Accessibility links

Додадан шығып қалған Серік Сапарғали митингіге шақырды


«Қаламгер» пресс-клубына кіре алмаған Серік Сапарғали баспасөз мәслихатын сыртта өткізуге мәжбүр болды. Алматы, 3 наурыз 2011 жыл.
«Қаламгер» пресс-клубына кіре алмаған Серік Сапарғали баспасөз мәслихатын сыртта өткізуге мәжбүр болды. Алматы, 3 наурыз 2011 жыл.

Кезектен тыс президент сайлауы додасынан шығып қалған кәсіпкер Серік Сапарғали президент Назарбаевты отставка кетуге шақырып мәлімдеме жасады. Ол бұл талабы орындалмаса, бүкілқазақстандық наразылық митингісін өткізуді ұсынды.


Қазақстанда президент сайлауы додасынан шығып қалған кәсіпкер Серік Сапарғали «президент Назарбаевты отставка кету керек» деп мәлімдеме жасады. Ол өзінің бұл талабын «бүкіл халық болып қою үшін бүкілқазастандық наразылық митингісіне» шақырып отыр.

МӘЛІМДЕМЕ

Қазақстан президентінің кезектен тыс сайлауына үміткер болуға өтініш беріп, кейін бас тартқан кәсіпкер Серік Сапарғали президент Нұрсұлтан Назарбаевты өз еркімен отставкаға кетуге шақырды.

- Жетпіске дейін мемлекетті дұрыс басқара алмаған адам «жетпістен кейін жақсы басқарып кетеді» дегенге сенбеймін. Сондықтан президент Назарбаев биліктен өз еркімен кетіп, оның отбасы мүшелері мен әріптестері бар байлық көздерін түгел ашып, халыққа, мемлекетке қайтаратын болса, онда Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке басының қауіпсіздігіне кепілдік берілуі тиіс,- дейді Серік Сапарғали.

«Бұл «Сайлау» деген спектакльдің мақсаты біреу – халықтың қаржысын талан-таражға салу арқылы Назарбаевтың шексіз билігін тағы 5 жылға ұзарту» дейді Сапарғалиев.

– Назарбаевпен бірге сайлауға оған ешқашан қарсы шықпайтын үш кандидат түсіп жатыр. Бұл сайлау – нағыз фарс. Менің сайлауға түсу мақсатым – қазақ халқына бүгінгі билік режиміне балама, қалың жұртшылық көңілінен шығатын бағдарлама ұсыну еді. Бүгін билік, халықты сол мүмкіндіктен айырып, «Нұр Отанның» көшбасшысы мен «Нұр Отанның» «клондарына» дауыс беруге мәжбүрлеп отыр, – дейді Серік Сапарғали.

МИТИНГ

Серік Сапарғали бұл талаптар орындалмаған жағдайда наурыздың 13-і күні наразылық митингісін өткізуге шақырып отыр.

– Абхаз жазушысы Фазель Искандердің «билік дегеніміз – ешкім өз еркімен кеткісі келмейтін дастархан»деген сөзі бар. Сіздер араб елдерінде болып жатқан жайттарды білесіздер. Кім билікті өз еркімен бергісі келеді! Сондықтан, меніңше, егер билік халыққа қарсы қару қолданса, біз де билікке қарумен қарсылық көрсетуіміз керек, – дейді ол.

Оның сөзінше, «елді дұрыс басқара алмағаны үшін, жіберген саяси, экономикалық, идеологиялық қателіктері үшін президент халықтан кешірім сұрап, өз еркімен биліктен кетуі керек». Сайлау өткенге шейін, басқаруды әр партиядан құрылған Уақытша коалициялық үкіметке беруді талап етіп отыр.

«Егер билік өз еркімен кетпесе, Қырғызстандағыдай күш қолдану қажет демекшісіз бе?» деген сауалға:

– Мүмкін, оны жоққа шығара алмаймын. Себебі мен Нұрсұлтан Назарбаев қандай да бір демократиялық қадамға барады дегенге сенбеймін. Сондықтан оның шешіміне тек халықтың бірлігі ғана ықпал ете алады, – деп жауап берді Серік Сапарғали.

КӨШЕДЕ ӨТКЕН ЖИЫН

Алдын ала хабарланғандай, бейсенбі күні Серік Сапарғали Алматыдағы «Қаламгер» пресс-клубында журналистрге арнап баспасөз мәслихатын өткізуі тиіс еді. Алайда жиын ғимараттың ішінде емес, сыртында (яғни
Серік Сапарғалидің сенімді өкілі Төлеубек Сайтқалиұлы. Алматы, 3 наурыз 2011 жыл.
Қалдаяқов пен Гоголь көшелерінің қиылысында) өтті.

– Біз кеше, сәрсенбі күні «Қаламгерге» келіп, келісіп кеткенбіз. Менің көзімше мындағы қызметкерлер Мұқсымхан есімді бастықтарына хабарласып, келісімдерін берген. Міне, енді бүгін келсек, кіргізбей отыр, – дейді Серік Сапарғалидің сенімді өкілі Төлеубек Сайтқалиұлы.

Алайда «Қаламгердің» басшысы Мұқсымхан Құлыншақов Азаттық тілшісіне берген түсініктемесінде өзімен ешкімнің келіспегендігін айтты.

– «Жиын өткіземіз не өткізбейміз» деп маған ешкім хабарласып, айтқан жоқ, біріншіден. Олар күзетшілермен сөйлескен де кеткен. Әдетте ондай жайтты кіммен ақылдасып, келісу керек? Бүгін таңертең олар келді, бірақ кеше бір кісілер келіп, бүгін күні бойына залды жалға алып қойды. Ақшасын да төлеп қойды, – деді пресс-клуб басшысы.
XS
SM
MD
LG