Accessibility links

Озбыр күйеуінің тепкісінен құтылған әйел


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Ұлпан күйеуінің ұрып-соққанына 8 жыл көніп келген. Отбасындағы зорлық-зомбылықтан азап шеккен ол қызы дүниеге келген соң күйеуінен ажырасып кеткен. Сөйтіп теперіштен құтылған.

Алматы тұрғыны, 32 жастағы Ұлпан психикасы бұзылған адаммен некеде болған кезде қандай азап шеккенін Азаттық тілшісіне айтып берді. Қазір ол жеті жасар қызымен анасының үйінде тұрады. Ұлпан жас өмірінің күйеуінің теперішінде, «қашан соққыға жығады екен» деген үрей-қорқынышпен өткеніне өкінеді.

«МАСКҮНЕМ БОЛЫП ШЫҚТЫ»

Ұлпан жұртқа елеусіздеу бала болып өседі. Ешқашан боянбайтын, жақын құрбылары да болмаған. Ауладағы достары - ұл балалар мен өзінен ересек қыздар. Мектепте де үздік оқымаған, мәдени шараларға да қатыспайтын. Әке-шешесі Ұлпанның бес жасында ажырасып кеткен. Ол әпке-ағасымен бірге анасының қолында қалған.

Мектеп бітірген Ұлпан Алматыдағы Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясына оқуға түседі. Екінші курста оқып жүрген оны бұрынғы сыныптасы Ерлан (аты-жөнін толық атамауды өтінді) тауып алады. Бұл - бала кезінде Ұлпанды «жетім» деп мазақтаған жігіт екен. Екеуі кездесіп жүреді. Екі ай өткен кезде Ұлпан жігіттің бойынан кейбір жағымсыз қылықтар байқай бастаған.

- Бір күні телефон соғып, мені көргісі келетінін айтты. Үйіне барып едім, ешкім жоқ, өзі мас екен. Ол менен араққа 100 теңге ақша сұрады. «Ақша жоқ» деп едім, ұрып-соға бастады. Мені екі сағат бойы ұрып-соқты, - деп еске алады Ұлпан Төрежанова.
Ол маған «кет, мені таста» деді. Бірақ мұны шын көңілден айтпағанын көзінен көрдім. Оның көмек сұрап аласұрған жанайқайын сездім

Ерланның арақ ішкеніне екі жыл болғанымен, мұны жас қыздан мұқият жасырып келген. Арақ ішуді оған әскерден келген соң ауладағы достары үйреткен.
Бірақ Ұлпан бұл жайттан сабақ та, секем де алмаған. Жігітті қатты сүйетінін, оны жоғалтқысы келмейтінін түсінген ол «бақытым үшін күресемін, сүйіктімді емдеп жазамын» деп ойлаған.

- Ол маған «кет, мені таста» деді. Бірақ мұны шын көңілден айтпағанын көзінен көрдім. Оның көмек сұрап аласұрған жанайқайын сездім, - дейді келіншек.

Ұлпан ақша тауып, сүйіктісін Алматы маңындағы Талғар қаласына тұратын емшіге апарады. Ерланды түрлі шөппен, дұғамен емдеген тәуіп ақысына жеті мың теңге алып, екеуін қоя береді. Емшіге барған соң Ерлан арақты тастап, кейінгі жылдары ішімдікке мүлде жоламай кеткен.

«АРАҚТЫ ТАСТАП, ҰРЫП-СОҒУҒА КІРІСТІ»

Жігітті маскүнемдіктен емдеп алған Ұлпан енді оны жұмысқа орналастырмақ болады. Ол Астана қаласында лауазымды қызметте істейтін Ерланның ағасына өтініш жасайды. Бір айдан кейін ағасы Ерланды астанаға шақырып, вокзалдағы шаруашылық бөлімінің бригадирі етіп жұмысқа орналастырады. Жарты жылдан кейін Ұлпан сырттай бөлімге ауысып, Ерланның соңынан Астанаға кетеді.

- Арақ ішпейтінін білгесін онымен бірге тұруды ұйғардым. Бір айдан кейін үйлендік. Дүрілдетіп той өткізбедік, некемізді ғана тіркеттік. Ағам бізге Астанадан пәтер сатып әперді, - дейді Ұлпан.

Жас күйеу қатыгездігін тойдан кейін-ақ көрсете бастаған. Шаңырақта ұрыс-керіс пен ұрып-соғу жиілей берген. Күйеуі арақ ішпегенімен, Ұлпанға күн көрсетпеген. Келіншегіне ақша бермей, тіпті үйге қонбайтын болған.

- Туыстарым жіберген ақшаны жинап жүрген «копилкам» бар еді. Бір күні тамақ сатып алмақ болып соны аштым. Мұны білген кезде күйеуім қатты ашуланып, мені ұрып-соға бастады. Ашуы қозғанда ол өзіне өзі ие бола алмай қалады,- дейді Азаттықтың сұхбаттасушысы.

Астана темір жол вокзалы. (Көрнекі сурет)
Астана темір жол вокзалы. (Көрнекі сурет)
Ұлпан сол күні кешкісін күйеуінің киім-кешегін жинап, көршілердің үйіне тастайды да, есіктің құлпын ауыстырып, өзі Алматыға кетіп қалады. Көкала қойдай болып келген қарындасын көрген ағасы Астанадағы күйеубаласына барып, есеп алмақ болады. Ағасына бірдеңе бола ма деп қорыққан Ұлпан оны райынан қайтарады.
Екі айдан кейін келіншек аяғы ауыр екенін білгенімен, күйеуіне хабарламайды. Ал ол тіпті телефон соғып, келіншегінің қайда екенін де білгісі келмеген. Алматыда Ұлпан жұмысқа орналасады.

- Тағдырдың жазуы болар, мені іссапармен Астанаға жіберді. Пәтерім бос тұрған. Ерланның қол астында жұмыс істейтіндер мені вокзалда көріп қалып, күйеуіме айтып қойыпты, - дейді ол.

«ЖОҚ» ДЕУГЕ КҮШ ЖЕТУ

Ерлан сол күні кешкісін үйге келіп, сап-сау күйі аяғы ауыр әйелін ұрып тастайды. Соққыға жығылған Ұлпанды «түсік тастау қаупі» деген диагнозбен ауруханаға жатқызады. Қызы мерзімінен ерте туады. Ұлпанның анасы Астанаға келіп, жас босанған қызына көмектеседі.

- Оны жек көріп кеттім. Психикасында ауытқуы бар адаммен сегіз жыл бірге тұрыппын. Оны мәжбүрлеп емдеу үшін Астанадағы психиатриялық ауруханаға жатқызды. Махаббаттан осындай азап шектім, - дейді Ұлпан Төрежанова.

Ұлпан Астанадағы пәтерін сатып, қазір Алматыда анасының үйінде тұрады. Басынан өткен жайттардан кейін есі жия алмаған ол жұмысқа да шықпаған. Дәрігерлер оған «жан күйзелісі мен соққыдан жүйкесі зақымданған» деген диагноз қойған. Қызы балабақшаға барады. Ұлпанның өз әкесін көрмегеніне 25 жыл болған.

- Бірде әкемнің басына барып, оны көзі тірісінде іздемегеніме кешірім сұрадым. Сол кездесуден кейін ішкі дүниемде бірдеңе өзгергендей сезініп, қызымды биологиялық әкесіне көрсетпек болдым, - дейді жас келіншек.

Ақыры ол әкесі мен қызын кездестіреді. Әкесін көп адамның арасынан танып қойған кішкентай қыз қатты қуанады.

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.
- Анамның қателігін қайталағым келмеді. Ол мені өмір бойы әкеме көрсетпей, жасырып келді. Бұдан баланың қалай қиналатынын білсеңіз ғой. Әкесімен неге айырылысқанымды қызыма кезі келгенде түсіндірермін. Ал қазір қызым «әкем басқа қалада жұмыс істейді» деп ойлайды, - дейді Ұлпан Төрежанова.

Қызына қараған кезде Ұлпанның есіне сыныптасы Ерланның «жетім» деп мазақтағаны түседі. Енді оның өз қызы әкесіз өсіп келеді.

Отбасындағы зорлық-зомбылық үйреншікті іске айналған Қазақстанда Ұлпанның тағдыры көп жандарға таныс жағдай. Бірақ бұл проблема көбінесе ашық айтылмайды. Сарапшылар «ашық талқыға салмай бұл проблеманы шешу мүмкін емес» дейді.

BNews.kz сайтының хабарлауынша, 2013 жылы отбасындағы озбырлықтан жапа шеккен, психологиялық, экономикалық, жыныстық қысым көрген 1 мың 154 әйел Алматыдағы дағдарыс орталығының көмегіне жүгінген. Орталық қызметкерлері жүргізген сауалнамаға қатысқан әйелдердің 73 пайызы отбасында зорлық-зомбылыққа ұшырағаны анықталған.
  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

XS
SM
MD
LG