Accessibility links

Президент сайлауын бақылайтын қоғамдық ұйымдар коалициясы құрылды


Қазақстанда сәуірдің 3-і кезектен тыс президент сайлауы өтетіні туралы жарнама. Астана, 20 ақпан 2011 жыл.

Қазақстанда сәуірдің 3-і кезектен тыс президент сайлауы өтетіні туралы жарнама. Астана, 20 ақпан 2011 жыл.

Қазақстанда бірқатар үкіметтік емес ұйымдар кезектен тыс президент сайлауын бақылау мақсатында тағы бір коалиция құрды. Оппозициялық партиялар сырттай қолдау көрсеткендері болмаса коалицияға қосылмайтындарын айтады.


Қазақстанда бірқатар үкіметтік емес ұйымдар елде сәуірдің 3-інде өтетін кезектен тыс президент сайлауын бақылайтын коалиция құратындарын мәлімдеді. Бұл туралы олар наурыздың 5-і күні Астанада мәлімдеді.


ҚОҒАМДЫҚ БАҚЫЛАУ КОАЛИЦИЯСЫ

Бұл коалицияға «Қазақстанда парламентаризмді дамыту» қоры, «Адам құқықтары мен демократия институы», «Ұлт бірлігі» қоры, «Адам құқықтары жөніндегі миссия» тәрізді қоғамдық бірлестіктер кіреді.
Бастамашылдардың айтуынша, олар құрып отырған коалицияға Қазақстанның барлық өңірлерінен қырықтан астам үкіметтік емес ұйымдар қосылуға ниет білдірген.

– Бір жылдан астам бұрын Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдары «Бірыңғай құқыққорғау орталығын» құрған болатын. Осы орталықтың негізінде коалицияға бірігіп отырмыз. Сайлау кезінде болған қайшылықтарды тізбектеп, коалицияға қосылатын барлық ұйымдардың
Солдан оңға: Ардақ Бижігітов – «Адам құқықтары жөніндегі миссия», Болатбек Біләлов – «Адам құқықтары мен демократия институты», Зәуреш Батталова – «Қазақстанда парламентаризмді дамыту» қоры және Бауыржан Шекербекұлы – «Ұлт бірлігі» қоры. Астана, 5 наурыз 2011 жыл.
есептерін қосып қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде дайындалған қорытындыны қазақстандық және шетелдік қоғамның назарына ұсынатын боламыз, – деп мәлімдеді «Қазақстанда парламентаризмді дамыту» қоғамдық қорының президенті Зәуреш Батталова сенбі күні Астанада.

Үкіметтік емес ұйымдардың құрып отырғаны «Сайлау» қоғамдық бақылау коалициясы деп аталмақ. Олар өз өздерін қаржыландыратынын айтады. Яғни, коалицияға қосылған әрбір қоғамдық қорлар мен бірлестіктер өз қоржындарынан ортақ мақсатқа қаржы бөлмек.

Әйткенмен коалиция мүшелері сайлау кезінде тосын жағдайлар болмайтынын айтады.

– Өйткені, төрт үміткердің төртеуі де бір-біріне шынайы қарсылас емес. Назарбаевтан басқа үшеуі бұған дейін де президентті қолдап келген адамдар. Сондықтан қандай да бір қайшылықтар болады дегенге сену қиын. Дегенмен біз референдум өткізу туралы бастама көтерілгеннен бастап сайлауға дейінгі аралықта тіркелген заң бұзушылықтарды күзде болатын БҰҰ конференциясына ұсынатын боламыз, – деді Зәуреш Батталова.


ОППОЗИЦИЯЛЫҚ ПАРТИЯЛАР СЫРТТАЙ ҚОЛДАУ КӨРСЕТПЕК

Қазақстандағы кезектен тыс президент сайлауына бойкот жариялау туралы бастама көтерген оппозицялық партиялар үкіметтік емес ұйымдардың коалициясына қосыла алмайтындарын айтады. Әйтсе де олар коалиция жұмысын сырттай бақылап, қажет болған жағдайда көмек көрсетуге әзір екендерін білдірді.

– Олар сайлау мониторингісін жасаған кезде біз де оларға жәрдемдесеміз. Сайлау кезінде біз байқаған заң бұзушылықтарды оларға жеткізіп отыратын боламыз. Қолымыздан келгенше көмек көрсетеміз, – дейді тіркелмеген «Алға» партиясы Астана филиалының төрағасы Руслан Сембинов.

«Алға» партиясымен бір блокқа біріккен Қазақстан коммунистік партиясы да сайлауды сырттай бақыламақшы. Партия өкілдері өздері куә болған заң бұзушылықтарды коалицияның қорытынды құжатына қосатындарын айтып отыр.

Үкіметтік емес ұйымдарының коалициясы Қазақстан Орталық сайлау комиссиясының тіркеуінен өтіп, халықаралық бақылаушылар сияқты аккредитация алуды көздеп отыр. Содан кейін аймақтардағы сайлау учаскелерімен тығыз қарым-қатынас орнатпақшы. Олар өздеріне кез-келген сайлаушының және мекеме, ұйымдардың шағым бере алатынын айтады.

Наурыздың 3-інен бастап Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауына кандидат болып ресми тіркелген төрт үміткердің үгіт-насихат жұмыстары басталды. Бұл шаралар сәуірдің 1-іне дейін жалғасады.

Сонымен бірге Қазақстанды 20 жылдан астам уақыт үздіксіз басқарып отырған президент Нұрсұлтан Назарбаевты биліктен кетуге үндеген және оған қолдау танытқан сайттар интернетте пайда болды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG