Accessibility links

«Билік сайлау өткенше бағаны шаққа ұстап отыр» дейді қазақ оппозициясы


«Көк базардағы» жеміс-жидек пен көкөніс саудасы. Алматы, 28 қараша 2010 жыл.
«Көк базардағы» жеміс-жидек пен көкөніс саудасы. Алматы, 28 қараша 2010 жыл.

Кезектен тыс президенттік сайлауға бойкот жариялау ұсынысын жасаған «Халық билігі» саяси блогы сайлаудан кейін елде тұтыну бағасы күрт қымбаттайтынын айтады. Билік өкілдері мұны «негізсіз байбалам» деп жоққа шығарады.


Оппозициялық «Халық билігі» саяси блогына кіретін ресми тіркелмеген «Алға» партиясы мен Қазақстан коммунистік партиясы ақпанның 21-і күні елде алдағы айдың басына тағайындалған кезектен тыс президент сайлауына байланысты жиын өткізді.


САЙЛАУ МЕН ҚЫМБАТШЫЛЫҚ

«Халық билігі» блогы өкілдерінің болжауынша, Қазақстанды сайлаудан кейін қымбатшылық жайлап, халықтың күнкөрісі одан әрі қиындай түспек. Олар биліктің бұл сайлауды тезірек өткізуге асығуының бір себебі де осында деп тұжырымдайды.

– Елімізде қазір (билік - ред.) бағаның шарықтауын ауыздықтауға соңғы күшін салып жатыр. Және биыл көктемде ол күші сарқылады. Сайлаудың да дәл осы кезде, яғни азаматтарға қандай да бір жалған уәделер мен жетпеген жетістіктерді айтып, алдай тұруға болатын шақта өтуі де кездейсоқтық емес. Сәуірдің аяғы мен мамырдың басында мұндай нәрсені өткізуге
Қазақстан Коммунистік партиясының бұрынғы жетекшісі Серікболсын Әбділдин. Алматы, 21 ақпан 2011 жыл.
мүмкіндік те болмайтынына сенімдімін, – деді тіркелмеген «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козлов дүйсенбі күні Алматыда өткен баспасөз жиынында.

Оппозициялық саясаткерлер қазірдің өзінде ел ішін жайлаған қымбатшылықтың өрістеуіне сыртқы факторлар емес (табиғи апаттар, құрғақшылық, т.б.), ішкі факторлар әсер етіп отырғанын алға тартады. Яғни, «биліктің жоспарсыз, жүйесіз әрекеті», «өз қалталарын қампайтуға көзсіз ұмтылуы» халықтың кедейленуіне бірден-бір себеп болып отыр дейді оппозиция өкілдері.

– Жалпы елде экономиканы басқару сауатсыз түрде жүріп жатыр. Нарықтық жүйеде екі үлкен бағыт бар: азаматтардың тауарды сатып алу мүмкіндігі мен елді сол тауармен қамтамасыз ету. Осы жағынан үкіметіміз өте нашар жұмыс істеп отыр деп айта аламын, – деді саясаткер Серікболсын Әбділдин.


ОППОЗИЦИЯ САЙЛАУҒА БОЙКОТ ЖАСАУДЫ ҰСЫНАДЫ


Кезектен тыс президенттік сайлауға өздерінің қатыспайтындарын мәлімдеген «Халық билігі» саяси блогы Қазақстанның өзге азаматтарын да бұл сайлауға бойкот жариялауға шақырды.

– Кейбір елдерде сайлауға қатысу – міндет болса, біздің елде бұл міндет
Тіркелмеген «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козлов. Алматы, 21 ақпан 2011 жыл.
емес. Яғни, әркімнің оған қатысу-қатыспауға мүмкіндігі бар. Біз азаматтарды сайлауға келмеуге белсенді түрде шақырамыз. Себебі, бұл сайлау емес. Лайықты үміткерлердің ешқайсысы да мұндай жағдайда оған қатысудан бас тартып отыр, – деді Владимир Козлов.

Қазақстанда жыл басынан бері азық-түліктің негізгі түрлері мен тауарлардың бағасы тоқтаусыз өсіп барады.

Статистика агенттігінің мәліметінше, биылғы қаңтар айында азық-түліктің бағасы 12 пайызға қымбаттаған. Әсіресе, ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасы күрт өсіп кеткен.


«БАҒАЛАР ҚАЛЫПҚА КЕЛІП ЖАТЫР»

Оппозиция өкілдері бұл қымбатшылықтың ар жағында экономиканы басқарудағы үлкен қателіктер жатыр деп санайды. Алайда билеуші партия өкілдері бұған қарсы өз уәждерін айтады.

«Нұр Отан» партиясының мүшесі, мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов көктем
Қазақстан парламентінің мүшесі Мұрат Әбенов. Алматы, 12 қараша 2010 жыл.
айларында қымбатшылық жайлайды деп қауіптенуге еш негіз жоқтығына сендіруге тырысады.

– Бұл сайлау алдында жұртты үрейлендіріп, халықтың билікке деген сенімсіздігін тудырту үшін, саяси мақсаттарда жасалып отырған нәрсе деп білем. Кез келген қымбатшылықтың экономикалық себептері болады: тауарға салынатын баж салығы немесе салық көлемі көбейген кезде, ішкі-сыртқы тауарларға шектеу қойылған кезде, т.б. Бізде бұлардың ешқайсысы да болып жатқан жоқ. Сондықтан қымбатшылық болады деп қауіптенудің қажеті жоқ. Жаңа жылдан кейін азық-түлік бағасын ретке келтіру жұмыстары қолға алынып, соның арқасында қазір бағалар қалыпқа келіп жатыр, – деді Мұрат Әбенов.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG