Accessibility links

Сарапшылардың пікірінше, патриоттар партиясының төрағасы Ғани Қасымовтың ЕАЭО нормасын іске қосуды бір жылға шегере тұру туралы ұсынысы – ел үшін тиімді болғанымен, саяси тұрғыдан іске аспайтын бастама.

«Еуразиялық интеграциядан» мүлде бас тартпағанымен, қарқынын сәл тежей тұруды кеден комитетінің бұрынғы төрағасы әрі парламенттің бұрынғы депутаты Ғани Қасымовтан басқалар да айтқан.

Ғани Қасымовтың Tengrinews агенттігіне берген сұхбаты рубль құлдырап, нарықта дүрбелең басталған тұста, Еуразия экономикалық одағының (ЕАЭО) іске қосылуына санаулы сәт – 13 күн қалған тұста Ресей президенті Владимир Путин баспасөз жиынын өткізген қарашаның 18-і күні жарияланды. Жаңа бірлестікке мүше Қазақстанда бұл қадам әрқилы бағаланады.

Елдің саяси сахнасында ірі-ірі президентшіл акцияларымен танылған Ғани Қасымовтың бастамасы астарына қатысты сарапшылар пікірі де әркелкі.

Досым Сәтпаев, саясаттанушы

Досым Сәтпаев, саясаттанушы.

Досым Сәтпаев, саясаттанушы.

– Ғани Қасымовтың қазір жариялаған ұсынысын Кеден одағы пен ЕАЭО-ның қарсыластары баяғыда ұсынған. Жыл басында ЕАЭО туралы келісім-шартқа қол қоймас бұрын «Антиеуразиялық қозғалыс» құрылған. Сол кезде кейбір сарапшылар Қазақстан үшін бұл интеграцияның тиімсіз екенін атап көрсеткен. Бірақ олардың пікірін ешкім тыңдаған жоқ, енді жыл басында айтылған ұсыныстарды жыл аяғында Ғани Қасымов қозғап отыр. Бір кездері танымал саясаткер болған адам ғой – жұрттың жадын жаңғыртып, өзін көрсеткісі келген болар. Мүмкін, сайлау науқанына дайындық қарсаңында өзін әрі саяси партиясын жұрттың есіне салып қойғысы келген шығар. Мұнысы жарнамаға ұқсайды.

Бір жағынан, қазір Ғани Қасымов ұлттық кәсіпкерлер палатасында жұмыс істейді, ал бұл палата соңғы кезде белсенділік танытып жүр. Жуырда палата Ресейде көп айтылып жүрген бірыңғай валюта енгізуге негіз жоқ деген мәлімдеме жасаған. Отандық бизнестің Кеден одағы аясында тап болып жатқан проблемалары жайлы мәлімдемелер де жасаған.

Экономикалық тұрғыдан алғанда, Қазақстанның Кеден одағы мен ЕАЭО-ға мүшелік етуі Қазақстанға әзірге ешқандай жақсылық әкелген жоқ, ал геосаяси тұрғыдан алғанда, Ресей іліккен конфронтациядан бізге жанамалап болса да соққы тиіп жатыр. Бұл тұрғыдан алғанда, Астана ЕАЭО-ға мүшелік етуін әзірше тоқтата тұрғаны жөн еді.

Мұхтар Тінікеев, парламент депутаты

Дүкеннен тұрмыстық техника әкетіп бара жатқан тұрғындар. Мәскеу, 17 желтоқсан 2014 жыл.

Дүкеннен тұрмыстық техника әкетіп бара жатқан тұрғындар. Мәскеу, 17 желтоқсан 2014 жыл.

– Соңғы экономикалық және қаржы дағдарысы есіңізде ме? Испания, Грецияда не болып еді? Олар «дағдарысқа ұшырадық» деп Еуроодақты күйреткен жоқ қой. ЕАЭО елдердің экономикалық тұрғыдан өзара байланысын нығайту үшін құрылып отыр. Сондықтан, меніңше, бұлай жасауға, ештеңені тоқтата тұруға болмайды. Келісім-шартқа қол қойдық, енді ол қаңтардың 1-інен бастап күшіне енеді.

Тагир Сейсенбаев, заңгер, бұрынғы парламент депутаты

– ЕАЭО-ға қатысты келісім-шартты іске қосуды бір немесе екі жылға кейінге қалдыру заң тұрғысынан да, саяси тұрғыдан да мүмкін емес.

Ғани Қасымовтың ұсынысының жаны бар. Өйткені қазір Ресейде болып жатқан әрі біртіндеп тереңдеп бара жатқан былықтың бәрі, саясат мен экономикасындағы бүкіл жағымсыз жайттардың зардабы біздің экономикамызға да тиеді. Ал саясат тұрғысынан алсақ, бұл жағынан Қазақстан мен Ресей баяғыдан бірге.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG