Accessibility links

Доссор тұрғындары билік берген уәденің орындалуын күтіп отыр


Доссор кентінің тұрғындары 16 вагон күкіртті әкетуді талап етіп, жолды бөгеп тастады. Атырау облысы Мақат ауданы Доссор кенті. 5 мамыр 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Доссор кентінің тұрғындары 16 вагон күкіртті әкетуді талап етіп, жолды бөгеп тастады. Атырау облысы Мақат ауданы Доссор кенті. 5 мамыр 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Экологтар Доссордағы күкірт зауытын жауып, газ құбырының бағытын өзгертуді талап етеді.


Мамырдың 5-сі күнгі халық наразылығынан кейін жергілікті билік Доссор елді мекеніндегі «күкірт зауыты» мәселесін екі апта ішінде шешуге уәде берген еді.

Уәде орындалуы тиіс мерзімге бес күн қалғанда бір топ қоғамдық ұйым өкілдері Астанада баспасөз жиынын өткізіп, мемлекеттік орындар мен тиісті мекемелердің алдына үш талап қойды. Бұлар – Доссор маңындағы күкірт өңдеу зауыты мен Қарабатандағы мұнай зауытын жабу, ауыл жанынан өтетін газ құбырының бағытын өзгерту.

КҮКІРТ ЗАУЫТЫ

«Каспий табиғаты» ұйымының төрағасы Махамбет Хакімовтың айтуынша, «жұмысын жаңадан бастап жатқан күкірт зауыты халық денсаулығы мен қоршаған ортаға залалды».

– Өткен жылдан бастап жергілікті тұрғындар мұнда күкірт әкелетінін сезіп, жергілікті билік орындарына, прокуратураға шағымданды. Осы сәуір айының ортасында Бас прокуратура бұл нысанды зерттеуді тапсырған болатын. Егер
«Каспий табиғаты» ұйымының төрағасы Махамбет Хакімов. Астана, 12 мамыр 2011 жыл.
ауылда мұндай өндіріс орны ашылатын болса, онда арнайы жоба жасалуы тиіс. Қоғамдық тыңдаулар өтуі керек. Түрлі мемлекеттік органдар, экология басқармасы тарапынан әртүрлі қорытынды құжаттар болуы тиіс. Бірақ қазір мұның бірде-бірі жоқ, – дейді Махамбет Хакімов.

Экологтардың айтуынша, күкіртті ашық түрде өңдейтін зауыттан ауаға тараған күкірт тозаңдары жауын-шашын кезінде күкірт қышқылына айналып, халықтың денсаулығы мен қоршаған ортаға өлшеусіз зиян әкелмек. «Мұндай зауытты қалың жұрт шоғырланған елді мекендерден алшақ жерде салу керек, тіпті мұнай өндіретін кеніштің өзінен де салуға болады. Мұнда оны толық тазалап, сатуға да болады» дейді экологтар.

«АДЖИПТІҢ» МҰНАЙ ТАЗАРТУ КЕШЕНІ

Мамандар қойып отырған екінші талап – «Аджип ККО» компаниясының Қарабатанда салып жатқан мұнай тазартатын кешенін жабу.

– Атырау мен Доссор қаласы аралығында ірі кешен салынған. Мұнда болашақта теңізден сорылатын мұнайлар тазаланып, эспортқа кетеді. Ал қалған қалдықтары, соның арасында күкірт те бар, осы территорияда қалмақ.
«Ел бірлігі» қоғамдық ұйымының төрағасы Қанат Жұман. Астана, 12 мамыр 2011 жыл.
Яғни бұл қалдықтар жел көтерілген кезде желдің бағытына қарай не Атырауға, не Доссорға ұшады. Екі өңірге де бірдей қауіпті. Егер қазір қандай да бір шара қолданбасақ, 2013 жылдан бастап бұл шындыққа айналады, – дейді Махамбет Хакім.

ГАЗ ҚҰБЫРЫ

«Ел бірлігі» қоғамдық ұйымының төрағасы Қанат Жұманның айтуынша, ауыл маңынан өтетін, «ешкімнің келісімінсіз салынып жатқан» газ құбырына да жергілікті халық алаңдап отыр.

– Қауіпсіздік ережелері сақталмай салынған бұл құбырдың қоршаған ортаға қандай зиян әкелетінін ешкім де білмей отыр, – дейді қоғамдық ұйым өкілі.

Бейсенбілік жиында мұнайлы өлке Доссорда тұратын халықтың әлеуметтік жағдайы еш өзгермей, нашар күйінде қалғаны туралы да айтылды. «Доссор Атырау облысындағы ең кедей ауылдардың қатарына кіреді. Мұндағы халық арасында жүрек, бас аурулары, демікпе сияқты ауру түрлері жиі кездеседі» дейді мамандар.

Доссор - Атырау облысынан 95 шақырым жерде орналасқан, 12 мың халқы бар, қала типтес ауыл, Мақат ауданының орталығы.


  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG