Accessibility links

Тұтқындар көлік жөндеуден бас тартып еді, соңы дауға ұласты


Аркадий Баев, АК - 159/20 қоныс колониясындағы жазасын өтеуші. Шахтинск. 24 маусым 2011 жыл.

Аркадий Баев, АК - 159/20 қоныс колониясындағы жазасын өтеуші. Шахтинск. 24 маусым 2011 жыл.

Қарағанды облысы Долинка елді мекеніндегі түрменің бес тұтқыны түрме бастығының орынбасары Ғалымжан Рысбаевтың үстінен бас прокурорға шағымданды.


Азаттық радиосының редакциясына келіп түскен хат бойынша, 25 мамырда АК-159/20 қоныс колониясы бастығының орынбасары, әділет капитаны Ғалымжан Рысбаев осы колонияда жазасын өтеп жатқан тұтқындар жұмыс істейтін техникалық қызмет көрсету станциясына келген.

Тұтқындардың айтуына қарағанда, ол өзінің көлігін тегін жөндетіп алғызбақ болып, дөрекі түрде мәжбүрлей бастады. «Біз одан жұмыс берушімізбен, директор Б.Базаровпен сөйлесуін сыпайы түрде өтіндік, бірақ Ғалымжан Болатұлы мұнымызды бас тарту деп ұқты», – деп жазады тұтқындар шағымдарында.

Тұтқындардың айтуы бойынша, сол кеште, "отбойдан" кейін, түрме бастығының орынбасары оларға футбол алаңын қазғызған. «Одан соң дәретхананы біз тазалайтындай етіп, кезектен тыс кесте бекітті: тіс жуатын щёткамен жуып, қасықпен қыруға мәжбүрледі. Онысымен қоймай: „Камераға түсіріп, сенің жақындарыңа жіберемін, сенің не істеп жүргеніңді көрсін" деп отырды" деп жазады тұтқындар.

Олар 21 маусым күні капитан Ғалымжан Рысбаев мас күйінде келіп, футбол алаңын қайта қазғызды деп мәлімдейді.

«Оған қоса біз алаңды таңға дейін қазып бітіруіміз керек болды. Бізді колониядан отырып келген мекемемізге қайта жібертемін деп қорқытты», – деп жазылған хатта.

Сол сәтте, тұтқындардың сөздеріне қарағанда, саяси мәселелер жөніндегі түрме бастығының орынбасары Ғалымжан Рысбаев балағаттап сөйлеп, бәрін қалта телефонына түсіріп отырды.

"БІР АДАМҒА ҒАНА НАРАЗЫМЫЗ"

Тұтқын Аркадий Баевтың сөзіне қарағанда, олардың түрме әкімшілігіне наразылығы жоқ, олар нақты бір адамның іс-әрекеттеріне қарсы болып отыр.

– Біз техникалық қызмет көрсету станциясында заңды негізде, келісімшарт бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Жөндеу орны Шахтинск қаласында орналасқан. Мұнда жұмысқа келіп, кешкісін колонияға қайтамыз. Бәрі оның көлігін жөндеуден бас тартқан соң басталды, – дейді Аркадий Баев.
Айдос Қабжанов, жазасын өтеуші. Шахтинск. 24 маусым 2011 жыл.


Сотталушы Айдос Қабжановтың айтуынша қазір оларды бүкіл түрменің әкімшілігі күлкі етеді:

– Бақылау пунктіндегі бақылаушылардың өздері (футбол алаңы соның жанында орналасқан): "О, "Базаровтың жігіттері" келді: футбол алаңы сендерді күтіп тұр" дейді. Жұрт күледі, ал біз мұны қорлық көреміз, кемсіту деп түсінеміз.

Айдос Қабжановтың айтуынша, түрме бастығының орынбасары Ғалымжан Рысбаев тұтқын Дмитрий Задорожныйды көлікті жөндеуден бас тартқаны үшін оны бүкіл отрядтың алдында кешірім сұрауға мәжбүрлеген.

– Ол "мұны камераға түсіремін" деп қорқытты. "Кешірім өтін, бауырым, "кешір мені" де, айт қане" деді. Өзі сонда мас болатын. Мұның бәрі сол кезде сотталған қырық адамы бар ұйықтайтын бөлмеде болды. Бәрінің алдында бұл бір моральдық қорлық, адам төзгісіз іс екен. Ересек адамдармыз, балаларымыз бар. Бізді жұрт алдында қорлағанда, жүйкеміз шыдамай кетеді, абайсыздан қол жұмсап жібереміз бе деп қорқамыз, – дейді Айдос Қабжанов.

Шағым жазған тұтқындардың сөзіне қарағанда, түрме әкімшілігі осы оқиғадан "шу шығармауды" сұрапты.

– Қазір бастық демалыста, оның міндеттерін атқарушы былықты реттеуге шамасы жоқ. Замполиттің өзі Таразға ауысып жатыр. "Ол ертең ауысады, ал колония жаманатты болмақ" деді. Бірақ колонияның атына біздің кір келтіргіміз келмейді. Бәріне де көңіліміз толады: әкімшілікке наразы емеспіз. Тек осы кісі адам төзгісіз қылық көрсетеді, – дейді Айдос Қабжанов.

"РЫСБАЕВ БҰЛ КОЛОНИЯДА ЕНДІ ЖҰМЫС ІСТЕМЕЙДІ"

Азаттық радиосының тілшісі Ғалымжан Рысбаевпен телефон арқылы байланысуға тырысып көрді. АК-159/20 түрмесінің қабылдау бөлмесінде капитанның сырқат бойынша демалыста екенін айтып, ертең телефон шалуымызды сұрады. Бірақ келесі күні де онымен тілдесу мүмкін болмады.

Қарағанды облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі комитеті басқармасы 24 маусым күні Азаттық радиосына аталмыш оқиғаға қатысты әзірше еш түсініктеме бере алмайтындарын айтты.

– Қазір біздің қызметкерлер оқиға орнына кетті, сол жерде қазір істің мән-жайын анықтауда, қазір бәрін білетін боламыз, – дейді Қарағанды облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі комитеті басқармасы түзеу бөлімінің бастығы Наталья Горина.

Араға бір ай салып, бірнеше мәрте телефон шалған соң Наталья Горина әділет капитаны Ғалымжан Рысбаевтың енді оларда жұмыс істемейтінін айтып, жеке бас қауіпсіздігі қызметінің қызметкерімен сөйлесуді ұсынды.
Жазасын өтеушілер жұмыс істейтін техникалық қызмет көрсету орталығы. Шахтинск. 24 маусым 2011 жыл.


– Қызметтік тексеріс аяқталды. Тексерісті қылмыстық атқару жүйесі комитетінде өткізді, себебі ол – мекеме бастығының орынбасары. Біздің қызмет қатардағы қызметкерлермен айналысады. Сотталғандардың өздерінің ұжымдық арыздарында көрсеткен фактілер дәлелденбеді. Рысбаев басқа облысқа ауысу туралы рапорт өткізді, енді қазір оны қай облысқа жіберетіндерін комитетте қарастырып жатыр, – деді атын атағысы келмеген, Қарағанды облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі комитеті жеке бас қауіпсіздігі қызметінің қызметкері.

"Әділет капитаны Ғалымжан Рысбаев басқа түрмеге ауысу туралы рапортты қашан берді?" деген сауалға жеке бас қауіпсіздігі қызметінің қызметкері жауап бере алмады.
  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG