Accessibility links

«Журналистер елдегі оқиғаларға ортақтасу сезімін жоғалтып алды»


Журналист Сергей Дуванов. Алматы, 13 қазан 2016 жыл.
Журналист Сергей Дуванов. Алматы, 13 қазан 2016 жыл.

Журналист Сергей Дуванов қазақстандық БАҚ-тың 1990-жылдардағы «қайта өрлеу дәуірі» жаңа ғасырда қалай құлдырағаны жайлы әңгімеледі.

Азаттық Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Тәуелсіз адамдар» жобасын жалғастырады. 1990-жылдардың басынан бастап осы уақытқа дейін моральдық тұрғыда беделді, қоғамдық пікірдің жетекшісі болған саясаткерлер, музыканттар, журналистер, экономистер, әртістер және танымал БАҚ өкілдерінен сұхбат аламыз. Жоба кейіпкерлері жаңа мемлекетте адам ретінде және маман ретінде алдына қандай мақсат қойғанын, 2016 жылы оның нәтижесі қандай болғаны туралы баяндайды.

Жобаның 7-сериясында журналист Сергей Дуванов қазақстандық БАҚ-тар елдің бірінші басшыларын эфирге шақырған толық еркіндіктен жартылай астыртын газеттер мен журналистер «құр кәсіп иелеріне» айналған заманға қалай жеткені туралы әңгімелейді.

САХНАҒА «БЕЙРЕСМИЛЕР» ШЫҚТЫ

Вячеслав Половинко: - СССР ыдыраған кезде қайда едіңіз?

Сергей Дуванов: - Есімде жоқ.

Вячеслав Половинко: - Ол кезде Алматыда болдыңыз ба?

Сергей Дуванов: - Иә. Ол күнді есте сақтайтындай әлдебір мереке болмады ғой. Өзге күндерден еш айырмашылығы жоқ кәдімгі күн болатын.

Петр Троценко: - Күні бұрын болжанған ба?

Сергей Дуванов: - Іс жүзінде СССР ыдырап кеткен, оны тек заң жүзінде бекітті. Жұрттың көбі мұны тіпті байқамай да қалды. Жұмысы сондай болғандықтан, журналистер мен саясаттанушылар ғана мән берді. Ал ел мұны сезген де жоқ. Бұл оқиға елеусіз өтіп кетті. Сол күні қайда болып едім, не істеп едім деген жайттарды сондықтан есіме түсіре алмаймын.

Вячеслав Половинко: - Ал ол кезде елдің жағдайы қандай еді? Жұрт әрең күнелтіп, жейтін тамақ болмады ма?

Сергей Дуванов: - Ол кезді үлкен драмаға айналдырып керегі жоқ. Бәрі бұрынғыдай болды. Жұмыс та болды, жұрт та күн көрді. Бірақ тапқан-таянғанының бәрін инфляция жеп қойып отырды. Ақшаның соңына түскендер көбейіп, қызыл пиджак киген жігіттер пайда болды...

Петр Троценко: - Олар сол 1991 жылы шықты ма?

Ақша табудың амал-айласын білетін жандар, кооператорлар, бизнесмендер қай заманда болды ғой. Тек бұрын оларды милиция қудалайтын.

Сергей Дуванов: - Иә. Бірақ ол кезде пиджак кимейтін. Заманы туғанын сезіп «жарыққа» шыққаны болмаса, негізі, олар баяғыдан бар болатын. Ақша да, көлік те соларда болды, «Міне, көріңдер, мен қандай пысықпын, қол астымдажұмыс істе» деп жастар еліктейтін жандарға айналды. Совет Одағы кезінде басталып қойған бұл процесс кейін үдей түсті. Ақша табудың амал-айласын білетін жандар, кооператорлар, бизнесмендер қай заманда болды ғой. Тек бұрын оларды милиция қудалайтын.

Петр Троценко: - Совет Одағымен бірге өмір де тоқтап қалғандай сезім мүлде ешкімде болмады ма сонда?

Сергей Дуванов: - Мұны үлкен кісілер қалай қабылдағанын білмеймін, бірақ мен күш-қуатым қайнап тұрған кезім болатын, сондықтан одақтың ыдырағанына оптимизммен қарадым. Біз елді өзгерткіміз келді.

Петр Троценко: - Ол кезде елді өзгерткісі келген сіз сияқты жандар көп болды ма?

Сергей Дуванов: - Өте көп болды. Қазіргіден он есе көп. Жағдай... қалай айтсам екен, қайта өрлеу дәуірі сияқты болды. Саяси өмір қызып, өз идеяларымызды ұсынып, бейресми ұйымдар құрып жаттық, мен ортасында жүрдім. Қоғамдық өмірге жаңа адамдар көптеп келе бастады. Жастар пайдалы бола бастады. Өзімізше әлдебір клуб сияқты болдық. Бас поштаның жанында бақ-бақ гүліне ұқсайтын фонтан болған. Әр бейсенбі сайын әлгі фонтанның жанына бүкіл либерал-демократтар жиналатын.

Петр Троценко: - Ол кезда «либералдық» деген сөз құлаққа түрпідей тимейтін бе еді?

Сергей Дуванов: - Ол кезде қолданылмайтын. Ол кейінгі 10 жыл ішінде пайда болды. Ал оған дейін жұрт мүлде қолданбайтын. Коммунистер, комсомолдар, бәріне қарсы «бейресми» топтар пайда болды. Путч кезінде бәріміз жиналдық. Жиынға қаланың бүкіл «бейресми» топтары келді. Қазір ойлап отырсам, әлгі әрекетіміз ерлік екен. Көбі 20-30 жас аралығындағы жастар, ең кәрілердің бірі мен болдым. Мәскеуде бүлік болып жатыр, Қазақстан билігінен тырс еткен үн жоқ, ешкім ештеңе білмейді, Назарбаев үшінші күн үнсіз. Ал біз бұл алапат төңкеріс деп ГКЧП-ға (төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитет) қарсы шықтық. Маңайымызда КГБ қызметкерлері өріп жүр, бірақ бізді не ұстап әкетерін, не жайымызға қалдыруды білмей дағдарып қалды.

Петр Троценко: - Ешкім жарлық берген жоқ па?

Сергей Дуванов: - Иә! Бұдан қаһарман болып кетпесек те, өзімізді қаһарман сезіндік. [Ельцинді] қолдап, Мәскеуге үндеу де жолдағанбыз. Сол жолы жолымыз болды, әйтпесе талай жылға кетуші едік.

Петр Троценко: - Мүмкін, тіпті адамдар құрбан болар ма еді.

Сергей Дуванов: - Қайдағы құрбандар, байлап әкетіп, құр қамап тастар еді. Қуып тарататындай адам көп емес, 40 шақты ғана адам болдық. Адам қарасы аз болғанымен, фонтанның алды толы кісі болды. Әлдебір салтанатқа жиналғандай, әр жерде бес-бестен топтасып тұрды.

ЖАППАЙ КОММЕРЦИЯЛАНУ

Журналист Сергей Дуванов. Алматы, 13 қазан 2016 жыл.
Журналист Сергей Дуванов. Алматы, 13 қазан 2016 жыл.

Вячеслав Половинко: - Ал өзіңізде коммерцияға кету туралы ой болған жоқ па?

Сергей Дуванов: - 1990-жылдар емес пе, ондай ой болды. 1992 жылы Володя Литвинов, Женя Бычков үшеуміз Қазақстанда алғашқы «Радио Maximum» радиостанциясын аштық. Бұл әуелі мәскеулік Maximum радиосымен бірлескен жоба болды. Олармен үш-төрт айдай ғана әріптес болдық та, кейін жолымыз екі айырылып, біз «Макс» радиосы болып қалдық. Олардан солай ажырап кеттік.

Вячеслав Половинко: - Ал радио ашуға ақшаны қайдан алып жүрсіздер?

Сергей Дуванов: - О, ол бөлек әңгіме. Бәрі сол ақшаның жоқтығынан ғой. Бір кезде төртінші болып тобымызға Сергей Баскин қосылды. Ол инженер, зауытта цех бастығы болатын. Ол бастықтарымен келісіп, бізге радио қызметкерлерін таситын автобус сұрап берді. Әлгі автобусты телемұнараның тура түбіне әкеліп қойып, Женя Бычков бүкіл жазбаларымен сонда отырды, сөйтіп эфирді бастадық. Бір айдан кейін жұрт тек бізді тыңдайтын болды. Әуелгіде радиомызда музыка ғана болған, бірақ біраздан кейін жаңалықтар да бере бастадық.

Вячеслав Половинко: - Әлгі жаңалықтарыңыз қазір таратылатын жаңалықтарға ұқсайтын ба еді?

Сергей Дуванов: - Алматыда ТНН («Телевизиялық бейресми жаңалықтар») деген бағдарлама болғанын естіп пе едіңдер? Оны Володя Литвинов екеуміз сол 1991 жылы құрғанбыз. Екеуміз КТК телеарнасына бардық, ал олардың эфирінде көбінесе фильмдер ғана болған, шағын әрі жұпыны бағдарламалары бар, бірақ жаңалықтар бағдарламасы жоқ еді. Оларға «Бізде идея бар. Келіссеңдер, біз ақпараттық бағдарлама дайындап тұрамыз, бірақ ол жұрттыкі сияқты емес, телевизиялық ресми емес жаңалықтар болады. Біз президенттің анда-мұнда сапарлары емес, қарапайым адамдардың жағдайы туралы айтамыз. Мысалы, мына жерде мысықты басып кетіпті деген сияқты» дедік. Сонымен біз әлгі бағдарламаны алты ай дайындап жүргіземіз, сосын рейтингі 50 пайыздан асса, олар бағдарламаға жұмсаған ақшамызды қайтарып беретін болып келістік. Сауалнама 80 пайыз рейтинг көрсетті, бірақ ақшамызды, әрине ешкім қайтарған жоқ.

Әлгі бағдарламамыз жаңалықтар форматына мүлде ұқсамайтын. Жүргізуші бір жаңалықты айтып болып, алдындағы компьютердің Enter түймешесін басады. Экранда бір сан шығады. Келесі жаңалықтан кейін тағы бір сан шығады. Сөйтіп ақпараттық бағдарлама соңына қарай әлгі сандардан толық телефон нөмірі құралады. Телефон нөмірі экранға шыққан адам редакцияға бірден қоңырау соқса, сыйлық алады. Бізге рейтинг керек болды, сондықтан жұртты осындай айламен тарттық.

Петр Троценко: - Жұрт алдау,бұрмалау деп шағымданбады ма?

Тележүргізуші Динара Арғын "Настоящее Время — Азия" бағдарламасын жүргізіп отыр.
Тележүргізуші Динара Арғын "Настоящее Время — Азия" бағдарламасын жүргізіп отыр.

Сергей Дуванов: - Жоқ. Бірақ кейде адамдар келесі күні қоңырау соғып, кеше шыққан нөмір менікі еді деп айтып жататын. Бірақ бізде 10 минут ішінде қоңырау шалуы тиіс деген талап болды. Демек адам бағдарламаны шынымен көріп отыр деген сөз.

Кейін тобымызға Динара Егеубаеваны қосып алып, оны жарнама оқуға отырғыздық. Сол-ақ екен жарнама қаптады. Жарнама бүкіл арнаның ішінде біздің бағдарламаға ғана ағылды.

Вячеслав Половинко: - Қандай жарнамалар еді?

Сергей Дуванов: - Шифер сатам, аккумулятор сатам деген сияқты жарнамалар.

Петр Троценко: - Яғни әлгі хабарландыруларды Динара оқыды ма?

Сергей Дуванов: - Иә! Бағдарламамызда «Жарнама» деген бөлім болған,Динара шығып, оқи бастайтын. Ол эфиріміздің алғашқы жұлдызы болды. Жұлдыз десе жұлдыз, өйткені кейде жұмыстан кетуіне тура келетін, кавказдықтар көлікпен іздеп келетін.

ПРЕЗИДЕНТ ҰШАҒЫНДА

Вячеслав Половинко: - Мұндай бейресми жаңалықтар бағдарламасында жүріп президенттің ұшағына отыратындай дәрежеге қалай жеттіңіз?

Сергей Дуванов: - Біз КТК-дан кеттік, ал сосын біраз уақыттан кейін радиомен қоса ТВМ деген өз телеарнамызды аштық. Сол кезде жеке бағдарламамды жүргізсем деген ой келді. Ол «Ашық зона» деп аталды. Тікелей эфирде сұхбат алатынмын. Сұрақты мен ғана емес, телекөрермендер де қоятын. Қойған сұрақтары студияда естіліп тұратын, ең қызығы, сұрақты алдын ала өңдемей жұмыс істедік. Қазір ешкім бұлай жұмыс істемейді.

Әлгі бағдарламамды екі жыл жүргіздім. Эфирге Масанов, Қосанов, Своиктер, оппозицияға кеткеннен кейін Нұрқаділов келе бастады. Премьер кезінде тіпті Қажыгелдин де келген, дағдарыстың күшейіп тұрған кезі ғой, жұрт жейтін тамақ жоқ деп премьердің тура өзіне айтқысы келеді, әйтеуір сол күні телефонға тыным болмады. Ақыры өзіме эфирге Назарбаевты келтіруге тиіспін деген мақсат қойдым. Оның баспасөз хатшысын жағалап ұзақ жүрдім. Ол көпке дейін қашқақтап жүріп алды, ал кейін «президент Мәскеуге жұмыс сапарымен бармақшы, ұшағына отыруыңа болады» деді.

Петр Троценко: - Сіздер жеке бөлікте отырдыңыздар ма?

Мен «Нұрсұлтан Әбішұлы, мен жүргізетін тікелей эфирде Қажыгелдин болды, енді сіз де келіңіз. Ештеңеден қорықпайтыныңызды елдің бәріне көрсетіңіз» дедім.

Сергей Дуванов: - Әрине. Ол бизнес класта, ал журналистер бөлек отырдық. Бір кезде шықты, оны қоршап алып, әңгімелесе бастадық. Мен «Нұрсұлтан Әбішұлы, мен жүргізетін тікелей эфирде Қажыгелдин болды, енді сіз де келіңіз. Ештеңеден қорықпайтыныңызды елдің бәріне көрсетіңіз» дедім. Ол «проблема жоқ, уақытын баспасөз хатшысы Дулатпен келісіңдер» деді. Бірақ қайдан келсін. Келуге қорықты.

Вячеслав Половинко: - Ақыры президентпен бір ұшақта отырған екенсіз, билікке жуық болайын деген ой келмеді ме?

Сергей Дуванов: - Жоқ. Біріншіден, бұл маған жат. Ондайға ешқашан ұмтылмадым, мансапқор емеспін. Екіншіден, біз рейтинг жағынан «Хабардың» өзінен озып, онсыз да жеңімпаз болып жүрдік. Оның үстіне, ол кезге қарай радиомыз елдің алты облысында хабар таратып жатқан болатын. Телевизиямыз Алматыда ғана болды, бірақ Калифорниядағы бір банкирмен сөйлесіп, ол жобамызға бірнеше миллион доллар (ол кезде қыруар ақша) салуға ыңғай танытты. Бірақ ол «акцияларыңның бақылау пакетін» бересіңдер деген шарт қойды, ал біз бергіміз келмеді.

Петр Троценко: - Яғни дамуға мүмкіндіктер болды ғой?

Сергей Дуванов: - Әрине. Сондықтан билікте неміз бар? Онсыз да өзіміз төртінші билікке айналдық. Шын айтамын. Мұны билік те түсінді. Әлгі ұшақта болғаным, Қажыгелдиннің эфирге келгені – мұның бәрі бізді мойындағаны емес пе.

ТЕЛЕВИЗИЯНЫ ӨЗ ҚОЛЫМЫЗБЕН ҚҰРДЫҚ

Вячеслав Половинко: - 1990-жылдары журналистердің жалақысы шамамен қанша еді?

Петр Троценко: - Тарықпай өмір сүру үшін қанша ақша табу керек болды?

Сергей Дуванов: - Қазір есімде жоқ, бірақ журналист орташа дәрежедегі ақы төленетін мамандық болды – қазіргі шамамен есептесек, шамамен 500-ден бастап, бір мың долларға дейін.

Вячеслав Половинко: - Өмір сүруге жетуші ме еді?

Сергей Дуванов: - Егер түскі асты мейрамханада ішпесең, 700 долларға Алматыда қазір де күн көруге болады. Әйтеуір бензинге жетеді.

Вячеслав Половинко: - Ал ақша төлемеген кездер болды ма?

Журналист Сергей Дуванов. Алматы, 13 қазан 2016 жыл.
Журналист Сергей Дуванов. Алматы, 13 қазан 2016 жыл.

Сергей Дуванов: - Айлап төлемеген кездер болды. Бірақ бәрі ашық болғандықтан, жұрттың бәрі түсінетін. Команда болдық.

Вячеслав Половинко: - Айырбас формуласы сол тұста пайда болды ма? Мысалы, сіздер жарнама бересіздер, ал сіздерге ақша орнына дайын өнімдерінен бірдеңе береді деген сияқты?

Сергей Дуванов: - Бізде бұл «бартер» деп аталатын. Саяжайымды сондай амалмен салып алғанмын. Жарнама берушілер келіп «ақша жоқ, орнына тауар алыңдар» дейтін.

Вячеслав Половинко: - «Ақша жоқ, бірақ мойымаңыздар...»

Сергей Дуванов: - Иә, солай. Беретін ақшасы жоқ, бірақ кірпіш, блоктар, ванна, унитаз, балаларға арналған кітаптары бар. Не қаласаң сол табылады. Редакцияға кіріп, «жігіттер, кімге керек?» деп, тізімді оқып шығамын. Біреу «маған мынаны бер, қайын енеме уәде беріп едім» дейді. Окей деймін де «белгі» қоямын. Әлгілердің жарнамасын аламыз. Әйтеуір амалдап күн көрдік. Бірақ бізге Болат Әбілов көп көмектесті, мол ақша беретін, кейін әлгі ақшаны көп еңбекпен қайтардық.

Вячеслав Половинко: - Ал эфирге техниканы қайдан алдыңыздар?

Сергей Дуванов: - Ақша болса, бәрін сатып алуға болады. Мемлекеттік телерадионың есептен шығарып тастаған аппаратурасынан бастадық. Ал суфлерді балалар арбасынан жасап алдық. Екі доңғалағын шешіп алып, оларға мәтіні үлкен әріптермен терілген лентаны желімдеп қоямыз, ал әлгі лентаны созылатындай етіп қоямыз. Мемлекеттік телерадиодағылардың бәрі парақтан оқитын, ал біз көрерменнің көзіне қарап отырамыз. Кейін суфлердің құрылысын бір жерден көріп алдым. Содан теледидарды аударып, айна қойдық, ал камера әйнектің артында қалады. Адам камераға қарайды, ал мәтін көз алдында тұрады. Қарабайыр болғанымен, осындай амал таптық.

Вячеслав Половинко: - Сізге «Епті қолдар» бағдарламасына қатысуға болады екен.

Сергей Дуванов: - Драйв, құлшыныс болса, жалақының аздығы да, техниканың жоқтығы да проблема емес, тіпті қиындықтың өзі қызық болады екен. Өзара айтқанда, бұл өмірімдегі ең бақытты кезең болды.

ТЫҚЫР ТАЯҒАН КЕЗ

Петр Троценко: - Сіз және өзге журналистер тықыр таяй бастағанын қашан сездіңіздер? Әлдебір белгілері болды ма?

Мұнайды бөлумен әлек болып жатқан [биліктің] ақпарат алаңында біразға дейін шаруасы болмады.

Сергей Дуванов: - Әрине. Мұнайды бөлумен әлек болып жатқан [биліктің] ақпарат алаңында біразға дейін шаруасы болмады. Ал 1995 жылға қарай билік ақпарат алаңын бақылаудан шығарып алғанын, оны өзгелер жайлап алғанын, құқықтар талап етіп жатқанын түсінді.

Вячеслав Половинко: - Мемлекет телеарналарыңызға «ептеп күш қолдануға» алғаш қашан кірісті?

Сергей Дуванов: - Биліктің қысымға кірісейін деп жатқанын мылжыңдығының арқасында Ермұхамет Ертісбаев айтып қойды. Ол маған қоңырау соғып, «Осы сен эфирде өз позицияңды неге жариялайсың? Құпия ережелер барын білесің ғой» деп ашық айтып салды. Мен әлгі сөздерінің бәрін [диктофонға] жазып жатырмын. «Ал олардың орнында сен болсаң, қайтер едің? Дәл солай істер едің. Енді сені жабады» деді. Яғни Ертісбаев бүкіл контораның жоспарын жайып салды. Диктофонға жазып алған сөздерін «Караванға» апарып бердім. Ал ол кезде «Караван» тиражы 350 мың дана, ең ықпалды апталық газет болатын. Сол кезден бері Ертісбаев «адамгершілігі жоқ екен» деп мені жамандап келеді.

