Accessibility links

Әке мен бала - мәслихаттардағы жаңа тренд


Қазақстан парламенті мәжілісінің бұрынғы төрағасы Қабибулла Жақыповтың ұлы, Батыс Қазақстан облыстық мәслихаты депутаттығына кандидат Жасұлан Жақыпвотың сайлауалды үгіт плакаты. Орал, 7 наурыз 2016 жыл.

Қазақстан парламенті мәжілісінің бұрынғы төрағасы Қабибулла Жақыповтың ұлы, Батыс Қазақстан облыстық мәслихаты депутаттығына кандидат Жасұлан Жақыпвотың сайлауалды үгіт плакаты. Орал, 7 наурыз 2016 жыл.

Парламент мәжілісі мен Батыс Қазақстан облыстық және Орал қалалық мәслихат депутаттығына тіркелген кандидаттар тізімінде мәжіліс, мәслихаттардың қазіргі және бұрынғы депутаттары көп. Бұл тізімде кейбірінің балалары да бар.

ӘКЕЛЕР ІЗІМЕН

Жасұлан Жақыпов – Батыс Қазақстан облыстық (БҚО) мәслихат депутаттығына тіркелген ең танымал кандидаттардың бірі. Ол – Қазақстан парламенті мәжілісі төрағасы Қабибулла Жақыповтың баласы. Бұған дейін облыс мәслихаты депутаттығына «Нұр Отаннан» сайланған ол тағы да билік партиясынан сайлауға түсіп жатыр. 41 жастағы Жасұлан Жақыпов үш баланың әкесі әрі кейінгі бес жыл бойы «Батыс Пауэр» компаниясын басқарады. 2015 жылдың аяғында бұл фирма облыста қуаты 100 мегаватт болатын газ-турбиналық электр станциясын салған. Былтыр Жасұлан Жақыповқа «Қазақстанның құрметті энергетигі» атағы берілген.

Мәжіліс спикері Қабибулла Жақыповтың баласы 1999 жылы Ұлыбритания коллеждерінің бірін энергетик мамандығы бойынша бітірген. Коллежден кейін бірер жыл әлемдегі ең ірі кеніштердің бірі – Батыс Қазақстан облысындағы Қарашығанақ мұнай-газ конденсаты кенішінде көмірсутегін өндірумен айналысатын Karachaganak Petroleum Operating халықаралық консорциумының Лондон бөлімшесінде жұмыс істеген.

Жасұлан Жақыпов түсіп жатқан сайлау округы бойынша онымен бәсекелес болып отырған екі адам – депутаттыққа кандидат ретінде өзін-өзі ұсынғандар. Олардың бірі – жергілікті жеке меншік университеттегі аударма бюросының басшысы Тілекқабыл Есполов, екіншісі – тамақ өнімдерін шығарумен айналысатын жеке меншік компания экспедиторы Әсет Тілепбергенов.

Орал қалалық мәслихаты депутаттығына Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының бұрынғы және қазіргі кейбір депутаттарының балалары да таласпақ. Мысалы, облыстық мәслихат депутаты, көп жыл Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін басқарған, ал қазір осы жоғары оқу орнында тарих кафедрасының меңгерушісі болып жұмыс істейтін Тұяқбай Рысбековтің қызы Ләззат Рысбекова. 39 жастағы Ләззат Рысбекова – Орал гуманитарлық колледжінің қаржы директоры.

«Альтаир» компаниясының басшысы, қалалық мәслихаттың қазіргі депутаты және Орал қаласына белгілі құрылысшы әрі облыстық мәслихаттың бірнеше шақырылымының депутаты болған Александр Потиченконың баласы 46 жастағы Сергей Потиченко облыстық мәслихат сайлауына түсіп жатыр.

Оралдық азаматтық белсенді Асқар Шайғұмаров.

Оралдық азаматтық белсенді Асқар Шайғұмаров.

Оралда қалалық мәслихат сайлауына түсуден шет қалған адамдар да бар. Азаматтық белсенді Асқар Шайғұмаров кандидаттық жарнаны төлеуге 104 мың теңге таба алмағанын айтады.

– Бізде Конституция бойынша әр адам депутаттыққа ұсынылуға құқылы. Депутаттардың балалары сайлауға түсіп, депутат болғанына өз басым қарсы емеспін, бірақ бұл жерде мәселе билік кандидаттардың бәріне тең жағдай жасай ма деген сұраққа тіреледі. Меніңше, бұл адамдардың депутаттыққа қайталап бара беруінің негізгі сыры мынада: олар билікке өз бизнесін сақтап қалу үшін ұмтылады. Билікте болмасаң, бизнесіңді сақтау қалуға кепілдік жоқ. Ең күйініштісі, мұндай сайлауларда сайлаушылардың мүддесі ескерілмейді, - дейді ол.

Жергілікті белсенді әрі «Конституционализм мен демократияны дамыту институты» қоғамдық қорының директоры Мереке Ғабдуалиев Қазақстанда жергілікті мәслихаттарға белгілі бір адамдардың сайлана беруі жаппай құбылысқа айналған деп санайды. Мереке Ғабдуалиев непотизмнің жаңа құбылысы енді жергілікті өкілді органдар деңгейінде пайда болғанын көрсетіп, бұл проблеманы елде қалыптасқан саяси жүйенің өзімен тікелей байланыстырады.

– «Әке мен бала» тренді – жоғарыда талайдан бері басталған тенденция. Жоғары жақта бұл тренд елді билік сабақтастығына ауыртпалықсыз дайындау қажеттігінен туғанын түсінген жөн. Ол жақтың әзірше бұдан өзге варианты жоқ, сондықтан саяси және конституциялық қатерлер тұрғысынан алғанда, мұндай трендтің әлдебір қисыны бар. Бірақ өкінішке қарай, «Әке мен бала» сабақтастығын жергілікті деңгейде тура, қарабайыр мағынада түсінеді. Жергілікті биліктің мұндай әрекеттері қарапайым халық арасында наразылықты қоздыруға қосымша себеп болады, ал кейбір кездері республикалық деңгейдегі билік иелерінің жақын туыстары мемлекеттік билік органдарының негізгі позицияларын иемденіп алғанына халықты көндіктіруге тырысқан билікшіл ақпарат құралдарының еңбегін еш етеді, - дейді Мереке Ғабдуалиев.

ЖАҢА МӘСЛИХАТҚА ҰМТЫЛҒАН ЕСКІ ҚҰРАМ

Бақылаушылар назар аударатын тағы бір құбылыс – облыстық мәслихаттың қазіргі 30 депутатының үштен бірінен астамы облыстық мәслихат сайлауына қайта түспек. Олардың көбі ірі компаниялар мен шаруа қожалықтарын басқарады. Мысалы, биыл сайланатын облыстық мәслихат депутаттығына кандидат ретінде тіркелген Амангелді Таспихов – облыстық мәслихаттың қазіргі депутаты, бұрынғы парламент сенаты мүшесі және үшінші шақырылған парламент мәжілісі депутаты, қазір «Орал Ойл энд Газ» компаниясын басқарады.

Облыстық мәслихат депутаттығынан үміткерлер тізімінде қалалық мәслихаттың келесі депутаттары да бар: Мұрат Жақыбаев – «Белес-агро» компаниясының басшысы, Аветик Амирханян – «Айдана» компаниясының басшысы, Аркадий Рубцов – «Стекло-Сервис» компаниясының басшысы, Дина Галиметденова – «Конденсат» компаниясы директорлар кеңесі аппаратының жетекшісі, Ляна Тұрсынова – «Отау-Алан» компаниясының директоры, Қайдар Қощанов – «Болашақ» компаниясының басшысы.

Қазақстан парламенті мәжілісі депутаттығына кандидат, мәжілістің бұрынғы төрағасы Қабибулла Жақыпов (оң жақтан екінші) Батыс Қазақстан облыстық мәслихаты хатшысы Мәлік Құлшармен (оң жақтан бірінші) бірге облыс әкімінің тұрғындарға есеп беру жиынында отыр. Орал, 24 ақпан 2016 жыл.

Қазақстан парламенті мәжілісі депутаттығына кандидат, мәжілістің бұрынғы төрағасы Қабибулла Жақыпов (оң жақтан екінші) Батыс Қазақстан облыстық мәслихаты хатшысы Мәлік Құлшармен (оң жақтан бірінші) бірге облыс әкімінің тұрғындарға есеп беру жиынында отыр. Орал, 24 ақпан 2016 жыл.

Биылға дейін Орал қалалық мәслихат депутаты болған 20 адамның алтауы осы мәслихатта келесі мерзімге қалғысы келеді. Олар – қалалық мәслихаттың қазіргі хатшысы Аққали Әубәкіров, Құрманғазы атындағы музыкалық колледж директоры Нұржан Сертеков, «Еңсепова» кәсіпорны басшысы Марат Қаженов, «Домостроитель» өндірістік кооперативінің басшысы Валерий Власов, «Аяз» компаниясының директоры Амангелді Ермекқалиев және «СКФ Отделстрой» компаниясы директоры Валентина Михно.

Мәжіліс депуттаттығына сайлауға түсетін кандидаттар тізімінде парламент мәжілісі спикері Қабибулла Жақыповтың өзі де бар. Тізімге оның екі жерлесі әрі бесінші шақырылған мәжілістің бұрынғы депутаты Шавхат Өтемісов пен төртінші шақырылған мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов та енген.

Қазақстанда парламент мәжілісі, қалалық және облыстық мәслихат депутаттарын сайлау биылғы 20 наурызға белгіленген. Бұл жолы дауыс беруге қатысатын қазақстандықтарға үш сайлау бюллетені таратылады.

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG