Accessibility links

БҰҰ Ілиясовты Қазақстанға кіргізуді бұйырды


Әуежайдағы жолаушылар. (Көрнекі сурет)
Әуежайдағы жолаушылар. (Көрнекі сурет)

БҰҰ адам құқығы комитеті «мемлекеттік қауіпсіздікке қатер төндіреді» деген уәжбен ҰҚК Қазақстанға кіргізбей қойған Ресей азаматы Тимур Ілиясовтің пайдасына шешім шығарды. Оның отбасы Қазақстанда тұрған еді.

Қазір бұл отбасының сергелдеңі аяқталған. Ресей азаматтары Тимур Ілиясов пен әйелі Наталья Самарина (екеуі де 43 жаста) 11 жастағы балаларымен бірге Швецияда тұрады. Бірақ кезінде ұлты шешен отағасының «арам пиғылынан» күдіктенген Қазақстанның арнайы қызметінің кесірінен үшеуі талай жыл көріспеді.

БҰҰ-ның адам құқығы комитетінің мәлімдеуінше, 2008 жылдың тамызында Грозный қаласынан төрт жасар ұлымен Ақтауға ұшып келген Ресей азаматы Тимур Ілиясовті Қазақстанға кіргізбей қойған. Әйелі оларды Алматы қаласына келеді деп күткен. Бірақ ҰҚК «мемлекеттік қауіпсіздікке қатер төндіреді» деген уәжбен Ілиясовтің Қазақстанға кіруіне тыйым салған.

Ол кезде Ілиясовтің жұбайы Наталья Самарина Қазақстан азаматы болған. Тимур Ілиясов әйелінің Алматыдан келуін шекарадағы бақылау аймағында күтуге мәжбүр болды. Ақтаудағы баласын алып кету үшін жұбайы мыңдаған шақырым жол жүрген. Ал Тимур Ілиясов Шешенстан астанасы Грозныйға қайтуға мәжбүр болды. Кейін Грозный қаласында ғана қауышып, ол жақтан көп ұзамай Швецияға кеткен отбасының Қазақстан билігімен сот сергелдеңі басталған.

ҰҚК-МЕН СОТТАСУ

2008 жылы Наталья Самарина көмек сұраған соң Тимур Ілиясовтің мүддесін Қазақстандағы адам құқығы бюросының Астана қалалық филиалы басшысы Анар Ибраева қорғай бастаған.

ҰҚК-ге жолданған сауалдардан Ілиясовтің елге кіруіне тыйым салуға қатысты жайттарды анықтау мүмкін болмаған. ҰҚК «оның елге кіруіне мемлекеттік қауіпсіздік мүддесі үшін әрі «Халықтың көші-қоны туралы» заңның 22-бабына сәйкес тыйым салынды» деп мәлімдегенімен, мемлекеттік қауіпсіздікке Ілиясовтің нақты қандай қатер төндіргенін түсіндірмеген.

Астана қаласының Сарыарқа аудандық соты ғимараты. (Көрнекі сурет).
Астана қаласының Сарыарқа аудандық соты ғимараты. (Көрнекі сурет).

2008 жылдың қарашасында Тимур Ілиясов Астана қаласының Сарыарқа аудандық сотына ҰҚК-нің әрекетін заңсыз деп танып, комитетті елге келуіне салған тыйымды алып тастауға міндеттеуді сұрап арыз жазған. 2009 жылы наурыздың 2-сі күні судья Руслан Баишев Ілиясовтің емес, ҰҚК-нің пайдасына шешім шығарған.

Сарыарқа аудандық сотының шешіміне қатысты жоғары сатыдағы инстанцияларға түсірген шағымдардан нәтиже шықпаған. Соттардың бәрі ҰҚК-нің Ілиясовтің елге кіруіне тыйым салу әрекетін заңды деп таныған.

Бірақ Тимур Ілиясовтің Қазақстан қауіпсіздігіне қандай қатер төндіргені сол күйі нақтыланбай қалған. Сот процестері кезінде тек бір куәгер – ҰҚК қызметкері ғана «Ресей Федерациясы территориясында жасалған заңға қайшы әрекеттерге Ілиясовтің қатысы бар» деген түсінік берген. Бірақ Ресей тарапынан Ілиясовке қатысты шығарылған ешқандай процессуалдық немесе сот шешімін ҰҚК көрсетпеген.

БҰҰ КОМИТЕТІНІҢ ҚОЛДАУЫ

БҰҰ-ның адам құқығы комитеті Тимур Ілиясовтің «Қазақстан билігі 2008 жылы әйелім мен ұлымнан айырды» деген шағымы бойынша оның пайдасына шешім шығарды. БҰҰ комитеті Қазақстан азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің «адамдардың өз отбасын заң арқылы жөнсіз қол сұғудан қорғау құқығы бар» деген ережесін бұзуға жол берген деп тапты.

БҰҰ-ның адам құқығы комитеті Ілиясовтің шағымын қарап жатқанын жазбаша хабарлаған соң көп ұзамай - 2011 жылдың сәуірінде Қазақстанның бас прокуратурасы оның Қазақстанға келуіне салынған тыйымның күшін жойған. Бірақ бір жыл бұрын Наталья Самарина баласын алып Грозныйдағы еріне кетіп қалып, үшеуі сол жақта табысқан еді.

Қазақстандағы адам құқығы бюросының Астана қалалық филиалы басшысы Анар Ибраева. Алматы, 23 маусым 2011 жыл.
Қазақстандағы адам құқығы бюросының Астана қалалық филиалы басшысы Анар Ибраева. Алматы, 23 маусым 2011 жыл.

Қазақстандағы адам құқығы бюросының Астана қалалық филиалы басшысы Анар Ибраеваның айтуынша, БҰҰ комитеті шешімінің арыз иесі ғана емес, өзге де қарапайым азаматтар үшін маңызы бар. Өйткені Қазақстан алған міндеттемелеріне сәйкес, мұндай заң бұзушылықтарға жол бермеу үшін мемлекет заңдарын, практикасын өзгертуі тиіс.

- Тимур Ілиясовтің ісі - үлкен жеңіс. БҰҰ комитетінің шешіміне байланысты ол енді моральдық өтемақы талап ете алады, - дейді Анар Ибраева Азаттық тілшісіне.

Бұрын Қазақстанда тұрған Тимур Ілиясовтің қолында 2000 жылы алған ықтиярхаты бар. Тимур Ілиясов пен Наталья Самарина 2003 жылдың басында Алматы қаласы Бостандық аудандық хал актілерін тіркеу бөлімінде некелерін тіркеткен. Екеуі сол жылы ұлды болған. 2008 жылдың ақпанында Грозныйда тұратын әке-шешесіне қонаққа кетіп, сол жылы тамызда кішкентай ұлымен Қазақстанға қайтпақ болған Тимур Ілиясовті елге кіргізбей қойған.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG