Accessibility links

Алматылықтар суға кетсе, жағадағы жұрт жүгіреді


Көлге түсіп жүрген жұрт. Қазақстан, 2009 жыл. (Көрнекі сурет)

Көлге түсіп жүрген жұрт. Қазақстан, 2009 жыл. (Көрнекі сурет)

Алматы маңындағы көлдерге түсетін тұрғындар «суға кеткен адамдарды құтқарушылар емес, жағада жүргендер құтқаруға мәжбүр» дейді. Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаменті «адамдардың суға кетуіне көп жағдайда өздері кінәлі» екенін айтты.

Ресми мәліметтерге қарағанда, Қазақстанда 14-15 шілде, демалыс күндері 11 адам суға кеткен.

Tөтенше жағдайлар министрлігінің ақпараты бойынша, cуға түсу маусымы басталған осы бес ай ішінде 77 адам суға кетсе, оның 17-сі - балалар. Құтқару қызметі осы уақыт аралығында 387 адамды құтқарған.

«БЕЙРЕСМИ ҚҰТҚАРУШЫЛАР»

Алматы тұрғыны Асылбек Арашев қала ортасындағы Сайран көлінің жағасына келіп демалғанды ұнатады. Ол «Сайран көлі суға толған кезде келушілер Асылбек Арашев. Алматы, 18 маусым 2012 жыл.

Асылбек Арашев. Алматы, 18 маусым 2012 жыл.

көбейеді» дейді. Оның айтуынша, Сайран көліне келіп құятын тау өзенінің суы өте суық - шомылу мүмкін емес.

Асылбек Арашев осы көлге батып бара жатқан қыз баланы құтқарып қалғанын айтты.

- Мен жағада отырғанмын. Бір қыздың судан басы бір шығып, бір батып бара жатқанын байқаған соң, суға жүгіре жөнелдім. Суға батқан адамды қалай құтқару керегін білмейтінмін. Бірақ ол кезде қызды итеріп су бетіне шығардым. Сосын басқа адамдар көмектесті, - деді ол.

Қарасай ауданына қарасты «Он тоғызыншы» деп аталатын кішігірім көлдің табаны батпақ, суы лай болғанымен, суға түсушілер көп. Мұнда келген әр автокөлік 100 теңге төлейді.

Зура Темірғалиева өткен жылы анасы мен қызының екеуі бірдей суға батып кете жаздағанын көргелі бері «Он тоғызыншы» көлге ендігәрі бармайтын болған.
Оның айтуыша, көлге барушылар көп болғанымен, құтқарушылар бұл көлге назар аудармайды.

- Көлдің табаны батпақ болғандықтан, қызының суға кеткенін көрген анасы оны құтқарамын деп өзі батпаққа тайып жығылды. Оны көрген менің інім тұншығып жатқан қызды құтқармақ болып жүгірді. Суға жүзе алатын адамдар жабылып жүріп, анасын да, қызын да құтқарып қалды. Сол жағдайды көргелі бері ол жерге бармайтын болдым, - деді ол.

«ҚҰТҚАРУШЫЛАРДЫ КӨРМЕДІМ»

Хасан атты алматылық тұрғын жұрт көп баратын, құтқарушылар сақ болуы тиіс Қапшағай көлінде екі жігіттің ішімдік ішіп алып, суға түскенін көргенін айтты. Оның сөзіне қарағанда, батып бара жатқан жігіттерді жағадағы адамдар құтқаруға тырысқан. Алайда екі жігіттің біреуі ғана құтқарылған екен.
Хасан. Алматы, 18 маусым 2012 жыл.

Хасан. Алматы, 18 маусым 2012 жыл.


- Не болғанын білмей қалдық. Ішіп алған екі жігіттің суға түсуге кетіп бара жатқанын көрдік. Суға түсе салысымен екеуі де көзден таса болды. Біз бір жігітті ғана судан алып шықтық. Екіншісін таба алмадық. Алайда біраз уақыттан соң келген құтқарушылар екінші жігіттің өлі денесін тура сол суға түскен жерден тауып алды. Көлге (Қапшағайға - ред.) бірнеше рет барғаныммен, құтқарушыларды көрген емеспін. Егер құтқарушылар жұмыс жасайтын болса, қанша адам суға кетпес еді,- деді Хасан.

Ресми деректерге қарағанда, Қазақстанда 2011 жылы 93 адам суға кеткен. Ал биыл, соңғы ақпараттар бойынша, маусым айының 1-і мен 15-і аралығында (екі аптаның ішінде) 57 адам суға кеткен, оның жетеуі - бала.
Адамдар қарапайым қағидаларды сақтамағандықтан суға кетеді.

Алматы қаласының төтенше жағдайлар департаментінің Азаттық радиосы жіберген сауалдарға жіберген мәліметтеріне сүйенсек, Алматыда 2011 жылы - 11 адам, биыл үш адам суға кеткен.

Хабарламада адамдардың суға кетуіне көп жағдайда ішімдік ішуі және суға түсуге рұқсат етілмеген жерлерге баруы себеп болатыны айтылған. Департамент жауабы бойынша, адамдар қарапайым қағидаларды сақтамағандықтан суға кетеді. Жауапта мұнан бөлек, құтқару қызметінің мамандары күн сайын су қоймаларына бақылау жасайтыны жазылған.

Төтенше жағдайлар министрлігі жұртқа қарапайым қағидаларды сақтау керегін, қайықта жүзген уақытта міндетті түрде құтқару кеудешесін киюі қажет екенін, белгі қойылған аумақтан ары асып кетпеуге, түнгі уақытта және рұқсат етілмеген жерге түсуге, тереңдігі белгісіз суға секіруге болмайтынын ескертеді.

Ресми мәліметтерге қарағанда, Алматы қаласында және төңірегінде 4 су қоймасы, 22 тау өзені бар.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG