Accessibility links

ҮЕҰ: "Ауызсу қаржысы дұрыс жұмсалмай жатыр"


Алматы қаласының тұрғыны Айгүл Түкенова диспенсерден су алып тұр. Алматы, 12 наурыз, 2013 жыл

Алматы қаласының тұрғыны Айгүл Түкенова диспенсерден су алып тұр. Алматы, 12 наурыз, 2013 жыл

Алматыда аймақтарға ауызсу жеткізуге арналған "Ақбұлақ" мемлекеттік бағдарламасының шын мәнінде қалай жүзеге асып жатқаны сипатталды.

Алматы қаласы маңындағы Шаңырақ-2 ықшам ауданының тұрғыны Назерке Мұңайтпасова ауызсуды көршісінің ауласындағы бұлақтан тасып ішіп отырғанын айтады.

- «Өз-өзінен шығып жатқан су» деп айтады. Содан тасып ішіп отырмыз. Осындағы көрші-қолаңның бәрі суды сол жерден алады. Судың сапасы туралы мәліметім жоқ. Оны қайнатып барып қана ішіп жүрміз. Фильтр де қолданбаймыз. Бірақ шәугімге қойған кезде қақ көп түседі. Біз жаққа колонка келмеген ғой, - дейді Назерке Мұңайтпасова.

Азаттық тілшісінің сұрағына жауап берген бірнеше Алматы тұрғыны судың сапасына көңілдері толмайтынын айтты.

Құдықтан су алып тұрған тұрғын. Атырау, 6 ақпан, 2007 жыл

Құдықтан су алып тұрған тұрғын. Атырау, 6 ақпан, 2007 жыл

- Біз ешқашан краннан тікелей ішпейміз. Құйып алып тұндырып барып содан кейін қолданамыз. Әр кез шәйнекті қағынан тазартып отыруға тура келеді. Өте көп шығады. Су сапасының жақсарғанын қалаймыз, - дейді Алматы қаласының тұрғыны Зоя Ананьева.

Ал Орбита ықшам ауданының тұрғыны Айгүл Түкенова тамаққа суды сатып алып қолданатынын айтты.

- Краннан ағатын судың сапасы нашар. Тамаққа қолданатын суды әр литрін 10 теңгеден сатып аламыз. Осылайша екі күнде бір рет су сатып алып жүрміз, - дейді ол.

"АҚБҰЛАҚ" МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ

Қазақстанда 2011 жылдан бастап елді мекендерге ауызсу тарту үшін жасалған «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырыла бастады.

Осы бағдарламаның Ақмола және Шығыс Қазақстан облысында қалай жүзеге асып жатқанын өткен жылдың сәуір айынан бері зерттеген «Ангел» қоғамдық бірлестігі бірқатар елді мекендерде мемлекеттік қаржының дұрыс жұмсалмай жатқанын анықтаған.

Үкіметтік емес ұйым наурыздың 12-сі күні Алматыда зерттеу қорытындысын жариялады. Ұйымның ақпарат құралдарына таратқан баспасөз баяндамасында:

«Мысалы, сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында Глубокое ауданы (ШҚО) Абай ықшам ауданындағы 350 су пайдалану нысанына (су тартқыш насостар, т.б.) 52 миллион теңге бөлінсе, бұл нысандар орнатылуы тиіс 250 үй әлі салынбаған болып шықты және олардың құрылысы тіпті алдағы 10 жылға арналған құрылыс бағдарламасында қарастырылмаған» деп жазылған.

ГЛУБОКОЕ АУДАНЫ

«Сорос-Қазақстан» қорының қаржылай көмегімен жүзеге асырылған жоба аясында үкіметтік емес ұйым өкілдері Глубокое ауданы (ШҚО), Жақсы ауданы (Ақмола облысы) және Бородулиха ауданындағы (ШҚО) бірнеше елді мекенді аралаған.

Олар «сенім телефоны» арқылы тұрғындардан өтініш қабылдап, жұрт арасында сауалнама өткізген. Мемлекеттік органдардан ақпарат жинап, түрлі кездесулер ұйымдастырыпты.

Людмила Петрова «Ангел» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі. Алматы, 12 наурыз, 2013 жыл

Людмила Петрова «Ангел» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі. Алматы, 12 наурыз, 2013 жыл

- Ең көп шағым Глубокое тұрғындарынан түсті. Қарапайым азаматтардан, жергілікті әкімшіліктен компаниялардың сапасыз жұмыстары туралы шағымдар болды, - дейді «Ангел» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Людмила Петрова.

Оның айтуынша, кейбір азаматтар бағдарламада құдықтар (колонкалар) салу мәселесінің тыс қалғанына наразы болған.

- Кейбір азаматтар бағдарламаны жоспарлап жатқан кезде енгізілуі тиіс ұсыныстарды айтты. Оларға жаңа жобада колонкаларды салу жоспарының болмауы ұнамады. Екіншіден, тұрғындарды суды үйге кіргізу құны да алаңдатып отыр. Және суға төлейтін айлық ақша көлемі. Ауылдарда өздеріңіз білесіздер, өмір сүру деңгейі қалалармен салыстырғанда төмен, - деді Людмила Петрова.

Оның айтуынша, Глубокое ауданында бір нысан толықтай аяқталып пайдалануға берілген, қалған нысандардың жұмыстары жалғасып жатыр. Ал Бородулиха ауданында да жұмыстар жартылай аяқталған.

АҚМОЛА ОБЛЫСЫ

Бұл жобаның әріптесі «Алтын дала» қоғамдық қорының директоры Фатима Хампиева Ақмола облысында су мәселесінің шешілмегенін айтып, Есіл ауданы сияқты 20 жыл бойы су тапшылығын көріп келген елді мекендердің мемлекеттік бағдарламаға енбей қалғанын атап өтті.

Оның айтуынша, мемлекеттік бағдарламаға Жақсы ауданындағы сегіз елді мекен ілінген. Ондағы жұмыстар 45 пайызға орындалған.

- Мұнда ірі көшелер қиылысында колонкалар орнатылған. Бірақ олардың қыс кезінде қалай жұмыс жасайтыны әзірге, белгісіз. Себебі соңғы кезде жасалған колонкалардың сапасына көңіліміз толмайды. Аяз түсе қатып қалады. Сөйтіп, адамдардың суды жер құдықтан алуына тура келеді. Ал колонкалардың сапасына ешкім жауап бермейді, - дейді Фатима Хампиева.

Оның айтуынша, қазіргі кезде Киевский сияқты бірқатар ауылдарда су қорын зерттеуге байланысты су тарту жұмыстары уақытша тоқтаған.

- Бұл жұмыстар 2013 жылдың соңында бітеді. Ал қыс кезінде жұмыс болмайды. Сондықтан бұл елді мекендерге су биыл жетпейді, - дейді Фатима Хампиева.

Үкіметтік емес ұйым өкілдері ұсыныс-тілектерін арнайы атқару органдарына жіберетінін айтып өтті.

«Мемлекет ұсыныстарыңызды тыңдай ма?» деген сұраққа олар «әзірге мұндай кемшіліктерді жоюға бюджеттен ақша қарастырылмағанын» айтты.

2011-2020 жылдарға арналған "Ақбұлақ" мемлекеттік бағдарламасының орындалуына бюджеттен 1,3 триллион теңге қарастырылған. Оның 1,2 триллион теңгесі - республикалық бюджеттен алынса, 109 миллиард теңге - жергілікті бюджеттен бөлінеді.

Ақмола және Шығыс Қазақстан облысында "Ақбұлақ" бағдарламасын жүзеге асыруға 2,9 миллиард теңге (республикалық және жергілікті бюджет) қарастырылған.

Мемлекеттік бағдарлама аясында елдегі елді мекендердің 80 пайызын, қалалардың 100 пайызын ауызсумен қамтамасыз ету көзделген.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG