Accessibility links

Кезектен тыс президент сайлауына түскісі келгендерден өтініш қабылдау аяқталды


Президент сайлауына байланысты Орталық сайлау комиссиясының ғимаратындағы ақпараттық жазулар. Астана, 20 ақпан 2011 жыл.

Президент сайлауына байланысты Орталық сайлау комиссиясының ғимаратындағы ақпараттық жазулар. Астана, 20 ақпан 2011 жыл.

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауына үміткер ретінде қатысқысы келген азаматтардың өтінішін қабылдау аяқталды. Орталық сайлау комиссиясы өтініш берген 22 азаматтың арасынан Нұрсұлтан Назарбаевты кандидат етіп тіркеп те үлгерді.


Жексенбіден дүйсенбіге қарағанда Астана уақытымен сағат түнгі 12.00-де Орталық сайлау комиссиясы президент болуға үміткер азаматтардың өтінішін қабылдауды тоқтатты.

Ең соңғы болып жеке кәсіпкер Серік Сапарғали жексенбі күні кешкі сағат тоғыздар шамасында Орталық сайлау комиссиясына құжаттарын өтінішін тіркетті.

Он бес күннің ішінде Орталық сайлау комиссиясына президент сайлауына өз кандидатураларын ұсынған 22 азаматтан өтініш түскен. Олардың ішінен Орталық сайлау комиссиясы ақпанның 18-і күні қазіргі президент Нұрсұлтан Назарбаевты кезектен тыс президент сайлауына кандидат ретінде тіркеу туралы қаулы қабылдап та қойды.


ҚАЙСАРДЫ ҚҰЛАТҚАН СЫННАН ҚАСЫМОВ ӘНДЕТІП ӨТТІ

Үміткерлердің өтінішін қабылдаудың соңғы күні, яғни ақпанның 20-сында үш кандидат Орталық сайлау комиссиясына өтініш түсірді. Олардың бірі – «Патриоттар партиясы» атынан ұсынылған осы партияның басшысы, сенат депутаты Ғани Қасымов. Екіншісі – «Желтоқсан» республикалық
Сенатор Ғани Қасымов. Алматы, 12 қазан 2010 жыл.
халықтық патриоттық қозғалысы қоғамдық бірлестігінің белсендісі Құрманғазы Рахметов. Соңғысы – 59 жастағы жеке кәсіпкер Серік Сапарғали.

Осы үш үміткердің бірі Ғани Қасымов сол күні-ақ мемлекеттік тілден емтихан тапсырды. Сенат депутаты Ғани Қасымов үш орфографиялық, бес пунктуациялық және екі синтактикалық, жалпы жиыны он қате жіберіпті. Әйткенмен, лингвистикалық комиссия Ғани Қасымовты «мемлекеттік тілді меңгерген» деген қорытынды шығарған.

Сынақ барысында үміткер Ғани Қасымов лингвистикалық комиссияға «Мен деп ойла» деген әнді шырқап берген екен.

– Ол әнді жақсы айтты, – деді лингвистикалық комиссияның төрағасы Мырзатай Жолдасбеков.


27 МЕН 70 ЖАС АРАЛЫҒЫНДАҒЫ ҮМІТКЕРЛЕР

Президент болуға үміткер 22 адамның үшеуі саяси партиялардан ұсынылса, біреуі қоғамдық бірлестіктің атынан түсті. Ал қалғандары өзін-өзі ұсыну жолымен өтініш берді.

Үміткерлердің арасында мемлекеттік тіл емтиханынан «құлап» қалғандары да бар. Әйтсе де, лингвистикалық комиссияның сынынан өтсе де өтінішін қайтып алғандар да болды. Ол – 61 жастағы Советқазы Нұрсила.

Мемлекеттік тіл сынағынан өтпей қалған кандидаттардың бірі Уәлихан
Қоғамдық белсенді Махамбет Әбжан. Астана, 1 қыркүйек 2010 жыл.
Қайсар лингвистикалық комиссияның шешімімен келіспей, Жоғарғы сотқа арызданғанымен, Жоғарғы сот оның шағымын қанағаттандырмай тастады.

Амантай қажы Асылбек Орталық сайлау комиссиясына өтініш бергеніне он күннен асса да әлі күнге дейін мемлекеттік тіл сынағына келмей жүр. Президент сайлауына түсуге 64 жастағы Зәуре Масина да өтініш берген, алайда зейнеткер ертеңінде өз өтінішін кері қайтарып алды.

Қазақстан мемлекетін басқарудан дәмелі азаматтардың арасында Астанадағы бір фирмада күзетші болып жұмыс істейтін 49 жастағы Толыбай Баймұрзин де болды. Бірақ ол да лингвистикалық комиссияның сынынан сүрінді.

Ал президент болғысы келетінін айтып Орталық сайлау комиссиясына келген 27 жастағы Астана тұрғыны Махамбет Әбжанның әрекетін ойынға балаған Орталық сайлау комиссиясы «заңға томпақ келеді» деп оның өтінішін қабылдамады. Өйткені «Сайлау туралы заң» бойынша Қазақстан президенті болуға үміткердің жасы қырыққа жеткен болуы тиіс.

Соңғы үміткер болып өтініш берген жеке кәсіпкер Серік Сапарғали «сайлау науқаны сайқымазаққа айналып бара жатыр» дейді. Ол үміткерлердің арасында жұмыссыздарды айтпағанда, қарапайым күзетші мен бақсы-балгер де жүргеніне, тіпті Орталық сайлау комиссиясының ғимаратына кірген соң етігінің сыртынан аурухана бахиласын киіп алып, онысын «ниетімнің дұрыстығын аяғымның тазалығымен көрсетемін» деп
Жеке кәсіпкер Серік Сапарғали. Астана, 20 ақпан 2011 жыл.
түсіндірген Махамбет Әбжанның әрекетіне өзінің қынжылғанын айтады. Серік Сапарғали президент болуға үміткерлікке өзінің өтініш беруіне осы әрекеттер бірден бір себеп болды деп түсіндірді.

– Осының бәрі біздің шамымызға тиіп отыр. Тәуелсіздік алғанымызға 20 жыл болды. Қазақстан қай жағынан да белгілі болды. Сайлаудың осы жағдайы тіпті біздің шамымызға тиіп отыр. Сайқымазақтан қазақтың намысын қорғайын деп сол үшін де шығып отырмын, – деді кәсіпкер Серік Сапарғали Азаттық тілшісіне.

Өзге үміткерлердің арасынан Нұрсұлтан Назарбаевтан басқа өзіне бәсекелес жоқ деп санайтын Серік Сапарғали кез-келген тақырып бойынша Назарбаевпен сөзсайысқа шығуға әзір екенін де қосып қойды.

Ал Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдешов сайлау додасына түсуге тіркелетін кандидаттардың арасында ең болмағанда бір әйелдің болғанын қалайтынын атап айтты.

– Себебі, бұрын-соңды Қазақстанда президент сайлауында тіркеуден өтіп, дауысқа түскен әйел кандидат болған емес, – дейді Орталық сайлау комиссиясының хатшысы.

Лингвистикалық комиссияның сынағынан өткен үміткерлер «Сайлау туралы заңға» сәйкес наурыздың 2-сіне дейін 91 мың адамның қолын жинап, Орталық сайлау комиссиясына өткізуі қажет. Өйткені сол күні кандидаттарды тіркеу аяқталады.


САЙЛАУ ШЫҒЫНЫ – 4,7 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕ

Сәуірдің 3-і күні өтетін Қазақстан президентінің кезектен тыс сайлауына үкіметтің қаржы қорынан 4,7 миллиард теңге бөлінетіні туралы үкіметтің тиісті қаулысы шыққанын ақпанның 21-і күні Астанада Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов мәлімдеді.

Оның айтуынша, биылғы сайлауға бөлінетін қаржы көлемі 2005 жылы өткен президент сайлауына жұмсалған қаржыдан 1,7 миллиард теңгеге көп болмақ.

2009 жылы «Сайлау туралы» заңға енгізілген толықтырулар мен өзгерістерге сәйкес, территориалдық пен учаскелік сайлау комиссияларында жұмыс істегені үшін мемлекеттік қызметшілерге ең төменгі еңбекақы мөлшерінің үш еселенген көлемінде жалақы төлеу белгіленген. Бұған қоса, мейрам және демалыс күндері жұмыс істегені үшін сайлау комиссияларының барлық мүшелеріне қосымша ақы төленетінін айтты Қуандық Тұрғанқұлов.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG