Accessibility links

Назарбаев кезектен тыс президент сайлауын сәуірдің 3-іне тағайындады


Сайлау учаскесі. Көрнекі сурет.

Сайлау учаскесі. Көрнекі сурет.

Қазақстанда сәуірдің 3-і күні кезектен тыс президент сайлауы өтетін болды. Жұма күнгі ресми баспасөзде бұл туралы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығы жарияланды.


Енді тура екі айдан соң Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтеді. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тиісті жарлығын ақпанның 4-інде ресми басылымдарда жарияланды.

«Қазақстан Республикасы Конституциясының 41-бабының 3-1-тарма­ғы­на сәйкес қаулы етемін: Қазақстан Республикасы президентінің кезектен тыс сайлауы 2011 жылдың 3 сәуіріне тағайындалсын» делінген президент жарлығында.

Назарбаев өз жарлығымен кезектен тыс президенттік сайлауды ұйымдастыру және өткізуді Орталық сайлау комиссиясына жүктеп, үкіметке сайлауды ұйымдастыру, материалдық-техникалық және қаржылай қамтамасыз ету жөніндегі тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.

Жарлық алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізілді.

Қаңтардың 31-і күні президент Нұрсұлтан Назарбаев өз өкілетін ұзату жөніндегі референдум өткізуден бас тартып, елде кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы мәлімдеме жасады.

Оның ұсынысы бойынша мемлекет басшысына кезектен тыс президент сайлауын өткізуге құқық беретін толықтырулар мен өзгерістерді Конституцияға енгізу туралы заң жобасын Қазақстан парламенті екі күннің ішінде едел-жедел қарап, бірауыздан қабылдап президенттің өзіне қол қоюға қайтарды.

Ақпанның 3-і күні Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның кейбір конституциялық заңдарына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» заңға қол қойғаны хабарланды.

Осы құжаттың негізінде президент Назарбаев 2011 жылы сәуірдің 3-і күні Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы жарлық шығарып отыр.

Осылайша, былтырғы жылы желтоқсанның 23-і күні Қазақстанда президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілетін 2020 жылға дейін ұзарту туралы көтерілген бастама әуелгіде бүкіл ел көлемінде қызу науқанға айналып, арада қырық күн өткенде, кезектен тыс президент сайлауын тағайындауға алып келді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG