Accessibility links

Тұрмыстық зорлық-зомбылық азаймай тұр


2014 жылғы World Press Photo халықаралық жарысында жеңімпаз атанған АҚШ фотографы Сара Наоми Левковичтің "Отбасындағы зорлық-зомбылық" тақырыбындағы фотосы. (Көрнекі сурет).

2014 жылғы World Press Photo халықаралық жарысында жеңімпаз атанған АҚШ фотографы Сара Наоми Левковичтің "Отбасындағы зорлық-зомбылық" тақырыбындағы фотосы. (Көрнекі сурет).

Қарашаның 25-інде гендерлік зорлыққа қарсы 16 күндік әлемдік шара басталады. Қазақстан бас прокуратурасы дерегінше, елде әсіресе әйелдерге зорлық көрсету көбейген.

Алматы облысындағы ауылдардың бірінде тұратын 33 жастағы Гүлмира ерінен зорлық көріп, ақыры екі баласын алып үйінен кетіп қалғанын айтады.

– Күйеуім жиі ішімдік ішіп, маза бермейтін. Ішіп келсе, ұратын. Кейін ажырасып кетсем де мазалап, балаларды қорқытты. Қазір ата-анаммен көрші тұрамын. Күйеуім қазір мазалауын қойды. Естуімше, бір ауылда жалданып мал бағады екен. Балаларға алимент төлеп жатқан жоқ, – дейді ол.

Гүлмира күйеуінің жәбір көргенін ешбір мемлекеттік орынға да хабарламағанын, ешқандай қоғамдық ұйымнан да ақыл-кеңес сұрамағанын айтады.

«ӘЙЕЛДЕР ЗОРЛЫҚ КӨРГЕНІН ЖҰРТТАН ЖАСЫРАДЫ»

Әлеуметтанушы Гүлсара Жапарбекованың айтуынша, Қазақстанда Гүлмира сияқты әйелдердің тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырамауына сеп болатын тиісті жүйе әлі жоқ.

– Күйеуінен зорлық-зомбылық көрген әйелдер көбіне жұрттан ұялып, ол жайтты жасырып қалады. Шағым түсіруге «күйеуім қысымды күшейтеді» деп қорқады. Қазақстанда зорлық-зомбылыққа қатысты ақпарат та толық емес. Көп жайт отбасының айналасында қалып қояды. Әйелдер шағым түсірмесе, полиция ешқандай әрекет жасай алмайды, – деді Гүлсара Жапарбекова.

Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Әсия Хайруллина да «Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға қатысты шараларды көбейту қажет» деп біледі.

Дағдарыс орталығының қызметкері тұрмыстық зорлыққа ұшыраған әйелмен сөйлесіп отыр. Теміртау, 7 маусым 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Дағдарыс орталығының қызметкері тұрмыстық зорлыққа ұшыраған әйелмен сөйлесіп отыр. Теміртау, 7 маусым 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

– Қазақстанда зорлық-зомбылықты екінші кезектегі мәселе ретінде қарастырады. Бұл мәселе көбіне тұрмыстық жағдайдың, отбасының экономикалық жағдайының көлеңкесінде қалып кетеді. Сондықтан зорлық көрген қыз келіншектер жылдан жылға көбейіп келеді. Оның алдын алу үшін қоғамда үгіт-насихат жұмыстары жаппай жүргізілген жөн, – деді Әсия Хайруллина.

Ол үгіт-насихат жұмыстарын әкімдіктер мен дағдарыс орталықтарынан бастап, діни ұйымдар мен үкіметтік емес ұйымдарға дейін жүргізгені жөн деп біледі.

Қазақстанда зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдердің құқығын қорғайтын мемлекеттік және тәуелсіз дағдарыс орталықтары бар. Олар әйелдерге заң жөнінен кеңес беріп, психологиялық көмек көрсетеді.

– Зорлық-зомбылық көрген әйелдер кез келген ішкі істер басқармасына, әр облыстағы дағдарыс орталықтарына шағым түсіре алады. Олар жайлы бар ақпарат құпия сақталады, – дейді Алматыдағы сондай дағдарыс орталықтарының бірінде жұмыс істейтін Сәния Байқадамова.

ГЕНДЕРЛІК ЗОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ 16 КҮН БЕЛСЕНДІЛІК

2014 жылы ақпанда Қазақстанда «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелері туралы» заң қайта қаралып, қабылданған.

Ішкі істер министрлігі әкімшілік полициясы комитетінің өкілі Игорь Лепеха қыркүйекте Астанада өткізген брифингте: «Тұрмыстық зорлық-зомбылық осыған дейін әкімшілік жауапкершілік ретінде қаралған. Жаңа заң бойынша қылмыс деп танылады. Зорлық көрсеткен адам 30 күнге қамалып, айыппұл төлейді, кейбірі қоғамдық жұмысқа тартылады» деп мәлімдеді.

Отбасында зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйел қызымен бірге дағдарыс орталығында жатыр. (Көрнекі сурет)

Отбасында зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйел қызымен бірге дағдарыс орталығында жатыр. (Көрнекі сурет)

Қазақстан бас прокуратурасының дерегінше, 2013 жылы әйелдерге көрсетілген зорлық-зомбылық артып, мұндай 137 мың оқиға тіркелген, 54 әйел тұрмыстық жәбір кесірінен өзіне қол жұмсаған.

БҰҰ-ның тұрғын халық саласындағы қорының (UNFPA) Қазақстанда жүргізген зерттеуі бойынша, бұл елде әрбір сегізінші әйел тұрмыстық-зорлық зомбылыққа (адамды ұрып-соғу, жезөкшелікпен айналыстыру, саудаға салу, ақысыз жұмыс істету сияқты қылмыстарға) ұшыраған.

«Қазақстандағы әйелдер» ұйымының дерегінше, бір жылда елдегі дағдарыс орталықтарына зорлық-зомбылыққа ұшыраған 12 мың әйел шағымданған. Алматыдағы полиция басқармасы күніне он шақты әйел ерлер тарапынан зорлыққа не қанауға ұшырағанын айтып хабарласатынын мәлімдейді.

Мақаланың басында айтылған Гүлмира сияқты әйелдердердің тағдыры қарашаның 25-інде басталатын дүниежүзілік гендерлік зорлыққа қарсы 16 күндік белсенді әрекет шарасына өзек болады. Желтоқсанның 10-ына дейін жалғасатын бұл акцияда Қазақстандағы дағдарыс орталықтары мен түрлі қоғамдық ұйымдар тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы шаралар, лекциялар мен жиындар ұйымдастырады.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG