Accessibility links

Тенгенің күрт "құлауы" oралдықтар үшін күтпеген жағдай болса да, елді үрей билей қойған жоқ


Еуразия банкіндегі айырбас бағамы тақтасы. Орал, 4 ақпан, 2009 жыл.

Еуразия банкіндегі айырбас бағамы тақтасы. Орал, 4 ақпан, 2009 жыл.

4 ақпанда Оралдағы айырбастау пункттерінде доллардың болмауы ешкімді абыржытпады. Доллардың бағамы -160, кейбір банктерде 165 теңге деген тақтайшалар таңертеңнен ілулі тұрғанмен, сол кассалардың терезелерінде: «Валюта жоқ!» деген жазулар да көзге ұрып тұрды.

Жергілікті сарапшылар жуық арада Қазақстан экономикасы дефолтқа ұшырайды дейді. Олар доллар бағамының көтерілуінің негізгі себебін оның халықаралық нарықта нық бекуімен түсіндіреді.

Мысалы, Ұлттық банкі Батыс Қазақстан облысы филиалының директоры Борис Ізбасаровтың пікірі бойынша, барлық мемлекеттер доллар курсын бұдан бұрын ретке келтіріп алған және американдық валютаға қатысты теңге девальвациясының болуы заңды құбылыс. Борис Ізбасаров бұл жағдайды былайша түсініреді:

- Бұл жерде қорқыныш туғызатындай еш нәрсе көріп тұрған жоқпын. Доллар курсын болашақта жасанды ұстап тұру, ұлттық валютаның тоқырауына әкелетін еді. Біз таңертеңнен бері Оралдың барлық айырбастау пункттерін бақылауда ұстап отырмыз. Бірақ тұрғындар арасында еш үрей байқалып жатқан жоқ. Мен барлығына өз жинақтарын теңгемен сақтаңыз деген кеңес берер едім.

Доллар курсының өсуіне Орал тұрғындарының көпшілігі теңгемен жинақтары болмағандықтан елең етпеді. Ал бірқатары жинақтарын әлдеқашан долларға айырбастап қойған.

Экономист және кәсіпкер Жеңіс Сатыбаевтың айтуы бойынша, бұдан екі-үш апта бұрын оралдық банктерде шынымен өрекпу болған. Ол кезде айырбастау пункттерінен халық долларды бірнеше миллиондап сатып алған. Жеңіс Сатыбаев келешекте дефолт болатынын былай болжап отыр:

- Қала банктерінде доллар жоқ, себебі оны көпшілік сатып алып қойған. Адамдар девальвация болатынан білгендей. Бір жағынан долларға қатысты ұлттық валюта курсының күрт төмендеуі экспорттық табыстың көбеюіне әкелсе, осыған орай әлем нарығында мұнай бағасының төмендеуіне байланысты шығындарды азайтуы мүмкін. Екінші жағынан бұл шара біздің экономикамызды долларландыруы мүмкін. Сонымен қатар, елге келетін мұңай-доллардың көлемі азайып, импорт экспорттан асып түсіп, осылардың салдарынан – теңге құнсызданатын болады.

Ал Борис Ізбасаровтың пікірінше, дефолт туралы қандай да болмасын әңгімелерге негіз жоқ.

- Біздегі алтынның валюталық қор көлемі өте үлкен. Сол себептен өндірілетін мұнай көлемі азаймайды деп ойлаймын, оған қоса валюта курсы да басқаруға, реттеуге жатады. Осыған орай дефолт туралы әңгіме қозғаудың еш қажеттілігі жоқ, – деп сенімділік білдірді ол.
XS
SM
MD
LG