Accessibility links

Селфи, фаст-фуд және ғаламдық жылыну


Президент Нұрсұлтан Назарбаев Тараз химия-технологиялық колледжі қызметкерлерімен кездесуде. 27 наурыз 2015 жыл. Сурет akorda.kz сайтынан алынды.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев Тараз химия-технологиялық колледжі қызметкерлерімен кездесуде. 27 наурыз 2015 жыл. Сурет akorda.kz сайтынан алынды.

Ел президенттігіне кандидаттар сайлауалды науқан қамымен аймақтарды аралап жүр. Баспасөз хабарына қарағанда, үш үміткер Қазақстанның қазіргі қиындықтарынан өзге проблемаларды қозғаған. Қазіргі президент Нұрсұлтан Назарбаев 1990-жылдардың қиындығын еске алса, коммунист Тұрғын Сыздықов «іріп-шіріген» Батыстың залалды ықпалымен, ал кәсіподақтар жетекшісі Әбілғазы Құсайынов ғаламдық жылыну проблемасымен күресуге шақырған.

Бүгін сайлауалды науқаны аясында Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласында болған президент Нұрсұлтан Назарбаев жастарға елдегі реформалар, салынып жатқан стадиондар мен корттар, ағылып жатқан инвестициялар мен бөлінген білім гранттары туралы айтқан.

Жергілікті «Мой город» газеті Нұрсұлтан Назарбаевтың Орал қаласындағы жастар форумындағы «Сендерге үнемі осылай болған сияқты көрінеді. Бірақ олай емес. Совет одағы күйреген 1990 жылдардың басында үлкен қиындықтарды бастан кештік, жағдайымыз мүшкіл болды, экономикамыз тұралап қалды, дүкен сөрелерінде ештеңе болмады, жұрт жұмыссыз, жалақысыз қалды. Жұрттың бәрі Қазақстан құриды деп ойлады. Бірақ біз 20 жылда экономиканы 17 есе өсіріп, еңсемізді тіктедік» деген сөздерін келтірген.

Тікелей телеэфирге көрші Атырау, Маңғыстау облысында тұратын жастар өкілдері де қосылған. Орал қаласына сапары алдында Назарбаев Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарында болған.

Оралда Назарбаев олимпиада чемпиондары, әншілер, әлеуметтік желі жұлдыздары сияқты жастар табынатын адамдардың қоршауында болған. Ол смартфонға бірге фотоға түсуді сұраған адамдардың көңілін қалдырмай, жұртты бірден тәнті еткен. Ауыр атлетикадан екі мәрте Олимпада чемпионы Илья Ильин президентке фотосуреттің бұл түрі селфи деп аталатынын түсіндірген. БАҚ бұл суретті «топтық селфи» атап үлгерді.

Қазақстан коммунистік партиясы президенттік сайлауға ұсынған үміткер Тұрғын Сыздықов. Астана, 4 наурыз 2015 жыл.

Қазақстан коммунистік партиясы президенттік сайлауға ұсынған үміткер Тұрғын Сыздықов. Астана, 4 наурыз 2015 жыл.

Осы аптада билікшіл коммунистік халықтық партиясынан сайлауға түсетін кандидат Тұрғын Сыздықов сайлауалды бағдарламасын таныстыруды Батыстың «жасанды мәдени құндылықтарын» сынаудан бастады. Батыс кинематографын, тамақтану мәдениетін сынаған Тұрғын Сыздықов Батыс елдеріне тән дүниенің бәріне шүйлікті. Билікшіл коммунист «эгоцентристік буржуазиялық жекешілдіктің ең ұсқынсыз көрінісі» ретінде фаст-фудты қатты сынаған.

«Хабар» ұлттық телеарнасы Петропавл қаласындағы «МұнайМаш» зауытында болған Сыздықовтың «Бұдан бөлек, фаст-фудта холестерин көп. Бұл – адам денсаулығына баяғыда қауіпті деп танылған трансмайлар, қатерлі ісік түрлеріне шалдықтыратын канцерогендер. Бұлар адам ағзасын біртіндеп, тіпті гендік деңгейде тәуелді етіп, улайтын тегі беймәлім уытты әрі қауіпті заттар» деген сөзін келтіреді.

Ал наурыздың 31-і күні Қазақстанның солтүстігіндегі Қостанай қаласында болған президенттікке тағы бір кандидат – кәсіподақтар федерациясы төрағасы Әбілғазы Құсайынов ғаламдық жылыну қаупі туралы ойларымен бөліскен. Radiotochka.kz сайты қостанайлық әлеуметтің алдында сөйлеген Құсайыновтың «Экология – адам әрекетінің аса маңызды факторы. Бізді айнала қоршаған дүниенің бәрі – табиғат, біздің әлеміміз. Техникалық прогресс дәуірінде «жасыл» әлем тіпті әлсіреп барады» деген сөздерін келтірген.

Президенттікке өзін-өзі ұсынған кандидат - Қазақстан кәсіподақтары федерациясының төрағасы Әбілғазы Құсайынов.

Президенттікке өзін-өзі ұсынған кандидат - Қазақстан кәсіподақтары федерациясының төрағасы Әбілғазы Құсайынов.

Президенттікке кандидат Әбілғазы Құсайынов экология тақырыбын сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыты етіп алған. Ол Қостанайдағы сайлаушыларды жаһандық экологиялық проблемаларға көңіл бөлуге шақырған. Ал Қазақстандағы қоршаған орта проблемалары онша талқыланған жоқ.

Ал Батыс Қазақстан облысында Березовка деген ауыл бар. Жаппай улануға байланысты оның тұрғындары бір жылдан бері биліктен көшіруді сұрап келеді. Ауыл балалары талай рет талып қалған. Ата-аналар кейбір оқушылардың аяқ астынан талып құлау себебін іргедегі Қарашығанақ газ кенішінен көреді.

Березовка тұрғындары ауылды көшіруді сұрап, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың атына хат та жолдаған. Березовка ауылы бүгін президент сапармен болған Орал қаласынан 185 шақырым жерде, көлікпен екі жарым сағаттық жерде орналасқан.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG