Accessibility links

Мамандар ҚМДБ-ның «донор ұрығы» жайлы пәтуасымен келіспеді


Генетикалық материал тұрған медициналық қойма. (Көрнекі сурет)

Генетикалық материал тұрған медициналық қойма. (Көрнекі сурет)

ҚМДБ ерлі-зайыптылардың үшінші бір адамның ұрығынан бала көруін «зина» деп сипаттады. Діни бірлестіктің бұл пікірін «жеке адамдардың құқығына қол сұғу» деп бағалаушылар да бар.

Азаматтық белсенді, «Аман-саулық» қоғамдық қорының президенті Бақыт Түменова Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) жасанды жолмен ұрықтандыруға қатысты жуықта шығарған, «ұрық және жұмыртқа клетка ерлі-зайыптыларға тиесілі болмаса, тыйым салу» жайлы пәтуасына наразы.

«Аман-саулық» қоғамдық қорының президенті Бақыт Түменова.

«Аман-саулық» қоғамдық қорының президенті Бақыт Түменова.

​– Қазақстан – зайырлы қоғам. Зайырлы қоғамда олардың шығарған заңдары мемлекеттік болып саналмайды. Жасанды ұрықтандыруға қатысты мемлекеттік заңдар бар. Заң бойынша ерлі-зайыптылардың келісімі болып тұрса, оған ешқандай қарсылық жасалынбайды. Әрі-беріден соң бұл – жеке адамдардың құқығына қол сұғу, – дейді Бақыт Түменова.

«ЗИНА МЕН МОРАЛЬ»

ҚМДБ жасанды жолмен ұрықтандыруға қатысты пікірін қазанның 27-29-ы күндері аралығында өткен кеңесінде мәлім еткен еді.

Діни бірлестіктің muftyat.kz сайтында жариялаған ол пәтуада «ұрық және жұмыртқа клетка ерлі-зайыптыларға тиесілі болып, әйелдің жатырына енгізілсе, шариғатта рұқсат етіледі; бұдан өзге көріністерде тектің араласуы және «зина» ұғымы туатындықтан шариғатта тыйым салынған» деп жазылған.

ҚМДБ-ның шариғат және пәтуа бөлімінің қызметкері Медет Құрмашұлы «мұндай пәтуа шығаруға Қазақстанда жасанды жолмен ұрықтандырудың ерекше дамып кеткені себеп болғанын» айтады.

– Біздің пәтуа бөліміне осы жөнінде сұрап келетіндер өте көп. Мәселен, жақында бізге бір ерлі-зайыпты адамдар келді. Күйеуі белсіз. Сол себепті «Басқа бір еркектің ұрығын салып ұрықтандырсақ, сол арқылы балалы болсақ қалай болады?» деген сауал қойды. Мұндай мәселе қазір көп таралып жатыр, – деді ҚМДБ өкілі Азаттыққа.

Медет Құрмашұлы діни ұйымының «ерлі-зайыптылар балалы болу үшін басқа бір донордың ұрығын қолдануға мүлдем тыйым салу керек» деген пікірін:

– Бұл, біріншіден, шариғатта зина болып есептелінеді. Екіншіден, адамға моральдық тұрғыдан да дұрыс емес, – деп түсіндірді.

«ДОНОР ҰРЫҒЫН 2-3 ПАЙЫЗЫ ҒАНА ПАЙДАЛАНАДЫ»

Бірақ репродуктолог-эмбриолог ғалым, Қазақстанда алғаш 1995 жылы әйелдерді жасанды жолмен ұрықтандыру лабораториясын ашқан дәрігер Салтанат Байқошқарова ҚМДБ зина деп тапқан әдістің – үшінші бір адамның ұрығы арқылы сәбилі болу оқиғасының көп емес екенін айтады.

Хиджап таққан әйелдер. Қазақстан, Атырау, 12 қараша 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Хиджап таққан әйелдер. Қазақстан, Атырау, 12 қараша 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

– Біздің орталыққа келген клиенттердің 97-98 пайызына жұбайының ұрығы салынады. Өйткені қазір осы деңгейде қызмет көрсетуге мүмкіндігі бар. Ал қалған 2-3 пайызына ғана донордың ұрығын пайдалануға тура келеді. Бірақ оны отбасының өзі шешеді, – дейді маман.

Қазір Қазақстанда бала көтере алмай жүрген әйелдерді жасанды жолмен ұрықтандыратын 10 орталық бар, оның жетеуі – жеке меншік. Бұл орталықтарыдң көмегімен 6 мыңдай бала өмірге келген. Бұл жолмен балалы болғысы келген отбасылар мемлекеттен бөлінген квота аясында тегін медициналық көмек ала алады. Ал коммерциялық орталықтарда бұл қызметтің жасалу құны мен дәрі-дәрмегіне 180-340 мың теңгедей қаржы жұмсалады.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG