Accessibility links

Қырғызстан мен Қазақстанда ажырасу көбейген


Терезеге қарап тұрған әйел. (Көрнекі сурет)

Терезеге қарап тұрған әйел. (Көрнекі сурет)

Қырғызстанда ерлі-зайыптылардың ажырасуы көбейе бастаған. Қазақстан болса, әлемдегі алғашқы ондыққа кірді. Мамандар оның өзіндік себебі бар екенін айтады.

Азаттықтың Қырғыз қызметі Қырғызстанның Нарын мемлекеттік университетінде "Арузат" ұйымы құрылғанын жазады. Бұл ұйым студенттерге үйлену мен үй болудың қыр-сырын үйретпек. Себебі, елде ажырасу ісі көбейе бастаған. Ұйым осы үрдістің алдын алмақ.

Ұлыбританиялық The Economist журналының дәстүрлі "Әлем статистикасы - 2015" жинағында Қырғызстан ажырасу көрсеткіші бойынша әлем елдері арасында 48-орында тұр. Ал Қазақстан болса, алғашқы ондыққа кірген.

АЖЫРАСҚАНДАР ТАҒДЫРЫ

Жамбыл облысы Қордай ауылының 35 жастағы тұрғыны Айман (аты-жөнін толық атамауды өтінді - ред.) күйеуімен екі жыл бұрын ажырасып кеткен. Төрт баласы өзінде қалған. Жұмыс істемейтін Айман және оның балалары ауылдағы әке-шешесінің зейнетақысы мен күйеуі төлейтін алиментпен күн көріп жатыр. 20 жасында тұрмысқа шыққан Айман үйлену тойына дейін күйеуімен ашылып сөйлеспегенін айтады.

– Бішкектегі қырғыз ұлттық университетінде оқыдым. Қордайға келіп-кетіп жүргенде оны [күйеуін айтады] көретінмін. Такси айдаушы еді ол кезде. Бірге қыдырып, сөйлескен емеспіз. Бір күні Бішкектен қайтар кезде соның көлігіне отырдым. Қордайға келгеннен кейін, жолшыбай үйіне құжат тастай салмаққа бұрылды. Қарсы болмадым. Сөйтсем үйіне бастап келген екен, алып қалды. Осылай тұрмысқа шығам деп ойлаған емеспін. Ол кезде жас, жасық едім, кетіп қалуға ата-анамнан ұялғам,– дейді Айман.

Келіншектің айтуынша, төрт бөлмелі жер үйде қайын атасы мен енесі, өзінің отбасы және қайын сіңілісі үш баласымен тұрған. 13 жылғы отбасылық өмірде күйеуі ауылда жұмыстың жоқтығынан көбінесе сыртта жүрген.

– Астана, Алматыда құрылыста істеді. Үйге үш-төрт айда бір келетін. Бала-шағамен еріп жүргенге, пәтер жалдағанға табысы жетпеді. Анда-санда бір көргеннен кейін арамыз тез суып кетті. Дәм-тұзымыз жараспаған соң, бірге өмір сүрмеген соң ажырастық,– дейді Айман.

Төрт балалы әйел ажырасуының себебін жас кезінде тұрмыс құруға іштей дайын болмағанынан көреді. Ол «ажырасудың басты себебі - жастардың үлкен өмірге дайындықсыз үйленуі» деп ойлайды.

Ал Астана қаласының 42 жастағы тұрғыны Жалғас (аты-жөні өтінішімен өзгертілді-ред) қазір бойдақ. Бір үйдің жалғыз ұлы бұған дейін екі рет ажырасқан. Айтуынша, екінші әйелі әуе компаниясында жұмыс істепті. Табысы көп болғандықтан, қызметке қызыққан.

– Қалада туып өскендіктен, «мінезі ашық қала қыздары адал әйел болмайды» деп ойлап, ауыл қызына үйленгем. Пәтерім, көлігім, жұмысым болды. Алайда әйеліммен сөзім жараспады. Көзқарасымыз бөлек болып шықты. Содан көп созбай, бөлініп кеттік. Ал екіншісімен көңілім жарасқанымен, ол қызметін жоғары қойды. Маған қоятын талабы күшейді. Мен оны, ол мені өзгерте алмай, ұрыс шықты. Содан ажырастық, – дейді Жалғас.

Жалғас та, Айман да ажырасқалы өмірлері бір ізге түскенін, айғай-шу, реніш, өкпеден құтылғандарын айтады.

МАМАННЫҢ ПІКІРІ

Әлеуметтанушы, Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы Айгүл Забирова елдегі ажырасудың көбеюінде заңдылық бар дейді. Оның айтуынша, 1990 жылмен 2010 жылдағы деректерге қарағанда, қала халқы көбейіп, ауыл тұрғыны азайған. Соның әсерінен әйел мен еркектің статусы да өзгерген. Еті тірі, оқыған қазақ қыздарына қалада көп мүмкіндік ашылған. Бұрынғыдай ауылда қалып, ата-анаға, ағайын-туысқа, қаржыға тәуелділік жойылған.

– Әйел үшін қалада жұмыс, мүмкіндік көп. Әйелдің өзіне деген сенімі артты. Бұрын совет кезінде адамды үйленген-үйленбегені, ажырасқанына қарап бағалайтын. Қазір бұл пікір өзгерді. Сөздері жараспаған жұптарда бұрын «бала үшін шыдау керек» деген түсінік болса, қазір «баланы алдамау, олар үшін өтірік бақытты болудың қажеті жоқ, шынайы өмір сүру керек» деген пікір қалыптасты,– дейді Айгүл Забирова.

The Economist журналы шығарған "Әлем статистикасы - 2015" жинағының Қазақстанға қатысты бетінің фотокопиясы.

The Economist журналы шығарған "Әлем статистикасы - 2015" жинағының Қазақстанға қатысты бетінің фотокопиясы.

​Ал Ұлыбританияның беделді басылымы The Economist жариялаған соңғы "Әлем статистикасында" Қазақстан ажырасудан 10-орында тұр. Мұндағы дерек бойынша, мың адамға шаққанда Қазақстандағы ажырсу көрсеткіші – 2,7. Бірақ Қазақстан үйлену жағынан да алдыңғы ондықтың ішінде, яғни 9-орын. Мың адамға шаққанда үйлену көрсеткіші де соғұрлым жоғары- 9,7.

Ажырасудан бірінші орында 5,3 көрсеткішімен АҚШ иелігіндегі Гуам аралы тұр. 4,7 көрсеткішімен Ресей - екінші; 4,1 көрсеткішімен Беларусь үшінші орында. Қазақстанның көршісі Қырғызстан бұл тізімде 48-орыннан көрінеді. Бұл елде мың адамға шаққандағы ажырсу көрсеткіші – 1,7. Ал Қытайдікі – 1,8.

​2015 жылдың қаңтар айында Қазақстан Ұлттық экономика министрлігі статистика комитеті мамандары таратқан дерек бойынша, 2014 жылғы қаңтар-қарашада АХАТ органдары 147 мың 300 неке қию туралы акті жазбасын жасаған. Тура осы уақыт аралығында 48,4 мың ерлі-зайыпты ажырасуға өтініш берген. 2013 жылмен салыстырғанда 2014 жылы ажырасу 2,3 пайызға өскен.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG