Accessibility links

Валюта алмастырумен тек банктер айналысса, арандату мен дүрбелең азая ма?


Қазақстан ұлттық банкінің ғимараты. Алматы, 3 наурыз, 2009 жыл.

Қазақстан ұлттық банкінің ғимараты. Алматы, 3 наурыз, 2009 жыл.

ҚР-сының Ұлттық банкі валюта алмастырумен тек банктердің ғана шұғылдануына мүмкіндік беретін заң жобасы туралы бастама көтермекші. Егер мұндай өзгерістер «Валюталық реттеу туралы» заң жобасына енетін болса, онда елдегі айырбас пункттерінің қызметтері тоқтатылуы мүмкін.

Жергілікті арналарға сұхбат берген Ұлттық банктің төрағасы Григорий Марченко бұл мәселенің 17 жыл бойы талқыланып келе жатқанын айтып, қазіргі таңда валюталық реттеу туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасының Парламентте екенін айтты.

«Біз валюта алмастыру операцияларымен тек банктердің ғана айналысуы туралы мәселе көтереміз. Сондықтан, егер депутаттар бізді қолдаса, онда бұл сұрақты шешіп, мәселеге нүкте қоямыз», - деп мәлімдеді Г.Марченко.

Ұлттық банктің төрағасы айырбас пункттерінің қызметкерлері тұрғындар арасында теңгенің құнсызданатыны туралы сыбыс таратып, долларды жоғары бағамен сатып алуға итермелейтінін айтты. Мысал ретінде ол ақпанның 24-25-і күндері ел арасында доллардың кезекті шарықтауы туралы сыбыстар тарағанын айтты.

«Шынында да, Алматы мен Астана қалаларында түнде долларды 160 теңгеден сатты... Қазір 8-ші наурыз немесе Наурыз мейрамдарының алдында тағы да жұртты арандату жағдайлары басталады. Біз бір жағынан, оларды мораторийден алып шығу керек деп ойлаймыз, ал бір жағынан осы арандату мен дүрбелең тудырған пункттерге шара қолданамыз» деді Г.Марченко жергілікті арна тілшісіне.

Кейбір сарапшылардың айтуынша, тек ақша айырбастаумен айналысатын мұндай қызмет орындарын жабу халыққа тиімсіз. Біріншіден, ол дағдарыс кезінде жұмыссыздардың санын онан сайын көбейтіп, әуре-сарсаңға салса, екіншіден, олардың қызметін атқаратын жеке банктер тым аз. Олардың бүкіл халық үшін қызмет көрсетуге қауқары жетпейтінін ұмытуға болмайды дейді олар. Ал сарапшылардың бір тобы Ұлттық банктің бұл бастамасын қолдауға даяр.
Айырбас пункттерінің біріндегі 4 ақпан күнгі баға бағамы. Алматы, 4 ақпан, 2009 жыл.


- Егер шын мәнінде, дәл қазіргі кезде доллардың тапшылығын кейбіреулердің өз мақсатына пайдалануына тойтарыс беру керек десек, бұл дұрыс қадам. Марченконың өзі айтып өтті ғой. Ол айырбас пункттері тәулік бойы жұмыс істейді екен. Түннің ортасында оған ешкім барып тексере алмайды ғой және тексеруге де болмайды. Неге десеңіз, үкіметтің өзі қазір шағын-орта бизнес субъектілерін тексеруге мораторий жариялап отыр. Осыдан кейін мұндай орындар шетел валютасымен айырбасты үдетіп жіберуі мүмкін.

Сондай ақ, сарапшылар айырбас пунктерінің коммерциялық банктердің жанына шоғырлану мүмкіндігін де жоққа шығармайды.

Ақша айырбастау бизнесімен 17 жылдан астам шұғылданып келе жатқан Марат есімді азамат Ұлттық банктің мұндай «бастамасын» қолдамайтын көрінеді. Оның айтуынша, айырбас пункттері жабылатын болса, олардың орнына заңсыз құрылымдар келеді.

- Ақша айырбастау орындары нарықта өз орны бар бизнес. Егер олар жоғалса, онда ол «қара нарыққа» жол ашады. Бірақ ол «қара нарыққа» қазіргі кезде ақша айырбастаумен заңды түрде айналысып жүргендер шықпайды. Қалтасында 5-10 мың доллары бар адамдар шығады. Алыпсатарлықтың көкесі сонда болады. Баяғыда базарда, барахолкада, жер асты жолдарында сатушы еді. Қылмыс өседі. Адам өлтіру, адам тонау көбейеді.

Ол «айырбастау пункттері доллар дүрбелеңін тудырды» деген пікірмен келіспейді.

- Біз жасанды түрде өсірмейміз. 23-24-і күндері халыққа «доллар жоқ» десең де, сенбейді. Қай курс қойсаң да, аламын деп жұлқынып тұр. Біз сосын амалсыздан көтердік. Біз де қорқамыз ғой. Доллардың бағамы шыныменен де солай шығар. Сонан кейін біз де ақырын-ақырын 152-155-ке көтердік.

Дерек бойынша, Алматыда 300-ден астам айырбас пункттері бар.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG