Accessibility links

Қазақстанда доллар тапшылығы байқалды


Ақтаудағы валюта айырбастау пунктінің біріндегі таблода доллар болмағандықтан, оның сатылу бағасы көрсетілмеген. Ақтау, 21 желтоқсан 2014 жыл.
Ақтаудағы валюта айырбастау пунктінің біріндегі таблода доллар болмағандықтан, оның сатылу бағасы көрсетілмеген. Ақтау, 21 желтоқсан 2014 жыл.

Желтоқсанның 20-сы күні әлеуметтік желіде Астанада доллар жоқ екені, жұрттың АҚШ валютасын іздеп сабылғаны жайлы бірді-екілі жазба шықты. Алайда жаппай ажиотаж туралы ақпараттар расталмады. Дегенмен кей аймақта доллар тапшы.

20 желтоқсан күні әлеуметтік желіде "Астанада доллар табудың қиындағаны, осының кесірінен ажиотаж пайда болып, жұрттың доллар іздеп сабылғаны, оның бағамы 187 теңгеге жеткені" туралы бірді-екілі жазба шыққан еді.

Алайда жаппай ажиотаж туралы бұл лақаптар расталмады. Жұмадан (19 желтоқсан) бері доллардың бағасы 1-2 теңгеге қымбаттағаны болмаса, Астана, Алматы, Ақтөбе қалаларында ондай дүрлігіс жоқ. Бірақ Шымкент пен Ақтауда доллардың тапшы екені, Ақтаудағы базарда кейбір валюта сатушылардың долларды 188-190 теңгеге сатып жатқаны анықталды. Алайда доллар іздеп дүрліккен жұрт бұл қалаларда да байқалмады.

Алматы

Азаттық тілшісі хабарласқан Алматыдағы валюта айырбастау пункттеріндегі сатушылар "қанша доллар керек болса да табылатынын" айтты. Мұндағы доллардың бір теңгеге шаққандағы бағамы 21 желтоқсан күні 184-185 теңге болып тұрды. Ақша айырбастау орнындағы аты-жөнін айтпаған кассир:

​ - Сенбі-жексенбі күндері доллар әдетте жұмыс күндерден гөрі қымбатырақ болады. Долларды сатып жатырмыз. Жағдай қалыпты. Дүйсенбі күні доллар сәл де болсын арзандауы мүмкін. Өйткені, жұмыс күндері банктер ашылады. Жұма күні долларды 185 теңгеден саттық, бүгін 184 теңге 80 тиын деп отырмыз, - деді.

Астанадағы сенбі күнгі "дефицит"

Астанадағы Азаттық тілшісінің айтуынша, қалада 20 желтоқсан күні валюта айырбастау пункттерінің кейбірінде доллар болмай қалып, кей тұрғындар әбігерге түскен.

Валюта бағамы. Астана, 21 желтоқсан 2014 жыл.
Валюта бағамы. Астана, 21 желтоқсан 2014 жыл.

​Доллар бағамы кейбір жерлерде 186 теңге 50 тиынға дейін көтерілген. Алайда 21 желтоқсан күні, яғни бір күннен кейін бұл тапшылық жойылған. Қазір Астанада доллар бағасы 184-185 теңге болып тұр.

"Пайда 2005" валюта айырбастау пунктінің кассирі Азаттық тілшісіне "кеше валюта дефициті болғанын, алайда бүгін жағдайдың қалыпқа түскенін" айтты.

Ақтөбедегі доллар

Ақтөбеде доллар тапшылығы сезілмейді. Алайда «Еуразиялық банктің» Ақтөбедегі филиалының аты-жөнін атамаған қызметкері 19 желтоқсаннан бері доллардың 1 теңгеге жуық қымбаттағанын айтты.

- Бейсенбі, яғни 18 желтоқсан күні бір доллардың теңгеге шаққандағы бағасы 183 доллар 95 тиын болған еді. Одан кейінгі үш күннің ішінде доллардың біздегі курсы 184 теңге 40 тиын, 184 теңге 60 тиын болып келіп, бүгін (21 желтоқсан) 184 теңге 80 тиынға шықты, - дейді банк қызметкері.

Шымкентте доллар тапшы

Шымкентте 21 желтоқсан күні қаладағы валюта айырбастау пункттерінің көбінде доллар болмай тұр. Валюта айырбастау орнының кассирі

Шымкенттегі доллардың бағамы. 21 желтоқсан 2014 жыл. Суретті түсірген - Дилара Иса.
Шымкенттегі доллардың бағамы. 21 желтоқсан 2014 жыл. Суретті түсірген - Дилара Иса.

Азаттық тілшісіне "Банктердің 19 желтоқсаннан (жұма) бері доллар сатпай отырғанын, сондықтан ақша айырбастау пункттерінде де доллардың сатылымда жоқ екенін" айтқан.

Ақша айырбастау пункті қызметкерінің айтуынша, олар "долларды теңгеге айырбастау операцияларын ғана орындап жатыр, бірақ доллар сұраушылар көбейген". Ал екінші бір ақша айырбастау пунктінің қызметкері "доллар бір аптадан бері жоқ" деген.

Шымкентте қазір бір доллардың құны 185 теңге болып тұр. Алайда Азаттық тілшісіне шымкенттік бір тұрғын долларды бейресми түрде 186 теңге 50 тиын бағамымен сатып алғанын айтқан.

Ақтауда доллар 190 теңгеге барған

Азаттықтың Ақтаудағы тілшісінің хабарлауынша, 21 желтоқсан күні қаладағы валюта айырбастау пункттерінде доллар мүлде болмаған. Ал жеке сатушылар оны 190 теңгеден саудалап жатыр. Қала тұрғындары доллардың соңғы екі-үш күнде 1-2 теңгеге көтеріліп, 182-183 теңгеден -184-185 теңгеге жеткенін, кейін мүлде болмай қалғанын айтады.

21 желтоқсан күні Азаттық тілшісі соққан валюта айырбастау пункттерінің ешқайсысында доллар болмай шықты. Бір кассир әйел "доллардың 23 желтоқсан күні сатыла бастауы мүмкін екенін" айтты.

Ақша айырбастап жатқан әйелдер. Ақтау, "Сары базар", 21 желтоқсан 2014 жыл.
Ақша айырбастап жатқан әйелдер. Ақтау, "Сары базар", 21 желтоқсан 2014 жыл.

Ал Ақтаудың ел «Сары базар» атап кеткен орталық базарында валюта сататын әйелдің сөзінше, "доллардың қазіргі құны - 190 теңге".

- Доллар 14-15 желтоқсаннан бері жоқ. Бұрын 10-20 мыңдап бізге айырбасқа әкелетін, қазір 5-6 мың долларды табудың өзі қиын болып қалды, - дейді аты-жөнін айтудан бас тарқан валюта сатушысы.

Одан бірнеше адам 190 теңгеге доллар сатып алды.

Желтоқсанның 19-ы күні Қазақстан ұлттық банкі "елде қолма-қол шетел валютасы жеткілікті" деп мәлімдеген. Ұлттық банк "Валюта айырбастау пунктері екінші деңгейлі банктер тарапынан және Қазақстан ұлттық банкі тарапынан шетел валютасымен жеткілікті көлемде қамтамасыз етілген" деген болатын.

Бұған дейін әлемде мұнай бағасының арзандауы мен рубль бағамының құлдырауына байланысты Қазақстанда "кезекті рет девальвация болуы мүмкін" дегенге саятын лақап шыға бастаған еді.

  • 16x9 Image

    Гүлбану ӘБЕНОВА

    Гүлбану Әбенова - 2008 жылдың тамызына бері Азаттық радиосы сайтының авторларының бірі. Мәскеу гуманитарлық университетінің тарих факультетін тәмамдаған, Ұлттық өнер академиясында театр сыншысы оқуын бітірген, Евразия ұлттық университетінің магистратурасын «Әлеуметтану» мамандығы бойынша аяқтаған. «Экспресс К» газетімен, басқа да қазақстандық басылымдармен әріптес болған. 1999 жылдан бері Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

XS
SM
MD
LG