Accessibility links

Назарбаевқа қарсы екі кандидат шығарудың сыры


Kazakhstan -- A woman walks past a poster depicting Kazakh President Nursultan Nazarbaev in Almaty, February 16, 2015

Kazakhstan -- A woman walks past a poster depicting Kazakh President Nursultan Nazarbaev in Almaty, February 16, 2015

Кейбір сарапшылар Ақорда алдағы сайлауда Нұрсұлтан Назарбаевқа ыңғайлы етіп бәсекелес «тағайындағанын» айтады. Енді біреулер бұндай жағдай өздігінен қалыптасты деп санады.

Сәуірдің 26-сында өтетін кезектен тыс президент сайлауына түсуге әуелде отыз шақты адам ниет білдірген. Оның үшеуі ғана кандидат ретінде тіркелді – биліктегі «Нұр Отан» партиясынан 74 жастағы қазіргі президент Нұрсұлтан Назарбаев, билікшіл Қазақстан коммунистік халықтық партиясынан 67 жастағы Тұрғын Сыздықов және кәсіподақтар федерациясы жетекшісі 63 жастағы Әбілғазы Құсайынов. Айтпақшы, соңғысы – Қарағанды облысының бұрынғы әкімі әрі осы сайлаудағы қарсыласы басқаратын «Нұр Отан» президенттік партиясының облыстық филиалы жетекшісі.

ЫҢҒАЙЛЫРАҚ ПА, ӘЛДЕ АРЗАНЫРАҚ ПА?

Оппозициялық саясаткерлер мен белсенділердің ортақ пікірі «Қазақстандағы қаржы дағдарысы билікті тіпті кезектен тыс президент сайлауында да үнемдеуге мәжбүр етті» дегенге саяды. Олардың сөзінше, билік Нұрсұлтан Назарбаевқа қарсы жалғыз кандидат шығаруды «ұят» көрген, ал екіден артық кандидат шығаруды «тиімсіз» санаған.

Ал «Ар.Рух.Хақ» құқыққорғау ұйымының жетекшісі Бақытжан Төреғожина Ақорданың нағыз саяси бәсекелестікке деген көзқарасы сияқты өзге саяси себептерді атайды.

– Бұл екі кандидатты ғана таңдап алу Нұрсұлтан Назарбаевтың нағыз бәсекелестіктен әлі күнге қорқатынын білдіреді. Оның бәсекелестерін ешкім білмейді, сондықтан сайлауға барған жұрт өзі танитын Назарбаевқа дауыс беретіні белгілі, - дейді Бақытжан Төреғожина.

Құқыққорғаушы «бұл сайлау да, оған дайындық та әлдебір интригасыз, алдын ала жоспарланған сценарий бойынша өтеді» деп есептейді.

ADAM журналының бас редакторы Аян Шәріпбаевтың болжамынша, қазіргі халықаралық жағдай мен ішкі саяси жағдайды ескеріп әрі сайлаудың тыныш өтуін көздеген Ақорда президент Нұрсұлтан Назарбаевқа екі қарсылас қана «тағайындаған».

Шәріпбаевтың пікірінше, Украинадағы жағдай – Қазақстанға ықпалын тигізуі мүмкін негізгі халықаралық фактор.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) «Нұр Отан» партиясының 16-съезінде. Алматы. 11 наурыз, 2015 жыл.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) «Нұр Отан» партиясының 16-съезінде. Алматы. 11 наурыз, 2015 жыл.

– Қазір Украина мен Ресей арасындағы жағдай теңіздегі дауылға ұқсайды. Сондықтан, Қырым және өзге мәселелер бойынша Астана буырқанған теңіз үстіндегі кеме сияқты бұлталақтап, амалдап келеді. Міне, бұл жағдайда Ақорда президенттікке кандидаттардың болжамға көнбейтін қылық танытып, кеме капитаны ырқынан шығып кетуіне жол бере алмайды, - дейді Аян Шәріпбаев.

Сот шешімімен қызметі уақытша тоқтатылған оппозициялық коммунистік партия жетекшісі Төлеубек Мақыжанов «сайлау науқаны тұсындағы кез келген сұхбатым немесе мәлімдемем заңды бұзу ретінде бағаланып, партияны біржола жауып тастауға желеу болуы мүмкін» деген уәжбен Азаттықтың сұрақтарына жауап беруден бас тартты.

КҮШТЕРДІҢ ОРНАЛАСУ РЕТІ

Саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедов президенттікке үш кандидаттың қалуын «объективті заңдылық» санайды. Оның айтуынша, өзін өзі ұсынған үміткерлердің сайлау додасынан шығып қалуы орынды, бұл арада Ақорданың «сұсты саусағының» қатысы жоқ.

– Әлдебір ұйымдардың қолдауынсыз өз-өзін ұсынғандар тиісті қол жинай алмаған сияқты, - дейді саясаттанушы.

Президенттікке кандидат Тұрғын Сыздықов (оң жақта) және ҚКХП-дан сайланған парламент депутаты Владислав Косарев. Астана, 26 наурыз 2015 жыл.

Президенттікке кандидат Тұрғын Сыздықов (оң жақта) және ҚКХП-дан сайланған парламент депутаты Владислав Косарев. Астана, 26 наурыз 2015 жыл.

Заң бойынша, Қазақстан президенті сайлауына кандидат болып тіркелу үшін үміткер елдің бүкіл аймақтарынан өзін қолдайтын 93 мың адамның қолын жинауы тиіс. Ресми дерек бойынша, Нұрсұлтан Назарбаевты қолдаған 560 мың 523 қол жиналған. Тұрғын Сыздықов 98 мыңнан аса, ал Әбілғазы Құсайынов 153 мыңнан көп қол жинаған. Бірақ, кәсіподақтар федерациясы өз жетекшісі Әбілғазы Құсайыновты емес, президент Нұрсұлтан Назарбаевты қолдайтынын мәлімдеген, ал оның орынбасары Қайрат Айтуғанов – Назарбаевтың сайлауалды штабына кірген.

Назарбаевтың сайлауалды штабына Патриоттар партиясы жетекшісі әрі бұрынғы президент сайлауларына екі рет түскен Ғани Қасымов та кірген. 1999 жылы ол 4,6 пайыз, ал 2011 жылы екі пайызға жетпейтін дауыс жинаған еді. Биыл ол өз кандидатурасын ұсынудан бас тартқан, бірақ қазіргі президент Назарбаевты ерте сайлауға кандидаттыққа дәл осы Ғани Қасымов ұсынған.

Ол «Патриоттар партиясы жетекшісі неліктен билік партиясы жетекшісінің сайлауалды штабына кірді?» деген сұраққа қымсынбай жауап берді.

– Өйткені бұл – біздің партия съезінің шешімі. Кандидат ретінде партия төрағасынан өзге лайықты адам болмаған соң, съезд ешкімді ұсынбады. Ал партия төрағасы сайлауға бұрын екі рет түскен. Сондықтан өз кандидатымызды ұсынбасақ та, өзге біреуді ұсынуға немесе қолдауға моральдық құқымыз бар. Біз қазіргі мемлекет басшысын қолдаймыз. «Нұр Отан» партиясы да Патриоттар партиясы сияқты центристік партия, - деп түсіндіреді Ғани Қасымов.

Ол президент сайлауында «Нұр Отан» билік партиясының мүшесі Әбілғазы Құсайыновтың партия жетекшісі Нұрсұлтан Назарбаевқа қарсылас болуын да ерсі санамайды. Ғани Қасымовтың айтуынша, бұл жағдай да елдегі саяси күштердің нақты орналасу ретін көрсетеді екен.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG