Accessibility links

Зорлық-зомбылық құрбандары


Өгей әкесі зорлаған атыраулық Дильназ Алматыдағы дағдарыс орталығында жатыр.

Өгей әкесі зорлаған атыраулық Дильназ Алматыдағы дағдарыс орталығында жатыр.

Зорлық-зомбылық құрбандары өздерін жәбірлеген жандардан алыста отырса да, ашық сөйлесуден қорқады. Бас сауғалап келген орындары оларды көбінесе уақытша ғана паналатады.

Алматыдағы Азаттық тілшілері аралаған бірнеше дағдарыс орталығындағы әйелдердің ешқайсысы шын есімін атағысы келмейді. Орталықты паналаған әйелдер «танып қоймасын» деген қорқынышпен жүздерін жасырып, суретке түсуден бас тартты.

Ал дағдарыс орталығы қызметкерлері «БАҚ-та жарияланған материалдардан кейін күйеулері мен туыстары орталықты тауып алып, оларды үйлеріне алып кетіп, одан арман аяусыз жәбірлейді» деген уәжбен дағдарыс орталығы атауын да көрсетпеуді сұрады

ЕРІНІҢ ТЕПКІСІ

Кенжегүл Сабырханова (аты-жөні өзгертілді) ерінің ұрып-соққанына шыдамай, Шымкенттен қашып келген. Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы 18 жасында еркінен тыс тұрмысқа шыққан. Оны болашақ күйеуі алып қашқан.

Көп балалы шаңырақта туған Кенжегүл – отбасындағы төртінші бала. Әке-шешесі қызын оқыта алмаған, ол мектеп бітірген соң Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданындағы Темірлан ауылында почташы болып орналасқан.

Оңтүстік Қазақстан облысынан, қол жұмсайтын күйеуінен, Алматыдағы дағдарыс орталығына қашып келген Кенжегүл Сабырханова баласын көтеріп тұр.

Оңтүстік Қазақстан облысынан, қол жұмсайтын күйеуінен, Алматыдағы дағдарыс орталығына қашып келген Кенжегүл Сабырханова баласын көтеріп тұр.

Кенжегүлдің айтуынша, бір күні жұмыстан кейін құрбысының үйіне кіріп, әңгімелесіп отырып қалып, қараңғы түсіп кеткенін байқамаған. Автобус тоқтап қалған кез - бойжеткен жүгіре басып, тездетіп үйіне жетуге асыққан. Кенет жанына бір көлік тоқтай қалып, ішінен алпамсадай үш жігіт шығып, қорғансыз бойжеткенді көлікке басып алған. Айқайлап көмекке шақырғаннан, қарсыласқаннан қайран болмаған.

- Айқайламасын, тістемесін деп олар мені ұрып-соға бастады. Маған алғаш сол жолы қол көтергенін күйеуім кейін мойындады, - дейді Кенжегүл Сабырханова.

Жас қыз сол күйі жат отбасында қалып қойған. Күйеуін жақсы көрмесе де, бір жылдан кейін ұл тапқан. Жұмыссыз әрі бұрын сотталған ері Қайрат күнде ішіп келетін болған, бір жылдан кейін келіншегін ұрып-соға бастаған. Кенжегүл төркініне кетіп қалғысы келген, бірақ үш отбасы - әке-шешесі және екі ағасы бала-шағасымен тұратын үйіне сыймаған.

Кенжегүл зорлық-зомбылықтан қашқан әйелдерге көмектесетін орталықтар бар екенін көрші әйелден естіген. Ақыры үйіндегі тозақ өмірден құтылуға бел байлаған ол жолына ақша жинап, Алматыға кетіп қалған.

- Шымкентте де дағдарыс орталығы бар деп естідім, бірақ ол қаладан мүлде кетуді жөн көрдім. Алматыда қаласындағы дағдарыс орталығының телефоны мен мекенжайын тауып алдым. Бір апта бұрын поезға билет сатып алып, қажет заттарымды ғана алдым да, Алматыға қашып кеттім. Сөйтіп осында келіп паналадым, бірақ бұл жерден кеткен кезде қайда барып, не істейтінімді білмеймін, - дейді Кенжегүл Сабырханова.

Кенжегүлге орталықта тағы екі апта болуына мұрсат берген. Ол ары қарай не боларын тіпті болжағысы да келмейді. Алматыда тұратын алыс ағайындары оның қылығын сөгіп, араласудан бас тартқан. Ал Шымкентке қайтып барғысы келмейді.

ӨГЕЙ ӘКЕНІҢ ЗОРЛЫҒЫ

Ал Дильназ дағдарыс орталығына Атыраудан келген. Оны ешкім ұрып-соқпаған, бірақ өгей әкесі тарапынан жыныстық зорлыққа тап болған. Дильназдың анасы күйеуі қайтыс болғаннан кейін екінші рет тұрмысқа шыққан. Үш жылдан кейін анасы жұмыста болған кезде өгей әкесі Олег бойжеткенді зорлаған. Ол «біреуге айтсаң өзіңді де, шешеңді де өлтіремін» деп қорқытқан.

- Анама ештеңе айтпадым, ол ауруханада медбике болып жұмыс істейтін. Анам түнгі ауысымға кеткен кезде өгей әкем менің төсегіме келетін, - дейді Дильназ Азаттыққа.

Дағдарыс орталығына Атыраудан келген Дильназ.

Дағдарыс орталығына Атыраудан келген Дильназ.

Дильназ бір жылын қорқыныш-үреймен өткізген. Жаңа күйеуін жақсы көретін анасы ештеңе сезбеген. Ал 16 жастағы қыздың өмірі тозаққа айналған. Ол мектептегі сабағын тастап, тіпті бөлмесінен шығудан қалған. Ақыры Дильназдың жүдеп-жадап бара жатқанын байқаған құрбылары дабыл қаққан.

Шақыртумен келген жедел жәрдем дәрігері қыздың үш айлық жүкті екенін растаған. Болған жайтты естіген анасы жан сақтау бөліміне түскен, ал Дильназ үйден қашып кеткен.

- Ішімдегі баланы өмірге әкелгім келмейді, түсік жасататын шығармын. Мұнда құрбыммен бірге келдім. Қазір бейімдеу кезеңінен өтіп жатырмын, ал ол қалаға енді бармаймын, - дейді Дильназ.

Дильназ орталықта тағы бір ай болады, ал орталық психологтары мен әлеуметтік қызметкерлер бойжеткен мен оның әлі дүниеге келмеген баласының кейінгі тағдырына қатысты келіссөз жүргізіп жатыр.

АНАНЫҢ ТЕПЕРІШІ

Азаттық тілшісімен сөйлескен үшінші келіншек - Наталья Черкасова (аты-жөні өзгертілген) туған анасынан жәбір көргенін айтады.

Алматы қаласы тұрғыны Наталья алты айлық қызымен анасының қолында тұрған. Оның айтуынша, маскүнемдікке салынған шешесі «ішімдікке ақша тап» деп қызына күн көрсетпеген. Шешесі баланың жәрдемақысын тартып алып, оны беруден бас тартқан қызын үйден қуған. Орындықпен ұрып, тіпті темір шыбықпен дүрелеген кездері болған.

Алматы тұрғыны Наталья Черкасова дағдарыс орталығына анасының жәбірінен кейін келген.

Алматы тұрғыны Наталья Черкасова дағдарыс орталығына анасының жәбірінен кейін келген.

- Кішкентай баламен мұндай тозақта тұра алмадым. Әжемнің «шешеңнен алысқа кет» деген кеңесімен дағдарыс орталығына келдім. Анамнан да, күйеуімнен де жақсылық көрмедім. Кім болсын ашуланатын кезі болады ғой, бірақ өзгелерге зорлық көрсетуге ешкімнің құқығы жоқ, - дейді Наталья Черкасова.

Орталықта келіншек пен оның қызын киіндіріп, тамақтандырған. Бірақ ол мұның бәрі уақытша екенін, көп ұзамай бұл жерден кетуі тиіс екенін жақсы түсінеді. Әжесінің қолына барып тұрайын десе, жеңгесі кіргізбейді, Натальяны омыраудағы баламен жұмысқа да алмайды. Енді ол дағдарыс орталығында біраз уақыт қалдыруды сұрап, шенеуніктерге жүгінбек.

Дағдарыс орталығы қызметкерлері «мұндай күйге түскен жандар мыңдап саналады» дейді. Әкімшілік полициясы комитеті дерегінше, соңғы алты жыл ішінде әйелдерге қарсы жасалған қылмыс саны төрт есеге жуық өскен.

Қазір елде 28 дағдарыс орталығы жұмыс істейді, оның 16-сында әйелдер мен балаларды паналататын бөлмелер бар. Орталықтарда психолог, заңгер мамандар, әлеуметтік қызметкерлер жұмыс істейді.

  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

XS
SM
MD
LG