Accessibility links

Жаңа талап шетелдік туристің келуін қиындатты


Алакөлдегі демалушылар. Aлматы облысы. Шілде, 2015 жыл.
Алакөлдегі демалушылар. Aлматы облысы. Шілде, 2015 жыл.

Алакөл маңындағы туристік базаны келушілердің азаюы алаңдатып отыр. Демалушылардың "үштен бірге дейін кемуін" кәсіпкерлер үкіметтің жаңа қаулысымен байланыстырады.

Жаңа қаулы бойынша шетелдік туристер шекараға жақын аймақтағы демалыс орындарына бару үшін миграциялық полициядан арнайы рұқсат қағаз алуы керек.

БІР ДЕ БІР ШЕТЕЛДІК ЖОҚ

Алакөлдің қасындағы Ақши ауылында орналасқан «Алакөл» туристік базасының директоры Еркін Ермырзаев суға шомылу маусымы басталғаннан бері бірде-бір шетелдік турист келмегенін айтады.

​Өткен жылы, оның айтуынша, бұл жағалауда көршілес Ресейден келген сібірліктер мен экстримді ұнататын алыс шетелдіктер жеткілікті болған. Кәсіпкердің есептеуінше, басқа елдерден келген туристерден түсетін пайда жалпы кіріс көлеміне шаққанда 35 пайызды құрайды. Енді Еркін Ермырзаев фирмасының айтарлықтай шығын шегетінін айтып шағынады. Оның үстіне кәсіпкер миграциялық полиция аяқ астынан тексеріс жүргізеді деп қорқады.

«Алакөл» туристік базасының директоры Еркін Ермырзаев. Шілде, 2015 жыл.
«Алакөл» туристік базасының директоры Еркін Ермырзаев. Шілде, 2015 жыл.

- Бұл қаулы біздің іс-әрекетімізге теріс әсер етті. Енді шетелдіктер ауданға келіп, заң бойынша миграциялық полицияға тіркелуге тиіс. Бұдан былай рейдтер басталады, бізді тексереді деп алаңдаймыз. Мүмкін туристердің ішінде тексерістен өтпегендері бар шығар? Оларға кім жауап береді? - дейді «Алакөл» туристік базасының директоры Еркін Ермырзаев.

- Егер бұл қаулы күшіне енетін болса, біріншіден, шекаралық бақылау болады, себебі бұл шекаралық аймақ. Өздеріңіз ойлаңыздаршы, адамдар демалуға келеді. Енді мұнда қайта-қайта тексеріс, бақылау жүретін болса, ешкімнің келгісі келмейді, - деп санайды көршілес «Алтын жағалау» туристік базасының басшысы Зура Молдаханова.

ЖОЛ ЖӘНЕ КӨЛ

Азаттық тілшісі Алакөлдің туристік базасынан таяу және алыс шетелден келген демалушыларды кездестірмеді. Шипажай басшыларының бәрі биылғы жылы оларда тек қазақстандықтар ғана демалып жатқанын айтып, сендірді. Аяғында тілші шетелдік туристерді бұзылған жолдардағы автокөліктің нөмірлік белгісіне қарап іздеуге шықты.

Мысалы, Томскіден келген Устиновтер отбасы көлге екі тәулікте әзер жеткендерін, қатты шаршағандарын айтты. Сібірліктер кеден бақылауынан оңай өткендерімен, жергілікті туристік қызметтен кәдімгідей қорқып қалғандарын жеткізді.

- Жолдарыңыз сұмдық екен, ал туристік қызмет енді пайда болған тәрізді. Ақшидегі екі базада болдық, түнеп шыққанға 8 мың теңге (шамамен 43 доллар) сұрайды, ешқандай жағдай жоқ. Бұл жерде көлден басқа қызығатын ештеңе жоқ екен, - дейді Томскіден келген Олег Устинов.

ТУРИСТЕРГЕ АРНАЛҒАН ПОЙЫЗ

Осы жылдың маусымында Алматыдан Алакөлге қатынайтын Алматы – Жетіген – Достық жолаушылар пойызы іске қосылды. Пойыз алты ыңғайлы вагоннан құралған. Пойыз үш ай бойы қызмет көрсетуі үшін Алматы облысының әкімдігі жергілікті бюджеттен 63 миллион теңге субсидия бөлді. Билет бағасы екі мыңнан бес мың теңге арасында (10,6 – 26,6 доллар).

Облыстық туризм басқармасы қалыптасқан жағдайда қалай жұмыс істейтіндерін айтты. Мекеме үкіметке хат дайындаған екен, енді астаналық шенеуніктер оған жедел жауап қатады деп үміттенеді.

Алакөлдегі демалушылар. 21 шілде, 2015 жыл.
Алакөлдегі демалушылар. 21 шілде, 2015 жыл.

- Облыс әкімдігі ұсыныс ретінде шекаралық аймақта орналасқан және шетелдік туристер келуі үшін жеңілдетілген режим қажет деп санайтын өз нысандарын қосады. Біз сондай тізімді жасадық. Жақын арада министрлік бұл мәселені шешеді, - дейді Алматы облыстық туризм басқармасының басшысы Жанар Алшынбаева.

Еске сала кетейік, үкіметтің 2014 жылғы сәуірдің 16-сында қабылдаған «Шекара жолағына, карантин жолағы және шекара аймағына шек қоюын орнату туралы» қаулысы осы жазда Қазақстанның туристік саласында дүрбелең тудырды. Осы құжаттың кесірінен Алматы облысындағы Шарын шатқалы, Үлкен Алматы көлі, Алакөл және Балқаш тәрізді үлкен су қоймалары шекаралық аймақта орналасқан болып шықты. Демек, бұл жерге келгісі келген туристер алдымен миграциялық полициядан арнайы рұқсат қағаз алуға тиіс. ​

Орыс тілінен аударған –Динара Әлімжан.

XS
SM
MD
LG