Вячеслав Половинко: - Бұл тура қоқан-лоқы болды. Ал оған дейін бірдеңенің шеті шықты ма? Мысалы, әлдебір шара үстінде сізге «Жеткен шығар енді? Қашан қоясың?» деген сияқты ескертулер жасаған жоқ па?

Сергей Дуванов: - Ол кезде ондай болған жоқ. Сосын көбінесе жуастарды қысады ғой. Ал маған «мынаны эфирге шығарма» деп ешқашан бұйырып көрмепті. Бірде былай болды. Әкімдіктен әлдебір шенеунік қоңырау соқты. «Мына әңгімені эфирге бермеймін, ал қаласаңыз беруім де мүмкін» дедім.

Петр Троценко: - Теларналарыңызды тікелей эфир үстінде қалай тоқтатып тастады?

Сергей Дуванов: - Ол кезде жаппай шабуыл басталған еді. Мен бәрімізді «құртыңдар» деген нұсқау келгенін түсіндім. Билік не амал істесек деп ойлана бастады. Бізді жабудың қилы амалдарын қолданып көрді. Әуелі «сигналдарың әуежай қызметкерлерінің жұмысына кедергі келтіріп жатыр» деді. Бірақ мұның өтірік екенін, әуежайда ондайды тіпті естімегенін жарты сағатта дәлелдеп бердік. Сосын студиямыз орналасқан мұнара режимдік нысан, сондықтан ол жаққа ҰҚК-нің рұқсатымен ғана кіруге болады деген сылтау ойлап тапты. Әлгі рұқсатты алу ұзақ-сонар процедура болатын.

Бірақ мұның бәрі құр қорқытып-үркіту болды. Кейін бізді құрылғыдан ажырата салды. Сол күні эфирде тележиіліктерге тендер өткізу тақырыбын талқылап жатқанбыз. Студияда бас редакторлар жиналып, енді не істеу керек деп ақылдасып отырған. Бір кезде күзетші кіріп келді. Үкіметтегі жігіттер күзет бастығы Күзетовке қоңырау соғып, «Андағы жердегі базарды тый!» деген болуы керек. Ол не істерін білмей, күзетшіге телефон соғып, «бір амалын істе» деген сияқты. Ал күзетші кадрға кірмей, біреуге айтудың орнына, студияға өзі кіріп келіп, «Күзетов телефон соғып жатыр» дейді. Негізі, ол кісіге өкпе жоқ, ол бастығының айтқанын ғана орындады.

Прерванный эфир программы «Открытая зона»
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:55 0:00

Вячеслав Половинко: - Ол кезде жалғыз сіздер ғана емес, өзге тәуелсіз телеарналар да болды ғой. Редакторлардың бәрі неге үндемей қалды? Бірер ай шулады да қойды ғой.

Сергей Дуванов: - Неге? Көп жүгірдік. Қайта қостыруға тырысып соттастық. Бірақ соттар шағымдарымызды қабылдамай қойды. Негізі, не деп мін таға аламыз? Жарықты қиып, телеарнаны жауып тастағандары үшін соттасуға болар еді. Ал тендер жайлы не айтасың? Мемлекеттік комиссия отырыс өткізіп, біздің жиілікте хабар тарата бастаған «Шахар» телеарнасы ең жақсы бағдарлама ұсынды десе не дейсің? Олар керемет ештеңе ұсынған жоқ, әрине, бірақ оны қалай дәлелдеймін? Сонымен бітті, билік ойлап тапқан әлгі заң тұрғысынан бәрі заңды болды да шықты.

Бірақ бізді ақпарат алаңынан мүлде қуа алған жоқ. Продакшн-студияға айналып, көптеген бағдарлама әзірлеп, жабылмай қалған телеарналарда жариялаладық. Кейін оларды да жаба бастады.

Петр Троценко: - Әлгі телеарналар хабарларыңызды сатып алудан бас тартты ма?

Сергей Дуванов: - Ол жағы да бар. Мысалы, екеуміз келіскендей, сен бағдарламаны қабылдап аласың, сосын «ақша жоқ» дейсің. Біз Арман Байтасовтың «31 арнасы» ғимаратында ұзақ отырдық. Тамаша продюсер, тамашамаман. Ол біздің әлеуетіміз мықты екенін түсініп, өзіне шақырды, оның эфирінен талай бағдарлама бердік, бұдан бәріміз ұттық. Бірақ бір кезде ол жақта да проблемалар басталып, бағдарламаларымызды сатып алуды ол да тоқтатты. Мен не істей аламын?

ӨЗГЕ ЖАҚҚА АУЫСУ

Вячеслав Половинко: - Дәл осы тұста мемлекеттік қызметке ауысып кетуге болушы еді ғой.

Сергей Дуванов: - Жоқ. Оған менің бэкграундым, имиджім жарамайды. Біріншіден, менімен ешкім жұмыс істемес еді.

Вячеслав Половинко: - Ой, қойыңызшы, кімдермен жұмыс істемей жатыр.

Сергей Дуванов: - Жоқ, менің ешқашан аттай алмайтын принциптерім бар.

Вячеслав Половинко: - Ешкім сізбен сөйлеспеді ме?

Сергей Дуванов шығарған оппозициялық газеттер.
Сергей Дуванов шығарған оппозициялық газеттер.

Сергей Дуванов: - Жоқ, әрине. Мен журналистік оппозицияға кеттім. Бұл Қажыгелдин билікке таласа бастаған тұс болатын, ол командасына шақырды. 1998 жылы саясат ойынына мықтап кірісіп, Виталий Воронов, Асылбек Қожахметов үшеумізді командасына шақырды. Мен «сіз жеңген күннің ертеңінде сізге қарсы мақала жазамын» деген шартпен келістім. Ол окей деді.

Вячеслав Половинко: - Ұнатпай қалған жоқ па?

Сергей Дуванов: - Жоға. Сөйтіп газетте жұмыс істей бастадым. Алғашқы газетіміз «451 градус по Фаренгейту» деген газет болды. Бұл шынымен оппозициялық газет болды, онысын жасырған жоқ, бірақ плюрализм сақталды. Маған бір ұнағаны – газетті қаржыландырса да, Қажыгелдин бір рет те телефон соғып, наразылығын білдірген жоқ. Әлгі газетте тіпті оған зияны тиетін материалдар болған.

Вячеслав Половинко: - Яғни билік газеттерді қудалауға кейінірек кіріскен екен ғой?

Сергей Дуванов: - Олар әуелі пошта, телеграфты алған Лениннің принципімен жұмыс істеді. Бәрін сауатты істеп, әуелі ықпалы мықты телевизия алаңын тазартып алып, сосын ғана газет бизнесіне кірісті. Бізде «Евразия.орг.ру» деген газет болған. Оны Бішкекте басып әкеліп, тиражын осында астыртын көбейтетінбіз. Оған әбден төселіп алдық. 100 дана БАҚ деп саналып, тіркеуге тұруы тиіс болғандықтан, Қазақстанда 99 данасын ғана шығара алдық. Типографияға барып, 99 данасын шығарып, түбіртек алып аламыз. Ал қалғандарын транспортпен әкеліп жүрдік, оны санап көрсін. Бірдеңе деп келсе, «Жігіттер, бізге не деп кінә артасыңдар? Сіздер 300 дана таптық деп тұрсыздар, ал бізде құжат бойынша 99 дана. Олай болса, біздің газетті кімдер көшіріп алып, шығарып жүргенін табыңдар. Біздің қатысымыз не? Мүмкін, оны бір бұрышта өздерің шығарып жатқан шығарсыңдар» деп құтылатынбыз.

Вячеслав Половинко: - Үшінші біреулер арқылы шығардыңыздар ма?

Сергей Дуванов: - Мұндай шаруаны арнайы үйренген адамдар бар... Жігіттер, ары қарай қазбаламаңдар, бұл - конспирация. Олардың ізіне түсіп алмаса болды. Газеттің макетін флешкамен бере саласың. Ал бұл қиын емес.

Петр Троценко: - Газетті саттыңыздар ме әлде тегін тараттыңыздар ма?

Сергей Дуванов: - Ол бизнес-жоба емес болғандықтан, шығынды жоба болды, бірақ таратушылардың сатып, ақша табуына қарсы болғамыз жоқ. Сатасың ба, тегін бересің бе - оны өздерің білесіңдер дедік. Олар, әрине сатуға тырысады. Ал біз сатудан ешқандай пайда тапқанымыз жоқ.

Вячеслав Половинко: - Ал өздеріңіз немен күн көрдіңіздер?

Сергей Дуванов: - Немен күн көргені қалай? Әлгі газеттің шығуына мүдделі демеушілеріміз болды. Ол кезде елде балама дүниелерге мүдделі адамдар болған.

Вячеслав Половинко: - Жартылай астыртын газеттеріңіздің бәрі...

«451 по Фаренгейту» газеті ресми газет болды. Оны үш рет жауып тастады, бірақ жабатынын білдік, сондықтан қолымызда «Колесо», «Город. Утро» және «Иртыш» деген газеттердің тағы үш бірдей лицензиясы болды.

Сергей Дуванов: - «451 по Фаренгейту» газеті ресми газет болды. Оны үш рет жауып тастады, бірақ жабатынын білдік, сондықтан қолымызда «Колесо», «Город. Утро» және «Иртыш» деген газеттердің тағы үш бірдей лицензиясы болды. «Фаренгейтті» жапса, «Колесоның» келесі тиражы шыға келеді, бірақ үстіңгі жағына үлкен әріптермен «451 по Фаренгейту» деп жазып қоямыз. Дау-дамай шықса, «Бұл - біздің ұранымыз. Фаренгейт бойынша 451 градус температурада қағаз жанады. Мақалаларымыздың өткірлігі соншалықты, тіпті қағаз тұтана бастайды дегенді білдіретін ұранымыз» деп құтыламыз. Кейбіреулері «ал мұнда тақырыбы тұр ғой» дейтін. Ол кезде «Ал енді тақырыбы бүйірінде, артында немесе төменде емес, үстінде тұруы тиіс деген заңды көрсетіңдерші» деп шыға келеміз.

Тағы үш-төрт тираждан кейін «Колесоны» жабады. Бірден «Город.Утро» шыға келеді. Әлгі газеттің үш саны шыққаннан кейін билік оның қожайынын тауып алды. Ол «жігіттер, бұл - менің бизнесім, олар мені өлтіреді, газетті жабыңдар, ақшаларыңды қайтарып беремін» деп жылап бізге келеді. Жарайды деп, «Город.Утроны» алып тастап, «Иртышты» шығарамыз. Амал-айлаға баспасақ жауып тастайтынын өмір үйретті.

Петр Троценко: - Бірақ кейін бәрібір газеттер бітетін кез келді.

Сергей Дуванов: - Ал ол кезде Қажыгелдинді мүлде шеттетіп, ол елден кетіп қалған кез болатын. Қиындықтар басталып, енді саяси қысым күшейді.

БӘРІ БІР ТОРДА

Вячеслав Половинко: - 2000-жылдары журналистика біткенін сездіңіз бе?

Сергей Дуванов: - Кәсіби сұйылу процесі басталды. Нағыз кәсіпқой журналистер азайды. Туник немесе Бациев сияқты кәсіпқойлар ешқайда кеткен жоқ. Олардың кәсіби деңгейі сол қалпында, бірақ торға түскен жолбарыс енді жолбарыс болудан қалады. Ол тар торда секіре алмайды. Бәріне тыйым салынған ортаға түскендей сезім болды. «Тотемде» Розлана Таукинаның «Информбюросында» жұмыс істеген кезде екеуі мықты команда еді. Ал қазір Туник кім болып қалды? Оны кім біледі?

Вячеслав Половинко: - «Караванда» шолушы.

Журналист Сергей Дуванов. Алматы, 13 қазан 2016 жыл.
Журналист Сергей Дуванов. Алматы, 13 қазан 2016 жыл.

Сергей Дуванов: - Ол түсінікті ғой, бірақ жұрттың бәрі талқылайтындай не жазып жатыр? Өзі де елеусіз, мақалалары да солғын болып қалды. Біздің кезімізде оттай жарқылдап тұрғандардың бәрі қазір өшіп қалды.

Вячеслав Половинко: - Ал жас өскін шықты ма?

Сергей Дуванов: - Жас өскін бар, әрине. Бірақ әлгі журналистік ренессанс кезіндегі журналистер жұмыстың ыңғайын да білетін, тәжірибесі де мол болатын, ал қазіргі журналистер оның не екенін де білмей, бірден торға түсті ғой. Кейде біреулерге «шетелдегі әріптестерің қалай жұмыс істейтінін қараңдаршы» десең, «ой, сіз де салыстырады екенсіз, екеуі екі бөлек қой» дейді. Бірақ журналист Африкада да журналист болуы тиіс, бәрін адал, қызықты, аудиторияңды еліктіретіндей етіп жазу керек. Бұл - сенің мамандығың. Олар тіпті неліктен шетелдік әріптестерінен өзгеше жазатынын да түсіндіре алмайды. Ол кезде де құрсау болған. Бірақ қазір оған адамды тұншықтырып тастайтын атмосфера қосылды, сондықтан адам тіпті бұл бағытта ойлағысы да келмейді. Қорыққаннан да емес, бірдеңеге ілігіп кеткісі келмейді. Журналистер егер бұрын мықты мақалалар жұртқа жария болса, қазір олардың батылдығын қоғамның өзі мүлде өзгеше қабылдайды. Митинг туралы әдемілеп жазсаң, «араздықты қоздырушы» деп айтады. Сыншыл, батыл материалдарды осылай қабылдайтын қоғам қалыптасып, қазір сені қоғамның өзі айыптап шығуы мүмкін.

Вячеслав Половинко: - Сонда, бұл кімнің кінәсі – биліктің бе, қоғамның ба әлде журналистердің бе?

Сергей Дуванов: - Үшеуінің де кінәсі.

Петр Троценко: - Мүмкін қайта өрлеу дәуірі тым қысқа болған шығар? Жұрт кеудесін енді тіктей бастап еді, олардың бәрін құрсауға алды емес пе, сондықтан жұрт ереже бойынша емес, басқаша жұмыс істеуге болатынын түсінбей де қалды.

Сергей Дуванов: - Меніңше, бұл үшін 10 жыл жеткілікті болды. Бұл ген деңгейінде бекіп, орнығу үшін қанша уақыт керек екенін білмеймін. Бірақ мына жағдайда биліктің бәрін бір сапқа тұрғызуға тырысқан әрекеті нәтиже берді. Бәрі бір саппен жүретін болып шықты. Мен қазір «Хабарда» жұмыс істеп жүрген әрі биліктің позициясын жеткізу қызметтік борышы саналатын жандарды айтып отырған жоқпын. Олардың жөні бөлек, оларға мына режимге ақпараттық қызмет еткені үшін ақша төлейді, оларда шаруам жоқ. Мен өздерін тәуелсіз БАҚ санайтын, билікке ресми жұмыс істемейтін, оған қарсы да жұмыс істемейтін, «бұл шайқасқа қатысымыз жоқ» дейтін «жалпақшешей» журналистерді айтып отырмын.

Вячеслав Половинко: - Негізі, олар үнемі «қоғам сұранысын ескеру керек, ал қоғам криминал, өсек-аяң, тұрмыстағы дүниелерді сұрайды» деуден жаңылмайды.

Қоғамның сұранысын тек сарыжағал баспасөз ғана қамтамасыз етуі тиіс. Жақсы журналист қоғамдық сұранысты өзі қалыптастыруға тырысады.

Сергей Дуванов: - Қоғамның сұранысын тек сарыжағал баспасөз ғана қамтамасыз етуі тиіс. Жақсы журналист қоғамдық сұранысты өзі қалыптастыруға тырысады. Журналистиканың нағыз теориясы осы. Ал қоғамдық сұраныстың соңынан салпақтап жүре беру нағыз бейшаралық, ол - шалағай журналистика.

Вячеслав Половинко: - Меніңше, қазіргі журналистер бұл жайлы онша ойланбайтын сияқты.

Петр Троценко: - Ал айтсаң, бетіңе түкіріп кетеді.

Сергей Дуванов: - Мен де соны айтып отырмын, көргенсіз, білімсіз журналист қана қоғамдық пікірдің ығына жығылады, ал дені түзу журналист қоғамның да пікірін ескереді, бірақ өзінің де позициясын білдіруге тырысады. Ал халыққа ұнайтын дүниелерді ғана жазса, оның несі журналист? Журналистика күнкөріс амалы болып кетті. Бұл нашар журналистика.

Петр Троценко: - Сіз шайқаста шаруасы жоқтар туралы айттыңыз. Олардың несі кетіп барады. Әйтеуір шындықты «әдептен озбай» жеткізіп, ашығын жазуға тырысады. Оқиға қалай болғанын сипаттайды.

Сергей Дуванов: - Мәселе олардың әлгі оқиғаны қалай сипаттағанында.

Петр Троценко: - «Митинг болды, ІІМ есебінше, 10 мың адам шықты» деп жазады.

Сергей Дуванов: - Дұрыс. Бірақ біздің журналистер «ІІМ есебінше, 10 мың адам шықты, ал меніңше, 15 адам» деп ешқашан айтпайды. Әлгі жазбасынан неге журналистің тұлғалық ұстанымы байқалмайды? Өз көзқарасыңды білдір! Журналист көзқарасын білдірсе, бұл - субъективизм деп кім айтты?

Вячеслав Половинко: - Тек фактілер деген талап - Батыстың стандарты.

Сергей Дуванов: - Өздерін бейтараппыз деп көрсететін ондай адамдар елде болып жатқан жағдайға ортақтастық сезімінен, маған да қатысы бар-ау деген ойдан айырылғандар. Әлгі бейтараптық деген «маған бәрібір» дегенмен бірдей. Өздері ғана жақсы, ал қалғандардың бәрі - оппозиция жаман, билік жаман, менің ғана қолым тап-таза, өйткені не қолдамаймын, не мақтамаймын. Мен әлдебір ұстанымы бар журналисті ғана құрметтеймін. Журналисті сенуге болатын ақпарат көзі ретінде көргім келеді. Жұрт жазғанына сенетін журналистер бүкіл әлемде бар. Ал Қазақстанда мұндай жандардың саны бесеуден аспайды.

Вячеслав Половинко: - Сұхбатымыз аяқталып қалды, сондықтан осы айтқандарыңызды түйіндеп, «Қазір өзіңізді қазақстандық журналистикада артық адам ретінде сезінбейсіз бе?» деген тура сұрақ қойғым келеді.

Сергей Дуванов: - Мен өзімді журналист ретінде сезінбеймін. Журналист мен үшін құр мамандық болған кезеңнен есейіп кеттім. Бұл шамамен 2005-2006 жылдар болды. Өзімді Азамат ретінде көбірек сезінемін. Төлқұжат қана емес, жүріс-тұрыс, іс-әрекетіңмен де еліңнің азаматы болу керек. Журналист жазатын адам. Ал азамат - қанын ағызып, терін төгіп әрі қаламақысына қарайлап емес, ұстанымына қарай жазатын адам.

Петр Троценко: - Болашаққа оптимизммен қарайсыз ба? Енді жаңа ренессанс болуы мүмкін бе?

Сергей Дуванов: - Әрине, болады. Оған алғышарттар бар. Әлгі алғышарттардың негізі – адамның бойына қанмен біткен ар-намыс сезімі. Айналамыздағы әлем солай жаратылып, солай дамып келе жатқандықтан, біз одан ешқайда жалтара алмаймыз, бәрібір осы бағытта жылжимыз. Иә, қазір бәрін бір саппен жүргізіп, теледидардың алдына байлап қойды. Бірақ бұл - уақытша процесс, ал әлгі митингілерден қанша қорқып, үріксек те, жұрт бәрібір көшеге шығады. Жұрт үндемей отырмайды. Журналист болып қана қоймай, азаматтығын танытатын жандар міндетті түрде көбейеді.

Вячеслав Половинко: - Соңғы сұрақ. 1990-жылдарға қайта оралғыңыз келер ме еді?

Сергей Дуванов: Не үшін?

XS
SM
MD
LG