Accessibility links

ҰБТ мен Ресей емтиханы сәйкестендіріле ме?


Ресейдің мемлекеттік бірыңғай емтиханы. Ресей. (Көрнекі сурет)

Ресейдің мемлекеттік бірыңғай емтиханы. Ресей. (Көрнекі сурет)

Жуырда Қазақстанның Премьер-министріне Ұлттық бірыңғай тестілеуді Ресейдің мемлекеттік бірыңғай емтиханымен сәйкестендіру жөнінде ұсыныс жасалды.

Азаттықтың тілшісі бұнан не пайда келетінін саралап көрді.

ҚАЙ ЕЛДЕ ЕМТИХАН ТАПСЫРУ КЕРЕК?

Мектеп оқушысы Нұрсезім Алмасбек. Қызылорда облысы, 27 маусым 2014 жыл.

Мектеп оқушысы Нұрсезім Алмасбек. Қызылорда облысы, 27 маусым 2014 жыл.

Қызылорда облысының тұрғыны Нұрсезім Алмасбек Ресейде өтетін Мемлекеттік бірыңғай емтиханды артық көреді, Премьер-министрге сауал тастаған Парламент депутатының бастамасын қолдайды. Қазақстандағы жүйеге қарағанда, Ресейдегі мектеп бітірушілер тапсыратын емтихан жүйесі қисынды құрылған деген пікірлер бар.

- Келесі жылы ҰБТ тапсырамын. Менің ойымша, көптеген түлектер сияқты үш сағат отырып, жауаптарды ойжота, шамамен белгілегеннен гөрі, нақты пәндерден емтихан тапсырған жеңіл. ҰБТ тапсырған кезде түлектердің де, ата-ананың да қатты күйзелетінін естіп жүрмін, - дейді Азаттыққа Нұрсезім Алмасбек.

Нұрсезімнің айтуынша, «емтихан тапсырғанда оқытушымен нақты, тікелей қарым-қатынас болуы керек және оқушы мазмұндау барысында мектеп пәнін есінде жақсы сақтайды».

Қазақстандық емтихан жүйесін ресейлік жүйемен сәйкестендіруді ұсынып отырған Парламент депутаты Жұматай Әлиевтің ойы да осы шамалас. Оның идеясы Қазақстандағы көптеген азаматтар «еліміздің тәуелсіздігіне төнген қатер» деп санайтын Еуразия экономикалық одағы құрылған шақта айтылғандықтан, кейбіреулер мұны мектептегі білім беру жүйесін де Ресейдікімен сәйкестендіру әрекеті деп жориды.

Парламентте депутат Жұматай Әлиев «Екі жылда жарты миллионға дейін студент Ресей және өзге елдерге оқуға кетті. Біз ҰБТ-ның жастардың елден сыртқа кету сықылды ауқымды ұлттық мәселенің себебіне айналуына жол бермеуге тиіспіз. Солтүстік өңірлерден студенттердің Ресей университеттеріне тұтас мектеп болып кетіп жатқанын білеміз» деп мәлімдеді.

Бұдан өзге, депутат ҰБТ қиындықтары елде және тұтас білім беру саласында әлеуметтік шиеленіске әкеп соғатынын айтты.

МИНИСТРЛІК ТҮСІНДІРМЕСІ

Азаттықтың «Бұл екі жүйенің ұқсастығы мен айырмасы неде; ресейлік жүйе, қазақстандық жүйеге қарағанда расында да жақсы құрылған ба; Білім министрлігінің өкілдері депутаттың пікірімен келісе ме?» деген ресми сауалдарына Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің бақылау комитеті төрайымы Зәбира Оразалинова жауап берді.

Білім және ғылым министрлігінің жауап хатында «ҰБТ сертификаты осы жылдың 31 желтоқсанына дейін жарамды және Қазақстанның барлық жоғары оқу орындарында мойындалады, ал Ресейдің мемлекеттік бірыңғай емтиханының (МБЕ) сертификаты төрт жылға беріледі, алайда Ресей ЖОО-ларының барлығы оны мойындай бермейді» деп жазылған.

ҰБТ Қазақстанның барлық жоғары оқу орындарында мойындалады, ал Ресейдің МБЕ сертификаты төрт жылға беріледі, алайда Ресей ЖОО-ларының барлығы оны мойындай бермейді.

Бұдан бөлек, министрлік өкілі «ҰБТ қорытындысы бойынша бір немесе екі пәннен «екі» алып қалған түлек аттестат алу үшін мектепте сол пәндерден қайтадан емтихан тапсыра алады, ал МБЕ-де тек бір ғана міндетті пәннен қайта тапсыра алады. Бұл орайда, ҰБТ аттестат алатын түлектерді қайта емтихан тапсыру құқығынан айырмайды, яғни ҰБТ - аттестаттаудың икемді формасы» дейді.

ҰБТ қазақ немесе орыс тілдерінде бес пән бойынша өтеді және оны тапсырудың ұзақтығы — үш жарым сағат (210 минут). Ал МБЕ жалпы білім беретін 14 пән бойынша өткізіледі. Бірақ аттестат алу үшін осы жылғы түлектер емтиханды орыс тілі және математикадан, яғни екі-ақ міндетті пәннен тапсырады. Ал қалған пәндердің сынағынан түлектер ерікті негізде ғана өтеді.

Азаттықтың «Білім министрлігі депутаттың «ҰБТ жастардың елден сыртқа ағылуына әкеп соққан ауқымды ұлттық мәселеге айналды» деген пікірімен келісе ме?» деген сауалына Зәбира Оразалинова жауап берді. Ол «Кез келген емтихан — бала үшін ғана емес, сондай-ақ үлкендер үшін де сынақ. Күйзеліс пен уайым — ҰБТ ғана емес, сол сияқты кез келген басқа емтихандармен бірге ілесе жүретін факторлар. Түлектердің даярлық деңгейін арттыру, оларды ҰБТ-ға психологиялық тұрғыда бейімдеу үшін жыл сайын жоспарлы түрде сынақ тестілеу өткізіледі. Сонымен қатар, адамдар шетелдерге өз өмірінің алғышарттарын, жағдайын (әлеуметтік, этномәдени, климаттық) жақсарту үшін кетеді. Бұл орайда, жастардың сырт елдерге кету мәселесінің ҰБТ-ға еш қатысы жоқ» дейді.

ОҢТАЙЛЫ ЖОЛ ІЗДЕУ

Алматы қаласындағы азаматтық белсенді Ерсайын Ерғожа «шенеуніктердің нақты ешқандай шешімдері жоқ және де ҰБТ енгізілгелі бері ол ешқандай жақсы нәтиже бермеді» деп санайды.

- Жыл сайын көп адам психологиялық күйзеліске түседі. Түлектер бірыңғай тестілеу орталықтарына шалғай аудандардан келіп, пәтер жалдайды, оқушылардың 25 пайызы тестілеуден өте алмай қайтады. Бағдарламалар өте күрделі, оны тіпті президент те, мектеп директоры да, оқытушылар да тапсыра алмас еді, - дейді ол.

Жезқазған оқушылары. (Көрнекі сурет)

Жезқазған оқушылары. (Көрнекі сурет)

Азаматтық белсендінің пікірінше, елде жақсы білім берілмейді. ҰБТ сұрақтарын ата-ананың репетитор жалдап, оқытушылардың осы арқылы ақша табулары үшін жасырады. Азаматтық белсенді «ҰБТ мен МБЕ-ні үйлестіру идеясының астарында саяси тапсырыс бар» деп санайды.

Алматылық журналист Кәмшат Әбілқызы түлектердің білімін тексеру үшін ҰБТ өткізуді өзгертпей, осы күйінше қалдырғанды жөн көреді. Оның ойынша, күйзелетін адам МБЕ тапсырғанда да қиналады.

Журналист түлектерге «әлеуметтік желілерде көп уақыт өлтіріп, соның кесірінен түрлі жағымсыз жайттарға ұшырамай, оқуға көбірек көңіл бөлуге» кеңес береді.

2014 жылы ҰБТ-ға мектеп бітірушілердің 65,7 пайызы қатысты. ҰБТ-ға халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалардың жеңімпаздары және қатысушылары, ЖОО-ға түсу жоспары жоқ, үлгерімі нашар түлектер қатыспайды. Биылғы жылы тестілеуге қатысқандардың 23,1 пайызы - 20 мың 236 түлек ЖОО-ға түсуге мүмкіндік беретін ұпай санын жинай алмады.

  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG