Accessibility links

Амантай қажы президент сайлауына түспек


«Аттан, Қазақстан!» қозғалысының жетекшісі Амантай қажы Асылбек АҚШ президенттігіне кандидат Барак Обаманы қолдап ұрандап тұр. Алматы, 3 қараша 2008 жыл.

«Аттан, Қазақстан!» қозғалысының жетекшісі Амантай қажы Асылбек АҚШ президенттігіне кандидат Барак Обаманы қолдап ұрандап тұр. Алматы, 3 қараша 2008 жыл.

Бейсенбі күні Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан президентінің кезектен тыс сайлауына үміткер ретінде өзін-өзі ұсынатыны туралы Амантай қажы Асылбектің өтінішін қабылдап алды.


Ақпанның 10-ы күні Астанада Орталық сайлау комиссиясына өтініш тапсырып шыққан соң Амантай қажы БАҚ өкілдеріне енді ақпанның 12-сі күні таңғы сағат 11-де лингвистикалық комиссияға қазақ тілінен сынақ тапсыратынын жеткізді.

– Комиссия алында сөйлеуге 15 минут уақыт беріледі екен, бірақ мен 2 сағат болсын сөйлеуге дайынмын. Олар менен емтиханды бүгін алулары керек еді. Бірақ бұлар бюрократтар ғой, уақытында жинала да алмайды, – деді ол.

«Аттан, Қазақстан!» қозғалысының жетекшісі 68 жастағы Амантай қажы Асылбек 1990-жылдардың басында ядролық қару сынақтарын жүргізуге қарсы құрылған «Невада-Семей» қозғалысы белсенділерінің бірі болған.

Амантай қажы Асылбек осымен үшінші рет Қазақстан президентінің сайлауына үміткер ретінде қатысуға өтініш беріп отыр. Бұған дейін, 1998 жылғы президент сайлауы кезінде әкімшілік бұзғаны үшін сайлау комиссиясы оны тіркемей қойды. Ал 2005 жылы белгіленген мерзімде Орталық сайлау комиссиясына қажетті құжаттарды тапсырмады деген негізбен сайлауға қатыстырылмады.

Қазақстанда оппозициялық ұйымдар өткізетін әртүрлі шараларда «Мафия, коррупция жойылсын!» деп ұрандатып, оппозицияны сынайтын әдетімен танылған Амантай қажы бұл сайлау додасына да жұртқа белгілі бағдарламасымен түспек ниетте.

– Мен биліктегі жемқорлықпен күресу үшін өзімді өзім ұсынамын, – деп мәлімдеді ол бейсенбі күні Орталық сайлау комиссиясына құжат тапсыруға келгенде журналистерге.

Ақпанның 10-ы күні Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов Мұсағали Дуамбековтың кандидатурасын кезектен тыс президент сайлауына қатысу үшін Конституцияға сай келеді деп тану туралы шешімді жария етті.

– Қаулы қабылданды. Мұсағали Дуамбеков қазақ тілін еркін меңгеру бойынша Конституцияның талаптарына сәйкес келеді деп танылды, – деп мәлімдеді Қуандық Тұрғанқұлов.

Мұсағали Дуамбеков сәрсенбі күні мемлекеттік тілді еркін меңгеру бойынша емтихан тапсырғанын Азаттық хабарлаған. Одан бір күн бұрын өзін-өзін ұсынған Уәлихан Қайсар лингвистикалық комиссиядан өтпей қалған еді.

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы сәуірдің 3-іне тағайындалған. Кандидаттарды ұсыну ақпанның 20-сына дейін жалғасады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG