Accessibility links

Үйде жәбір көрсеткендер енді абақтыға қамалады


Дағдарыс орталығы қызметкері жәбір көрген әйелмен сөйлесіп отыр. Қарағанды, 7 маусым 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Дағдарыс орталығы қызметкері жәбір көрген әйелмен сөйлесіп отыр. Қарағанды, 7 маусым 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң актілеріне түзетулер енгізілді. Бала-шағасының шырқын бұзатындар енді айыппұлмен ғана құтылмай, абақтыға да қамалады.

Өткен аптада мәжіліс депутаттары тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша кейбір заң актілеріне түзетулер енгізді.

Ал құқық қорғаушылар «тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресу үшін Қазақстанда арнайы бөлімшелер құрып, оның құрамына полицейлермен бірге психологтар да кіруі тиіс» деп есептейді.

ӨГЕЙ ӘКЕНІҢ ОЗБЫРЛЫҒЫ

Жаңа жыл мерекесі тұсында балалар мен жасөспірімдерге арналған 150 нөмірлі сенім телефонына Қарағанды облысындағы жедел жәрдем бөлімінің кезекші дәрігері хабарласқан. Медицина қызметкерінің айтуынша, 12 жасар қыз баланың қан құрамындағы қант деңгейі күрт көтеріліп кетіп, шешесінің шақыртуы бойынша келген ол қыздың денесінен соққы іздерін көрген. Дәрігердің айтуынша, қыз «өгей әкем ұрады» деп шағым айтқан.

Жоғарыда аталған сенім телефонын ашқан «Қазақстандағы дағдарыс орталықтары одағы» қызметкерлерінің айтуынша, қыздың анасы бұл туралы полицияға бір рет те арыз бермеген. Ұйым қызметкерлері Қарағанды облысының полициясы мен білім басқармасына хат жолдаған. «Қазақстандағы дағдарыс орталықтары одағы» басқармасы төрайымы Зүлфия Байсақова:

«Қазақстандағы дағдарыс орталықтары одағы» басқармасы төрайымы Зүлфия Байсақова. Алматы, 21 қазан 2011 жыл.

«Қазақстандағы дағдарыс орталықтары одағы» басқармасы төрайымы Зүлфия Байсақова. Алматы, 21 қазан 2011 жыл.

- Біз хат жолдаған мекеме мамандары хатты оқымастан, әлгі отбасына жеке-жеке барып, «Сіздердің үстіңізден баланы ұрып-соғады деген арыз түсті» деген. Әуелі бірге жиналып, кеңесіп, қоңыраудың қайдан түскенін анықтап алмай ма?! Жедел жәрдем дәрігерімен де сөйлеспеген. Баламен жайлап әңгімелесіп, отбасындағы мән-жайды анықтай алатын психолог маманды да ертпеген. Керісінше, жағдайды одан ары ушықтырып жіберген, - дейді.

Байсақованың айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша мәжіліс қабылдаған түзетулер енді мемлекеттік органдар арасында ведомствоаралық байланыс орнатуға, олардың бірге қимылдауына мүмкіндік береді.

Құқық қорғаушының пікірінше, 12 жасар қыз баланың басындағы жағдайға ұқсас хабар түссе, ондай отбасына құрамында полицей, дәрігер және психолог маманы бар арнайы бөлімше баруы тиіс.

ҮМІТ

Заңға енгізілген түзетулерде тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілеріне қарсы тұру мен жапа шеккендерге көмектесуге арналған құқықтық іс-шаралар кешені қарастырылған.

Көрнекі сурет.

Көрнекі сурет.

Оның ішінде көмек көрсету мекемелерінде зардап шеккен адамдарға арнайы әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінбек.

Бұл түзетулер отбасының шырқын бұзатын адамдарға қатысты жазаны күшейту мақсатында енгізілген. Енді олар айыппұл төлеп қана құтылмайды, абақтыға қамалады. Егер заң бұзушылар сот ұйғарымдарын орындаудан қасақана жалтарса, бір айға дейін абақтыға қамалады.

Енді жәбір көруші мен жәбірлеушінің бір шаңырақта тұруына тыйым салынады. Бұл үшін жапа шеккендерге психологиялық және тұрмыстық көмек сияқты жан-жақты қолдау көрсететін дағдарыс орталықтары құрылуы тиіс.

Зүлфия Байсақованың айтуынша, «Дағдарыс орталықтары одағына» Қазақстанның 11 аймағындағы 15 ұйым кіреді. Олардың үшеуі ғана мемлекеттен қаржылай көмек алады. Басқалары жеке тұлғалардың немесе халықаралық ұйымдар бөлетін қаржымен жұмыс істеп тұр. Ақша бөлінбесе, дағдарыс орталықтары жабылып қалады. Құқық қорғаушылардың айтуынша, үйінде жәбір көрген жандар біраз уақыт осы дағдарыс орталықтарын паналай тұрар еді.

Зүлфия Байсақованың пікірінше, мереке қарсаңында арнайы қызмет көрсету мекемелері әке-шешесі маскүнемдік сияқты жат әдеттерге салынған балалар қараусыз жалғыз қалмас үшін жайсыз отбасылармен профилактикалық жұмыс жүргізуі тиіс.

Тұрмыстың жәбір көрген әйелдер дағдарыс орталығында телевизор көріп отыр. Қарағанды, 7 маусым 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Тұрмыстың жәбір көрген әйелдер дағдарыс орталығында телевизор көріп отыр. Қарағанды, 7 маусым 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

- Ең сұмдығы - 12 жасар әлгі қыз медициналық көмекке мұқтаж болып шықты. Дәрігерлерден «Мына мереке күндері қауіпсіз жерде болсын, ауруханаға жатқызыңдаршы» деп сұрадым. Бірақ шешесі ауруханаға жатқызудан бас тартты. Шешесінің мейірімі мен қамқорлығына зәру қыздың отбасымен жұмыс істеу керек, - дейді Зүлфия Байсақова.

Ол енді заңға түзетулер енгізілгеннен кейін тиісті мемлекеттік органдар прокуратураның қатысуымен өзара байланыс орната отырып, бір бағытта жұмыс істейді деп үміттенеді.

Құқық қорғаушылардың айтуынша, қоғамда «тұрмыстық зорлық-зомбылыққа көбінесе әйелдер ғана ұшырайды» деген жаңсақ пікір қалыптасқан. Олардың арасында балалар, қарттар мен мүгедек жандар да көп.
  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG