмайды!» - деді. Асанов жымиды да жұмсақ сөйледі: «Кімнің кім болатынын уақыт көрсетеді. Солай емес пе, Салық Зиманұлы?» Кәрішал жұмсақ жауап берді, бірақ бәрібір академиялық иерархиядағы екінші адамға бұлайша жауап беру оңай шаруа емес еді. Ыңғайсызданған айналадағылар күлгеннен басқа не істерін білмей қалды.

Үш айдан кейін Салық Зиманов аяқасты президиумның академик-хатшысы қызметінен босатылғанда Кәрішал екеуі жолығысып қалды. Сол жерде болған әңгіме олардың бірі үшін өте жағымсыз, ал екіншісі үшін қызықты болды.
Жазушы-диссидент Кәрішал Асанов отыз жыл бұрынғы мезетті былай еске алады:

- Мен Зимановпен жұмсақ амандастым да: «Салық Зиманұлы, өмірде не болмайды? Сіз үлкен ғалымсыз, енді сіздің қаламыңыздан көптеген тамаша монографиялар дүниеге келіп, шәкірттеріңізден әлемге танымал ғалым тәрбиелеп шығуыңызға уақытыңыз көп болады», - дедім.

Қызарған академик өзінің оппонент-диссидентіне тіл қатпады. Бетін теріс бұрып, үндемеген қалпы жанынан өте шықты. Асановтың көңілі қанағат тапты.

Қадалған тіл, сұқтанған көздерге қарамастан 4 жыл өткенде Асанов Қырғызстанда кандидаттық диссертацияны сәтті қорғады.
1986 жылдың басында оны әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университеті оқытушылық қызметке шақырды. Бұл уақытта оның жасы елуді алқымдаған. Ендігі қабілет-қарымды толық пайдаланудың жалғыз жолы — ғылым ғана. Докторлық диссертацияға кірісуім керек деп шешті ол.

Осы кезде кенеттен елдің саяси төрінде түсініксіз оқиғалар орын алды. Кеңес Одағында билік басына жас бас хатшы Михаил Горбачев келді де бір Кәрішал Асановтың ғана емес, миллиондаған кеңес адамдарының өмірі құйындай шыр айналды.

Бұл уақыт қаһарманымыздың ең қайғылы, ерлікке толы өмір жолының енді ғана басталған беті болатын …

(Жалғасы бар.)
XS
SM
MD
LG